Әлеуметтік желіге, әсіресе Инстаграм желісіне құмар жас буын әртістер көлде демалған, киноға түскен, туған ауылында аунап-қунаған қуанышты сәттерін оқырманымен үздіксіз бөлісіп отырғаны белгілі. Театр фойесіне желі парақшасында жарияланған демалыс сәтінен түсірілген суреттердің фотокөрмесі жасалып, жаз қызықтарын жария етті. Кімнің қайда болғаны, қалай демалғаны көрер көзге анық көрінеді. Маңдайын күн сүйіп, жел қақтаған, отыз күнгі демалыс ойнақы мінез сыйлап, жүзі қунақ тартқан актерлер мұндайды күтпегені анық, өздерінің театрдан тыс қарапайым өмірін бейнелеген ақ-қара түсті суреттерін көріп есі шыға қуанып, мәз болып жатты. Мысалы, белді әртістердің бірі Рахман Омар жары, театр актрисасы Ақмарал Дайрабаевамен, ұлымен бірге туған жері Алакөлде демалып қайтқан. Талантты актер Мақсат Сәбитов Қасым хан туралы туындыны түсіріп жатқан Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» фильмінің, ал жас актриса Динара Нұрболат «Қара таңба» телесериалының түсірілімінде жүрген. Көрерменнің сүйікті актрисасы Аида Жантілеуова отбасымен Түркиядан оралған беті екен. Кәдірбек Демесінов, Гүлжамал Қазақбаева, Лидия Кәденова секілді аға буын әртістер оқшауланған өмірдің тәртібін бұза алмай, немере бағып, үйде отырғандарын айтты. Бұдан кейін көрермендер залына жиналған қызметкерлерге шағын бейнефильм көрсетілді.
Қатал карантин тәртібіне бағына отырып жұмыс істеген театр екі маусым аралығында көрерменге 135 қойылым, 4 премьера ұсынған. Театр директоры Азамат Сатыбалды: «Биыл театр жаңа 75-маусымының шымылдығын ашады. Жаңа деген – жақсы сөз. Бұл алдағы маусымға жақсы көңіл күймен, жаңа идеялармен, соны шығармашылық жоспармен қадам басу деген сөз. Театр – келешек үшін жұмыс істейтін мекеме, ендеше ол үздіксіз алға қадам басуды ғана межеге алуы тиіс. Құм кешіп, қайырлап қалған кеме секілді театр бір орында тұрып қалса, ол сөзсіз регреске алып келеді. Бәсекесі мол кезеңде театрға көрерменді көбірек тарту жолын қарастыру – басшылық міндеті. Биылғы жылы театр билетінің құнын көтеруді көздеп отырмыз. Шығыны көп, көп жағдайда өзіне арқа сүйеп жұмыс істейтін театрдың заманауи маркетингі қалыптасып, өзін өзі асыраудың үлгісін қалыптастыруы керек. Ол үшін актер ойынының сапасы артып, сол бағаға сәйкес болуы тиіс.
«Театр маусымы қазан айында ашылуы керек» деген бұлжымас қағида еш жерде жазылмаған. Сондықтан жылдағы дәстүрді бұзып, қазанды күтпей-ақ қыркүйек айының алғашқы аптасында жаңа маусымның шымылдығын ашып, көрерменді жаңа премьерамен қуандырамыз. Алдағы уақытта театрды жыл он екі ай жұмыс істейтін, жұмысы жазда да тоқтамайтын театрға айналдыру жоспарда бар. Өйткені көрерменмен байланысты үзуге болмайды. Театрдан қол үзіп, көз жазып қалған көрермен тез суып қалады. Рухани дүниеден нәр алып, еліккен, қызыққан көрерменді ары қарай қызықтыра түсу – біздің міндетіміз. Сол себепті қыркүйекте бірден екі спектакль премьерасының тұсауы кесіліп, көрерменге тарту етіледі. Қазан айынан бастап М.Әуезовтің «Қарагөз», Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» және балаларға арналған тағы бір спектакль, барлығы бес қойылымды сахнаға шығару жоспарда тұр».
Нұр-Сұлтан, Түркістан қалаларына жасалатын гастрольдік сапарлардан бөлек, Азамат Сатыбалды Ғ.Мүсірепов театрының А.Чехов фестиваліне шақырту алып отырған қазақстандық ең алғашқы әрі жалғыз театр екенін қуанышпен сүйіншіледі. Халықаралық Чехов фестивалі деген не? Театр директорының тарата түсіндіргеніне қарағанда, Чехов фестивалі – ТМД аумағындағы ғана емес, дүниежүзілік деңгейдегі ең ауқымды театр бәйгесі. Халықаралық театр қауымдастықтары бір ауыздан бекіткен Чехов фестивалі – әлемдік театр бағыттарының, алуан түрлі театр дәстүрі мен түрлі театр мектептерінің бас қосып, тоқайласатын танымал шығармашылық алаңы болып саналады. Онда жыл сайын міндетті түрде айырықша театр жаңалығы танылады. Осы уақытқа дейін бұл фестивальге күллі Орта Азия кеңістігінен тек қырғыз театры ғана «Мәңгүрт» спектаклімен қатысқан. Ал талай жылдық тарихы бар, беделді фестивальдің спектакльдерін сарапқа салып, үздіктерін анықтайтын құрметті қазылар алқасына азиялық бес мемлекеттен тек Әзірбайжан Мәмбетов қана бір мәрте төрағалыққа шақырылған. Сондықтан Ғ.Мүсірепов театрының әлемдік маңызға ие фестивальге шақырту алуы театрдың ғана емес, ұлт мәдениетінің бөркін аспанға атып қуанатындай айтулы жетістігі ретінде қабылданып отыр. Қараша айының соңында дүние жүзіндегі ең мықты театрлар жүйрік спектаклін баптап әкеліп қосатын бәйгеге Қазақстанның атынан режиссер Фархад Молдағалидің «Құлагері» қосылады. «А» санаттағы халықаралық өнер бәйгесінен жүлдемен оралса, әрі қарай бұдан да жоғары еуропалық байқауларға есік ашылып, жастар театры жолдама алады. «Мүсірепов театры осы мүмкіндікті қолдан шығарып алмаудың әзірлігіне бүгіннен бастап кірісуі керек», деді қашан да шығармашылық қазанында қайнап жүретін А.Сатыбалды.
АЛМАТЫ