Қаржы • 05 Тамыз, 2021

Әмиян ақшасыз қалды

921 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір қазақстандықтардың қалтасында әмиян бар, бірақ әмиян ішінде ақша жоқ. Құнды қағаз қазір өз мекенжайын электронды әмияндарға айырбастаған. Электронды сауданың дамуы қолма-қол төлемді күрт азайтты. Бірақ бұдан ешкім де ұтылмайтыны анық.

Әмиян ақшасыз қалды

FinReview жобасының жазуынша, экономистер жақын арада жаһандық электронды коммерция нарығы айтар­лықтай өсім көрсетеді деп болжайды. Жаппай енгізіле бастаған қатаң шектеулерден қаймыққан кәсіпкерлер өз бизнесін онлайн форматқа көшіре бас­тады, жұртшылық та офлайн дүкен­дерге баруды сиретіп, қашықтан тапсырыс беруді жиілетті. Былтыр 4,3 трлн­ долларды құраған интернеттегі са­ты­лым көлемі 2023 жылға таман 6,6 трлн долларға жетпек.

Қазақстан да әлемдік коммерция­дан қалысар емес. 2020 жылы он­лайн-нарықта 1,2 трлн теңге айналымда болған. Алдағы бес жылға сәуе­гей­лік жасаған Сауда және интегра­ция министрлігі енді бірер жылдан соң нарықтағы ақша айналымы 1,9 трлн теңгеге жетеді дейді. QazTrade орта­лығы 2025 жылға қарай электронды сау­да-саттық көлемі 3,5 трлн теңгеге жуық­тайды деген болжам айтады. Бұл өз кезегінде қолма-қол ақшасыз жа­салған төлем көлемін арттырған. Был­тыр қолма-қол ақшасыз жасалған төлем 2,5 есе өсіп, 35,3 трлн теңге болса, биыл бес айдың өзінде 23,6 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар интернет және мобильді интернет арқылы жүзеге асатын онлайн-төлемдер де еселеп өскен. Мұндай төлемдер жалпы көлемнің 82,5 пайызын құрайды. Бір жылда қажет тауарын интернеттен табуға дағдыланған пайдаланушылар саны 600 мыңға артып, 3,8 млн адамға жетіпті. Әрине, оның көбі офлайн саудаласуды сағынып та жүруі мүмкін. Індеттің беті қайтса қайтадан супермаркеттер мен базарларға бара бастайды. Дегенмен онлайн тапсырыс беру адамдардың әдетіне айналып, бұл нарықтағы тың бетбұрыстың бастауына айналуы мүмкін екенін де ешкім жоққа шы­ғармайды.

Бизнесті қалай дамытуды иге­­­­ре бас­таған кәсіпорындар қа­­­зір клиенттерін өздерінен алыс­­­т­атпай ұстап отырудың да түр­­лі тәсілін меңгере бастаған. Олар­­дың желі арқылы тапсырыс бер­ген тұтынушыға түрлі же­ңіл­дік­тер ұсынуы, онлайн тапсырыс беру ар­қылы уақытыңыз бен энер­гияңызды үнем­дей алуыңыз – бұл форматқа әр кез ба­сым­дық сыйлайды. Былтырдың өзінде қыз­меткерлердің 70 пайызы қа­шықтан жұмыс істеуге көшті. 2021 жылдың ба­сында 20 пайыз қызметкер үйден жұ­мыс істеу режімінде қала берген. Жаз ортасында «Дельта» штамының пай­да болуы, қалаларға қатаң шара­лардың қайта оралуы көп адам­ды үйін­де жұ­мыс істеуге мәж­бүр ететін сы­ңайлы. Бұл да – өз кезегінде онлайн сау­да­ның бә­сін арттыратын бірегей себеп.

Мемлекет бұл саланы әрі қа­рай дамыта беруге мүдделі. Электронды ком­мерцияның енді­гі кезекте эконо­ми­каның басты драйверіне айналып үлгергендігі сөзсіз. Сондықтан Сау­да және интеграция министрлігі e-commerce-ны үш негізгі бағыт негі­зінде дамыту қажет деп санайды. Ал­ғаш­қысы – электронды сауданы және ШОБ-ты ынталандыру. Екіншісі – логистикалық сервис пен жеткізу қызметін дамыту. Үшіншісі – он­лайн-трансшекаралық сауда­ны алға жыл­жыту. Әсіресе, үшін­ші бағыт бойын­ша ведом­ство бірқатар жобаны ұсы­нып үлгерді. Мәселен, қазақ кәсіп­кер­лері енді еш кедергісіз халық­аралық Amazon, Ozon, eBay онлайн платформаларында тауар сата алады.

2020 жылдан бастап біздің өнім­дердің Alibaba платформасында да сау­далана бас­тауы – экспорттың дамуына жол ашты. Қазірдің өзінде жүз шақты компания жалпы сомасы 45 млн доллар болатын экспорттық келісім­шарттар жасаған.