Бұл құнды жәдігерді музейге ақынның баласы Мәлікзаданың үйіндегі Тұрағал әжеміз тапсырған. Нұрхан атамыз жазбашаға да, суырып салмаға да жүйрік, арқалы ақын болған. Тұғырлы талант иесі классикалық шығыс үлгілерінің желісімен бірнеше дастан жазды. Мәселен, «Мың бір түн» ертегісімен байланыстырған «Қамарлы заман», «Албан Жұпар ханым» атты шығармалары ел арасына кеңінен танылды. Сондай-ақ оның өмірдегі тарихи оқиғаларды поэзия тілімен сөйлеткен «Есім сері», «Қарға», «Амангелді» дастандарын жұртшылық әлі күнге дейін тамсанып айтады. Әсіресе, ақынның өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы алапат аштық шындығын алғашқылардың бірі болып жазған «Күләндам» дастаны – әдебиетіміздің асыл қазынасына қосылған сүбелі туынды деуге болады. Ақын осы шығармасы және Кенесары мен Наурызбайды жырлағаны үшін сол жылдары біраз қуғын көрген.
Нұрхан Ахметбеков замандастары Омар Шипин, Қашқынбай Қазұлы, Сәт Есенбаев, Құтжан Қанжығалин, Әли Досыбаев, Ахметхан Әбіқаев, Молдахмет Тырбиев, Майташ Смағұлов секілді ақындармен тізе қосып, ұлттық айтыс өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. 1943 жылы өткен республикалық айтыстың жеңімпазы болды.
Ардақты азамат ақындықпен бірге қызметті де қатар алып, 1936-1946 жылдары Торғай өңірінде ауданаралық халық театрын ұйымдастырып, ел ішіндегі өнерлі адамдарды топтастырып, бірнеше қойылымдар сахналады. Соғыс жылдарында жалынды жырларымен елдің жігерін жанып, жеңіске деген үміттерін оятты. Айтулы ақынның бүгінге дейін «Тосын толғауы», «Амангелді», «Жасауыл қырғыны», «Н.Ахметбеков» таңдамалы шығармалары секілді бірнеше кітаптары жарық көрген. Ұлт руханиятына шұрайлы шығармаларымен өлшеусіз үлес қосқан Нұрхан атамыздың қасиетті қара домбырасы – барша қазақ үшін бағалы жәдігер десек артық емес.