16 Қаңтар, 2014

Натрий гипохлориді

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырауда осындай жаңа өнім шығарыла бастады

Индер ауданының топырағы табиғи байлыққа тұнып тұр. Соның бірі – тұз. Алыстан қарағанда о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтіндей алып көлді елестетеді. Мұны аудан жұртшылығы Тұзды көл деп атайды. Осынау тұзды көлді игеру, одан сапалы тұз өнімдерін дайындауды 2003 жылдан бері «Тұз» серіктестігі іске асырып келеді.

Атырауда осындай жаңа өнім шығарыла бастады

Индер ауданының топырағы табиғи байлыққа тұнып тұр. Соның бірі – тұз. Алыстан қарағанда о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтіндей алып көлді елестетеді. Мұны аудан жұртшылығы Тұзды көл деп атайды. Осынау тұзды көлді игеру, одан сапалы тұз өнімдерін дайындауды 2003 жылдан бері «Тұз» серіктестігі іске асырып келеді.

Серіктестік директоры Әбиірбек Тоқтыбаевтың газет тілшісіне мәлім еткеніндей, Индердегі тұзды көлде барланған болжам бойынша 2 миллиард тоннадай тұз қоры бар. Әрине, тұз бірден қазылып алынып, қапшықтарға салынбайды. Тұз дайындаудың бірнеше үдерісі бар. Алдымен алып экскаваторлар көл тұзын «КамАЗ-дарға» тиейді. Ал «КамАЗ-дар» тиелген тұзды «Тұз» серіктестігінің тазалау орнына жеткізеді. Бұл жерде серіктестік жұмысшылары тонна-тонна тұзды әбден тазалаудан өткізеді.

– Қазір біздің кәсіпорында тұзды көлден өндірілген тұзды, өңдіруден өңдеуге дейінгі сатылы үдерістерді атқаруға 30-дан аса адам тартылып отыр. Бұлардың барлығы да Индер ауданының тұрғындары, жұмыстары тұрақты дей аламын. Өйткені, сапалы тұз өнімдеріне сұраныс ұдайы болып тұрады. Демек, біздің өндірістің тоқтап тұруына, не кідіріспен жұмыс жасауына еш негіз жоқ, – дейді серіктестіктің директоры Әбиірбек Тоқтыбаев.

«Тұз» серіктестігі иодталған ас және техникалық тұз дайындайды. Әсіресе, техникалық тұзға сұраныс артып келеді. Сол себептен, тұз өндіретін зауыттан айына 500 тоннаға жуық ас тұзы шығарылады. Ас тұзы 10-30 келілік қапшықтарға, сонымен бірге, 1 келілік арнайы қорапқа салынып, сатылымға шығарылуда.

Иодталған ас тұзы Қазақстанның барлық аймағына таралады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына, соның ішінде малға қажетті тұзды арнайы станокта кірпіш тастың көлеміндей етіп дайындайды. Бұл кәсіпорынның тұзын астма ауруына қарсы ем ретінде де қолдануға болады екен. Ал техникалық тұзы «Бейкер Хьюз Сервис Интернэшнл», «Халлибуртон Интернэшнл», «Теңізшевройл», «Интергазсервис», «ЭраОйл» секілді мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ірі компаниялар алады. Серіктестік директоры Ә.Тоқтыбаевтың айтуынша, зауыттың қуаты айына 50 000 тоннаға дейін техникалық тұз дайындауға да жетеді екен. Енді осы серіктестік жаңа бір өнімді шығаруға оң қадам жасады.

– Индер тұзынан, – деп жалғастырды әңгімесін серіктестік басшысы, – тек ас және техникалық тұз дайындаумен шектелгіміз келмеді. Мұндағы тұз қоры мол, әрі сапалық құрамы ерекше, тіпті, одан натрий гипохлоридін дайындауға әбден болады. Сол себептен, тұз құрамын арнаулы зертханаларда зерттедік. Бірақ біздің елімізде натрий гипохлоридін шығаруға лайықталған технологияның жоқтығынан ойға алған істі кешеуілдеттік. Әлемнің біраз елінен осындай өнім шығаруға лайықты технологиялардың мүмкіндіктеріне талдау жасап көрдік. Сөйтіп, Ресейдің технологиясын алуға берік тоқтам жасадық.

Серіктестік басшылығы жаңа технологияны іске қосу үшін екінші деңгейдегі банктерден несие алуды мақсат тұтқан екен. Әрине, әр банктің талабы әрқалай. Натрий гипохлоридін өндіру зауытын салмақ ниетті көздеген серіктестік «АзияКредитБанк» АҚ-тан 290 300 000 теңге несие алды. Сонан соң ұзындығы 54, ені 21, биіктігі 8 метр болатын жаңа зауыт құрылысын салу, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Авангард» ААҚ-пен келісімшартқа отырыпты.

– Натрий гипохлоридін шығаратын жаңа зауытты іске қостық. Жаңа зауытта жылына 30 мың тонна натрий гипохлориді сұйығын өндіреміз. Бұл өнімнің патенті тек біздің кәсіпорынның еншісінде ғана болады. Біз осы игі іске Елбасының тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отырмыз. Осы бағдарламаның жемісі ғой, банктен алған 14 пайыздық несиеміздің 50 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекет субсидиялап отыр, – дейді серіктестік директоры Ә.Тоқтыбаев.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы,

Индер ауданы.

 

Соңғы жаңалықтар