Алматыда Медеу мен Шымбұлаққа қыдыру қайтадан сәнге айнала бастады

Бұл күндері оңтүстік астананың ең көрікті мекені – Іле Алатауын бөктерлеп жатқан Медеу шатқалындағы «Медеу» мұз айдынында конькимен сырғанау, Шымбұлақ тау-шаңғы кешенінде қыдыру қайтадан бұқаралық сипат алып келеді. Демалыс күндері тау жаққа қарай ағылып бара жатқан алматылықтар мен қала қонақтарының саны арта түскені қуантады.

Егемендіктің елең-алаңында есеңгіреген ел Алматының өзінде тұрып, Алатаудың төріндегі әлемдегі ең көрікті жерге қыдыруға мұршалары да жоқ еді. Енді, міне, еңсесі тіктелген халық ауасы саф таза, қарағай, самырсын, шыршалары көк тіреген демалыс орнын қайта думанға бөлеп отыр.
Ең бастысы, соңғы жылдары Шымбұлақтағы тау шаңғысы кешеніне арнайы келетін шетелдіктердің де қарасы көбейе бастады. Алыс-жақын мемлекеттерден келген туристер қазір Медеу мен Шымбұлақта көрсетілетін қызметке мін таға алмайды.
2011 жылы VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақ тау-шаңғы кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, халықаралық стандарттар талабына сай келбетке келтіріліп, Медеу мен Шымбұлақ арасына ең заманауи аспалы жолдар тартылған еді. Осылайша, 1972 жылы қалалықтардың игілігіне берілген, Кеңес өкіметі тұсында-ақ «Рекордтар фабрикасы» атанған Мұз айдыны араға қырық жыл салып барып, құлпырып шыға келген-ді.
Қазір Медеуден Шымбұлаққа аспалы жолмен баратын адамдар панорамалық кабиналардың ішінде отырып, жылдың кез келген мезгілінде төбесін мұз басқан құзар шыңдарды, Іле Алатауының сұлулығын тамашалай алады. Көктемде төменге көз салсаң, неше түрлі шөптер мен гүлдерден көз тұнады. Ал қыста аппақ қардан тон киген бұйра-бұйра шатқалдар мен шыршалар ертегідей әлемге жетелейді. Бұл кезде қалада жаңбыр жауып, тұман басып, ел түтінге тұншығып отырғанда, Шымбұлақ жақта күн шайдай ашық болып тұрады.
Осылайша, тәуелсіздік тұсында екінші тынысы ашылған демалыс орындары алматылықтарға шын мәнінде қайта құшағын айқара ашты. Ал демалыс және мереке күндері бұл жаққа автобус түнгі 24.00-ге дейін қатынайды. Қазіргі қала жастары арасында Медеудегі «түнгі сырғанауға» бару сәнге айналып келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсіргендер Ерлан ОМАРОВ, Юрий БЕККЕР.