Экономика • 06 Тамыз, 2021

Энергоблок қалпына келтірілуде

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 стансасының қуаттылығы 500 МВт болатын №1 энергоблогы қалпына келтірілуде. Бүгінде бөлшектеу жұмыстары толық аяқталып, жаңа технологиялық жабдықтарды орнату басталды.

Энергоблок қалпына келтірілуде

«Самұрық-Энерго» АҚ таратқан ресми мәліметке сүйенсек, қайта жа­ңар­тылған энергоблок 2023 жылдың жел­тоқсанында пайдалануға беріліп, іске қосылады.

Жалпы, «Самұрық-Энерго» бұл жобаға ерекше мән беріп отыр. Себебі оны ойдағыдай жүзеге асыру компания­ның өзге де энергетикалық нысандарында жүргізіліп жатқан жұмыстар секіл­ді салада орын алып отырған электр қуа­тының тапшылығын азайтуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте соңғы төрт жылда (2017-2020 жылдар аралығында) республикада электр тұтынудың орташа өсімі 4 пайызды құрады. Жыл сайын электр қуатына деген қажеттілік шамамен 600 МВт-қа өсіп отыр.

Мамандар қолда бар қуат резерв­терінің азайып бара жатқандығын алға тартуда. Электр қуатының болжамды теңгерімі Қазақстанда 2023 жылдан бас­тап өндірістік қуат тапшылығы болатынын көрсетіп отыр. Ал реттеу қуатының тапшылығы қазірдің өзінде байқалуда.

Жүйелік оператордың ақпаратына сүйенсек, 2020-2021 жылдары күзгі-қысқы кезеңнен өту барысында Біртұтас электр энергетикалық жүйенің жұмыс қуатына қатысты нақты резерв 600 МВт-ты құрады. Саладағы сарапшылар ағымдағы қарқын сақталған жағдайда, келесі жылыту кезеңінде Біртұтас электр энергетикалық жүйенің қуат резервтері болмай қалуы мүмкін екенін, бұл электр­мен жабдықтаудағы шектеулерге әкеп соқтыратынын айтып дабыл қағуда.

Жаңа электр сүзгілерін орната отырып, №1 энергоблогты қалпына келтіру жобасы стансаның қуатын 4000 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Соның нәтижесінде, стансада ұзақ жыл­дар бойы жүргізіліп келе жатқан негіз­гі жабдықтарды жаңғырту процесі ой­дағыдай аяқталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы қуаты 500 МВт болатын №2 энергоблок желіге қосылды. Бұл Екібастұз ГРЭС-1 нысанының өндірістік көрсеткіштерін айтарлықтай арттыруға жол ашты. Бұған дейін 2012 жылдың шілдесінде қуаты 500 МВт болатын №8 энергоблок іске қосылған болатын.

«Самұрық-Энерго» АҚ электр қуатының болжамды тапшылығын азайту үшін ГРЭС-1 стансасының №1 энергоблогын қалпына келтіруден бөлек, тағы да басқа жобаларды іске асыруды жос­парлап отыр. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-2 стансасының қуаты 636 МВт болатын үшінші энергоблогын пайдалануға беру, 2028 жылдан 2035 жылға дейінгі аралықта Екібастұз ГРЭС-1 стансасының жиынтық қуатын 240 МВт-қа арттыру мақсатында 3, 4, 5, 6, 7, 8 блоктарды кезекпен қайта жаңарту міндеті тұр.

Сондай-ақ «Алматы электр станция­лары» АҚ-ға қарасты Алматы ЖЭО-3 нысанының белгіленген қуатын 450 МВт-қа дейін ұлғайтып әрі маневрлік режімді қамтамасыз ете отырып, қайта жаңарту көзделген. Бұдан бөлек, Алматы ЖЭО-1 қайта құру, қуатын 250 МВт-қа дейін арттыру және 2030 жылға дейін маневр жасау мүмкіндігін тудыру да қарастырылған.

Сонымен қатар 2026 жылы Қапшағай ГЭС-інде қуатты реттеу диапазонын 300 МВт-қа дейін ұлғайтуды қамтамасыз ететін, қуаты 40 МВт болатын Кербұлақ ГЭС-ін пайдалануға беру жоспарлануда. Шелек дәлізінде өңірдің жел және су әлеуетін игеру жобаларын дамыту көзделіп отыр.

Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 – әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын сегіз энергоблокпен жабдық­талған, белгіленген қуаты 4000 МВт-ты құ­райтын Қазақстандағы ең ірі жылу элек­тр стансасы. Станса республика бойын­ша барлық электр тұтыну көле­мінің 20-23 пайызын қамтамасыз етеді. Стансаның иесі – «Самұрық-Энерго» АҚ.