Бірыңғай медиация күні аясында өткен дөңгелек үстелдің жұмысына қоғамдық медиаторлар, Павлодар облысының мемлекеттік органдары мен кәсіподақтарының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айнұр Раисова медиаторлар жұмысының дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеудегі маңызын атап өтті. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ ҚХА құрылымдарымен жұмыс және жобаларды іске асыру басқармасының басшысы Талшын Италиева азаматтардың сотсыз келісім практикасына жиі жүгінетінін және кәсіби медиаторлардың көмегі көбірек талап етілетінін атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық медиаторлар институтын құру және дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бес жыл ішінде елімізде жиырма медиация кеңесі құрылды», деді ол.
Т.Италиева республикалық Медиация кеңесі өз қызметінің бес жылында өзара ынтымақтастық туралы жиырмадан астам меморандумға қол қойғанын айтты. Меморандумдар Жоғарғы сот және Судьялар одағымен, Ресей Федерациясының Федералдық медиация институтымен және Ұлттық медиаторлар ұйымымен, ҚР Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Республикалық адвокаттар алқасымен, Республикалық нотариалдық палатамен, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен, «Тұран-Астана»университетімен жасалған. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірде медиация кабинеттері ашылып, «Қоғамдық келісім» КММ штатына медиация мәселелері бойынша үйлестірушілер қабылданды. Бүгінгі таңда облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жанында 17 медиация кабинеті, 346 диалогтық алаң жұмыс істейді», деді Т.Италиева.
Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова өз сөзінде кәсіподақтар қызметкерлерінің барлығы өздерінің базалық біліміне қарамастан, қызмет ерекшелігіне байланысты медиаторлар болып табылатынын жеткізді.
«Біздің қызметіміздің негізгі қағидаты – жұмыскерлердің құқықтарын қорғау. Еңбек дауларын шешу үшін құқықтық қорғау және медиативтік көмек тетігі сотқа дейін де, сотта да қолданылады. Кәсіподақтардың еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысу құқығы «Кәсіптік одақтар туралы» Заңда бекітілген», деді ол.
Кәсіподақ төрағасы пандемия кезінде енгізілген шектеулердің ерекшеліктеріне байланысты кәсіподақтардың «Татуласу орталығы» жұмысын қашықтықтан жалғастырып, облыс азаматтарына жедел желі арқылы кеңес беруді ұйымдастырғанын атап өтті. Аталған желіге облыс тұрғындары құқықтық кеңес алу және татуластыру келіссөздерін жүргізу үшін жүгіне алады. Сондай-ақ татуластыру орталығының қызметін ақпараттандыру үшін жеделхат мессенджерінде арна құрылды.
Аққулы ауданы Жамбыл ауылының 74 жастағы тұрғыны Өмірзақ Исағұлов қоғамдық медиатор ретінде ауыл тұрғындары арасындағы дауларды шешу үшін ауданның ауылдық округтерін велосипедпен аралайды. Ол атап өткендей, бұған дейін ауылдық жерлерде «халық медиаторы» – жергілікті әкім мен ардагерлер кеңесі болған еді.
«Ауыл – үлкен отбасы, онда барлығы бір-бірін жақсы біледі. Дау-жанжал туындағанда даугерлер бірінші кезекте ауыл әкіміне баратын еді», дейді Ө.Исағұлов. Оның айтуынша, медиацияның келуімен азаматтар арасындағы даулар қоғамдық медиаторлардың көмегімен реттеле бастаған. Ол қоғамдық медиатор ретінде беделге ие болу үшін өзіне жүгінетін ауыл тұрғындары арасында мінсіз беделге ие болу керек деп есептейді.
Дөңгелек үстел соңында бірқатар қоғамдық медиатор мен мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарға өтеусіз құқықтық көмек көрсету және ұйымдастыру бойынша жоғары кәсібилігі мен тиімді жұмысы үшін Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында 28 медиация кабинеті жұмыс істейді. Олардың біреуі облыстық, төртеуі қалалық. Қалған жиырма үші аудан орталықтары мен ауылдық округтерде.