Аймақтар • 06 Тамыз, 2021

Мал азығы – ел ризығы

637 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аптап ыстық пен құрғақшылыққа қарамастан, қысқы мал азығын да­йындау міндеті күн тәртібінен түспеуі керек. Осы парызды жете түсінген жетісулық шаруалардың назары қазір қыр мен ойдағы шабындыққа ауған. Яғни Алматы облысында шөп жинау науқаны қызу жүріп жатыр.

Мал азығы – ел ризығы

Мәлімет бойынша, аймақтағы шөп шабу науқанына 1 670 адам жұмыл­дырып, 295 шөп ша­ба­тын бригада тартылған. Ша­руа қо­жалық­тары мен ірі серіктес­тік­тердің шабын­дық алқаптарында 1 576 шөп ша­батын машина және 1 401 пішен нығыздап жи­най­тын техника тоқтаусыз жұ­мыс істеп жатыр. Жалпы, өңірде ша­руа­­шылықтар мен жеке тұрғын­дар ша­бындыққа 15,2 мың гектар жер пайдаланса, жайылым үшін 899,9 мың гектар жер қолданады. Сон­дай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тардан 164 гектар шабындық, 59 мың гектар жайылым алқабы тағы бөлінген.

Ал Жетісу шаруалары қазірге дейін 1 810 мың тоннадан аса шөп да­йындап үлгерген екен. Бұл жос­парланған жұмыстың 64,2 пайызынан астамы толық аяқталғанын көрсетіп отыр. Оның ішінде 285,4 мың тонна пішен, 124,9 мың тонна сабан, 55,7 мың тонна мал жемі қамбаға жиналған көрінеді. Өнімділік те жаман емес. Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-25 центнерден айналса, жоңышқа мен көпжылдық шөп түрлері гектарынан 35-40 центнерден өнім беріп отыр. Сондай-ақ күзгі жиын-терін мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлін­­ген болса, оның 1,8 мың тон­насы шөп шабу науқанына жұм­сал­мақ. Мұ­нан бөлек аудан­дар был­­тырдан қалған жемшөп қо­­рын тү­ген­­деп жатыр екен. Мәселен, Ақ­с­у, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұй­ғыр аудандарында 30,2 мың тонна мал азығының қоры мұрты бұзыл­май сақ­таулы тұрған көрінеді.

Мал азығы демекші, жақында Талғар ауданында орналасқан «Байсерке-Агро» ЖШС жанынан жем дайындайтын жаңа кәсіпорын іске қосылды. Етті және сүтті ба­ғыт­­­тағы ірі қараға, құс пен ба­лыққа ар­­нал­ған 10 түрлі жем дайын­­дай­тын зауыт жылына 36,5 мың тон­на­­лық қуаттылыққа ие екен. Ал өн­ді­ріс­тің жобалық құны – 1,4 млрд тең­ге. Зауытта 15 жұмыс орны ашылды.

Айтпақшы, еліміздің батысын­дағы қуаңшылық жайлаған өңір­лер тұрғындарының ауыртпалығын жетісулық шарулар да бөлісіп отыр. Мәселен, талдықорғандық бел­гілі кәсіпкер, қоғам белсен­дісі Алмасбек Садырбаев «Маңғыс­тауға көмек» қорын ашқан болатын. Бүгінде бұл қорға 7 млн тең­ге­ден аса қаражат жинал­ған көрі­неді. Жиналған қара­жатқа 60 тонна шөп, 68 тонна бидай са­тып алынып, Маңғыстау облысын­дағы жемшөптен тарыққан ша­руашылықтарға жөнелтіліпті.

Сондай-ақ Сарқан және Ең­бек­­ші­қазақ ауданының жанашыр жас­тары жиналып, ша­бын­дық­тан өз күштерімен шөп шауып, оны Қызыл­орда мен Маң­ғыс­тау ай­ма­ғына жө­нелткен көрі­не­ді. Мысалы, сар­қандық жас­тар бірін­ші кезекте 10 тон­надан аса тай­ланған шөп жібер­се, Еңбек­ші­қазақ ауданының ерікті­лері 3 тон­на­дан астам шөп, 5 тонна жем және ақшалай көмек көрсет­кен. Жал­пы, Алматы облысының шаруалары өткен айда батыс өңірдегі бауыр­ларға 73 тоннадан аса шөп, 73 тонна жем және ақ­шалай көмек жі­беріп үлгерген. Бұл қайырым жасау үрдісі әлі де жалғаса бермек.

 

Алматы облысы