Малдың қысқы азығын дайындау науқанын бастап кеткен өңір шаруалары биыл пішен түсімінің өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда мол болатынын айтып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, биыл топырақ қабатының ылғалын, жауын-шашын түсімін ескерген өңір шаруалары 2 490 тонна шөп шабуды жоспарлап отырған көрінеді.
– Осы жылы шабындықтар мен табиғи жайылымдардан пішеннің жоспарланған түсімі гектарына жеті центнерден болады деп болжап отырмыз. Өткен жылы бұл көрсеткіш гектарына 6,9 центнерді құраған болатын. Ал егістіктерде өсірілген біржылдық шөптерден пішеннің жоспарланған түсімі гектарына 14,1 центнерді құрайды деп болжануда. Былтыр бұл көрсеткіш гектарына 16,5 центнерді құраған еді. Сонымен қатар егістікте өсірілген көпжылдық шөптерден пішеннің түсімі гектарына 21,3 центнерден болады деп отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейде қалып отыр, – дейді Е.Қуанбаев.
Биыл өңірдегі шаруашылықтардың шөп шабу науқанына деген дайындығы – 100 пайыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, облыс бойынша шөп шабу науқанына 1 700-ге жуық шаруашылық жұмылдырылды. Жалпы саны 38,5 мың ауыл шаруашылығы техникасы шөп шабуға шықса, оның 17 мыңы тракторлар, ал қалғаны – жемшөп жинайтын комбайндар, шөп шапқыштар, жүк көліктері мен басқа да техникалар.
Алайда шаруа қожалықтары басшыларының айтуынша, биыл шөп сұйық. Былтырғыдай қор жоқ көрінеді. Мәселен, көкпектілік шаруалар қырнап-тырнап қыстық азықты дайындаған. Артылса, ауыл тұрғындарымен бөліседі.
– Биыл шабындық ешкімді қуанта қойған жоқ. Өңірдегі кейбір шаруа қожалықтарымен өзара алмасу нәтижесінде ғана біз қажетті мал азығын жинап алдық. Жоңышқа пішенге шабылды, сабан орамға оралады. Себебі өзімізді ғана ойламай тұрғындарға да көмек беруіміз керек. Жемшөбі мүлдем жоқ жандарға қалай да көмек қолын созу қажет. Бірақ өкінішке қарай, жылдағыдай халыққа шөп сату биыл мүмкін емес. Кейбір жерді тұрғындар өздері шауып алады, – дейді «Қалисаттарұлы» шаруа қожалығының басшысы Самархан Жотабаев.
Бұл мәселе Көкпекті ауданында ғана емес, қар қалың түсетін барлық ауданға тән. Тұрғындардың көбі таудағы бұта-қарағанды аралап шауып жүр. Жаздың алғашқы айында жауын-шашын мөлшері аз түскендіктен болса керек, шабындық көтеріле алмады. Шөбі белуардан келетін Катонқарағай ауданы да шөптен таршылық көріп отырғаны белгілі. Демек жемшөп жеткіліксіз болса, мал бағасы да түсіп кетуі мүмкін. Бұл – мал сатып, нәпақа тауып отырған қарапайым жұрттың уайымы. Кім білсін, біздің жақта шөжені күзде санайды. Шөп науқаны әлі аяқтала қойған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы