Аймақтар • 06 Тамыз, 2021

Жағабұлақтан табылған жәдігер

856 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ обасынан біздің заманымызға дейінгі VI-V ғғ. жататын ерте темір дәуірінің құнды жәдігерлері табылды.

Жағабұлақтан табылған жәдігер

Осыдан бір ай бұрын Ә.Мар­ғұлан атындағы Архео­логия институты мамандары Мұғалжар тауының қой­науындағы Жағабұлақ өзе­нінің бойынан қазба жұ­мыс­тары кезінде тастан жа­салған құрбан шалатын орын мен алтынмен қапталған семсер тапқан еді. Ескі қорымның ете­­гіндегі тағы бір обадан қола айналар, алтын тоға мен ілмектер шықты. Со­ған қарағанда Жағабұлақ бо­йындағы түйдектелген обалар тізбегінен табылған олжалар – түрлі дәуір адамдары тұтынған дүниелер. Алтынмен қапталған қанжардың ежел­гі сармат тайпасындағы ық­палды адамның дүниесі екен­дігі анық. Соған қарағанда ежелгі Темір, Жем өзендерінің алқабы ежелгі адамдардың көш жолы болғаны даусыз. Жағабұлақ обалары алдыңғы жылы табылған сармат тайпасы көсемдерінің бірі жерленген Темір ауданы Тасқопа елді мекені жанындағы обадан қашық емес. Бүгінде әбден шө­гіп кеткен кәрі Мұғалжар тауының төңірегі есте жоқ ескі заманда алтын кеніне бай, шөбі шүйгін, сулы да нулы жер болған. Қоныс таласы үшін қырқыстар да сол заманды айналып өтпеген.

 Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бас ди­ректорының міндетін ат­қарушы Талғат Мамыров пен тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғалиев Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуінде Жем бойынан табылған жәдігерлер тура­лы құнды деректер бө­лісіп, экспедицияның жұ­мыс­тары туралы есеп берді. Кез­десу барысында Ақтөбе облы­сындағы «Қазақстанның кие­лі жерлері» жобасы аясында қолға алынған басқа да ғылыми-зерттеу жобалары тал­қыланды. Осы жоба бойын­ша өткен жылдың басында құрамына сәулетшілер, этнографтар мен археологтер, ежелгі құлпытастарды оқитын мамандар кірген экспедиция жасақталған еді. Топты тарих­шы ғалым, профессор Се­рік Әжіғалиев басқарады. Зерттеушілер былтырдан бері Қарғалы ауданындағы қола дәуірі адамдарының қоныс мекендерін, Мұғалжар ауда­­нындағы Төлеубұлақ үңгі­ріндегі ежелгі адамдардың қо­ныс­тарын тапты. Төлеубұлақ өзенінің бойындағы үңгірде жар­тасқа салынған суреттер – тас ғасырының ескерткіш петроглифтері таңбалануда. Түр­лі жануарлар, өсімдіктер дү­ниесі кескінделген тас дә­уірінің таңбаларын ғылыми айналымға енгізу жұмысы іске асырылуда. Осы жұмыстарға қоса, Исатай Тайманұлының жерленген орнын анықтау да тарихшы ғалымдардың мойнындағы жүк. Өйткені Гек­ке отрядымен соңғы шай­­қас Ақ­төбе облысының бұрын­ғы Иса­тай, қазіргі Қоб­да ауда­нының аумағындағы ша­ғын Ақ­бұлақ өзенінің бо­йында өт­кен еді.

 Өңірдегі киелі орындарды зерттеумен айналысып жүрген экспедиция мүшелерімен кез­­десуде облыс әкімі Оң­да­сын Оразалин ғылыми-зерт­теу жұмыстарының маңыз­дылығын айтып, жергілікті атқа­рушы органдардың өңір­дің тарихи-мәдени мұрасын зерт­­теуге жан-жақты қолдау көр­­сететінін атап өтті.

 

Ақтөбе облысы