Спорт • 06 Тамыз, 2021

Семей әуежайында Ольга Рыпакованы жанкүйерлері қарсы алды

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шілде айының соңында Токио Олимпиада ойындары аясында жеңіл атлетикадан жарыстар өтті. Қазақстан құрамасынан алғашқы болып үш рет секіруден жеңіл атлеттер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семей әуежайында Ольга Рыпакованы жанкүйерлері қарсы алды

Олардың арасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Финалға өту үшін 14,40 метрді еңсеру керек болды. Рыпакова 13,69 метр нәтиже көрсетіп, финалға өте алмады. Дегенмен, спортшының Олимпиададан алған әсерлері ерекше. Бүгін Олимпиада чемпионын Семейдің әуежайында туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды.

«Олимпиада мен үшін сәтті өтпесе де, алған әсерлерім ерекше. Ұйымдастыру жағы ұнады. Спортшыға жетпейтін жалғыз жәйт байқалды. Ол шынайы көрермендердің болмауы. Жапон халқына әлемдегі жағдайға қарамастан Олимпиада ойындарын лайықты өткізгені үшін рахмет. Қазақстандықтардың қолдауы әлеуметтік желілерде де, жаңалықтарда да сезілді. Барлық жерде жағымды тілектер мен оң пікірлер айтылып жатты. Олимпиада ойындары мен үшін сәтсіз болғанымен, шынайы жанкүйерлердің қолдаулары ерекше шабыттандырды. Баршаңызға дән ризамын», дейді Ольга Рыпакова.

Спортшы сондай-ақ, Олимпиаданың ашылуына қатысты түсініктеме берді. Оның қазақы киіммен ту ұстап шыққан бейнесі шетелдіктердің таңдайын қақтырған. Рыпакованың айтуынша, мұның бәрі стилисттер мен дизайнерлердің сәтті еңбегі.

«Менің бұл бейнемді көрген шетелдіктер өте ерекше әсерде болды. Әлеуметтік желілерде оң сипаттағы пікірлер көп жазылды. Менің бейнеме ұқсас кейіпкері бар компьютерлік ойындар бар екен. Сондықтан жапондықтардың, корейлердің, тіпті қытайлықтардың әрекеті осылай болған. Менің ойымша, бұл ту ұстаушылардың жарқырап шығуына үлес қосқан стилистердің, дизайнерлердің, Ұлттық Олимпиада комитетінің тікелей еңбегі. Олар бәрін жоғары деңгейде жасады», дейді Ольга.

Алдағы уақытта спортшы демалуды жоспарлап отыр.

«Мен әлі алдағы уақытқа жоспар құрған жоқпын. Менің ойымша, біраз демалып, қалпыма келуім керек», деді спортшы.

Ольга Рыпакова – қазақстандық жеңіл атлет, Лондон Олимпиадасының чемпионы (2012), Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері (2008) және Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері (2016).