Бүгін, 16 қаңтар күні Шымкенттегі «Қазығұрт» шағын ауданында автобус от құшағына оранып, нәтижесінде түк қалмай жанып кетті. Бұл туралы Ras.kz хабарлады.
«Жұмысқа асыққан жолаушыларға толы №111 бағыттағы автобус осы шағын аудандағы «Нұр» дүкеніне жетер-жетпес жанып кеткен», – делінген хабарламада.
Таңғы сағат 7-де оқыс оқиғаға тап болған қоғамдық көліктің неліктен өртке оранғаны әзірге белгісіз. Бейресми емес мәліметтерге қарағанда, өрт автобустың электр желілерінің тұйықталуынан шыққан болуы ықтимал.
Куәгерлердің айтуынша, жолаушылар арасында ешкім зардап шекпеген, өрт басталғаннан барлығы дін-аман автобустан шығып үлгерген.
Оқыс оқиғадан жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері хабарсыз болып шықты. Қазіргі таңда өрттен тек қаңқасы ғана қалған қоғамдық көлікті тәртіп сақшылары эвакуатордың көмегімен оқиға орнынан алып кетті.
Хамит Мұстафа.
Дереккөз: Ras.kz
Фото: Ras.kz.