
Ұлыбританиядағы Сток-он-Трент қаласында полиция қызметкерлері ойыншық көлікті мас күйінде айдаған тұрғынды бір жылға жүргізуші куәлігінен айырып, оған 500 фунт стерлинг көлемінде айыппұл салған. Бұл туралы Rbc.ua хабарлады.
43 жасар Рио Бирдмор баласына құрастырып берген ойыншық автокөлігімен үйіне қайтып бара жатып полиция назарына іліккен. Бұған дейін ол жергілікті кафе-барда отырып, ішімдік ішкен көрінеді. Полиция қызметкерлері Рио Бирдморды тоқтатып, арнайы прибормен тексеру жүргізген кезде, оның ішімдік ішкені анықталған.
Тәртіп бұзушы өзіне тым қатал жаза берілді деп есептейді. «Мен қайырымдылық көмек жасау мақсатында ойыншық көлікке мініп, қала көшелерімен жүріп өттім», – дейді Рио Бирдмор. Сол күні ол онкологиялық ауруларға арнап, қала тұрғындарынан 40 фунт стерлинг жинап шыққан. Адамдар оның құрастырған көлігімен суретке түсіп, қайырымдылық қорына ақша берген екен.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Rbc.ua
Фото: Rbc.ua