Елорда • 07 Тамыз, 2021

Елорданың барлық ауданында жеңілдікпен берілетін баспана салынып жатыр

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысы жайлы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорданың барлық ауданында жеңілдікпен берілетін баспана салынып жатыр

«Қала — тірі организм іспеттес, ал ол толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық саланы жетілдіру қажет. Мысалы, тұрғын үй және басқа да нысанды салу кезінде үйлерді жылумен, электрмен және басқа да коммуникациялармен қамтамасыз ету керек, ал жолдар, балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер салу үшін инженерлік желілер жүргізу қажет. Осы тұжырымдамаға сәйкес елорда аудандары орталықтандырылып дамып келеді.

Қаланы аралау кезінде әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысының барысымен таныстым. Елорданың барлық ауданында, соның ішінде елдімекендерде жеңілдікпен берілетін баспана салып жатырмыз. 

Бүгін «Отау» шағынауданына (Алматы ауданы, Метро маңайы) бардым. Онда қолжетімді жеңілдікпен берілетін тұрғын үйлерден тұратын шағынаудан болады. Бұл шағынауданда кезекте тұрғандарға (оның ішінде отбасы банкінде кезекте тұрғандар үшін) арналған әлеуметтік пәтерлердің жалпы саны 2 мыңнан асады.

Шағын ауданда балабақша, мектеп салуды, сол сияқты медициналық мекеме, демалыс орындарын, азық-түлік дүкендерін және т.б. қарастыруды тапсырдым.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй санын арттырамыз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер салынған болса, биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткіземіз, соңғы 3 жылда әлеуметтік тұрғын үй саны 5 еседен аса артты. 

Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы биыл да жалғасады. Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік», деп жазды елорда әкімі.