Әлем • 08 Тамыз, 2021

Литвада тоғызқұмалақ федерациясы құрылды

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

5 тамызда Литваның астанасында Балтық өңіріндегі алғашқы тоғызқұмалақ федерациясы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Литвада тоғызқұмалақ федерациясы құрылды

Оны тіркегендер – Литвада қазақтың ұлттық ойынын насихаттап жүрген ерлі-зайыптылар – Айдас Жандарис және Рамуте Жандариене.

Бірнеше жылдан бері Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясымен және литвалық серіктестермен ынтымақтаса отырып, аталған елде қазақтың зияткерлік ойынын таныстыру бойынша тынымсыз жұмыс жүргізіп келеді. Литвалық оқушылар мен студенттерді тоғызқұмалақ ойының қыр-сырына үйрететін бойынша шеберлік сабағы тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

2019 жылы А. Жандарис пен Р. Жандариене Қазақстан Елшілігімен және дүниежүзілік федерациямен бірлесіп алғаш рет литва тілінде ойнауға арналған әдістемелік құрал шығарып, оны «Мектеп» ірі аймақтық көрмесінде жұрт назарына ұсынды.

 

Көне ойын Литвада белсенді дамып келеді және жанкүйерлердің санасын жаулап алуда. Литвада осы күнге дейін тоғызқұмалақтан 2 жарыс өткізілді. Қызығушылық танытқандар Қазақстанда жасалған тақталарды Вильнюстің ескі қаласының дәл орталығында, Жандаристардың кітап дүкенінен сатып алады.

Федерация құрылтайшылары оның ашылуын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап, ойынды ары қарай дамытып қана қоймай, жақын арада Қазақстандағы ойын шеберлеріне елеулі бәсекелестік жасауды жоспарлап отыр.