Қазақстан • 08 Тамыз, 2021

Бесеу бекем болса

874 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биылғы 5-6 тамызда Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі АҚШ әскерінің Ауғанстаннан әкетілуіне байланысты халықаралық күн тәртібінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осылайша отыз жыл бұрын басталған «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұғымы жаңа белеске көтерілді.

Бесеу бекем болса

Тарихи тамыры тереңге ке­те­тін Түркістан топырағында бір үйдің баласындай, бір қол­дың бес саусағындай бірге ор­на­ласқан бауырлас елдер мен ха­­лықтардың ынтымақтастығы да бағ­зы заманнан бастау алады. Бірде бірігіп, кейде бөлініп әр­түрлі атаумен жап­сарлас өмір сүріп келген тағ­дырлас, тамырлас жұрттар ке­ңес­тік кезеңде бес республикаға бөлінген ай­мақ­­тағы интеграция ұғымы осы­дан тура 30 жыл бұрын, дәлі­рек айтқанда 1991 жылғы 13 жел­тоқсанда Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Тәжік­стан және Түрікменстан басшы­ла­рының Ашхабадтағы алғашқы бас­қосуында күн тәртібіне енгі­зіл­ген еді. Тіпті сол жиында ай­мақ­тың тарихи «Түркістан» атын жандандыру туралы да айтылған болатын. Алайда 1992 жылдан бастап, Тәжікстанда бұрқ ете қалған азаматтық соғыс пен Түрікменстанның «Бейтарап ел» мәртебесін алуы интег­ра­циялық үдеріске теріс әсерін тигізді. Дегенмен, Қазақ­с­тан, Қырғызстан және Өз­бекстан 1993 жылы эконо­ми­ка­лық одақ құру туралы шартқа қол қойып, 1994 жылы «біртұтас экономикалық кеңістік» жарияланды. 1995 жылы үш елдің ұйымы Орталық Азия Одағы болып аталса, 1998 жылы ұйым «Орталық Азия экономикалық одағы» болып қайта құрылды. Ақырында бұл үдеріс «Орталық Азия Ынтымақтастық Ұйы­мы» деген атқа ие болды.

Осындай ізгі ниетпен бас­талған аймақтық интеграция кей­бір елдердің ұстанымына байланысты жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қалғаны белгілі. 2007 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үдерісті жылжыту мақ­сатында аймақтағы бес елді қам­титын Орталық Азия Одағын құ­руды ұсынған. Осылайша, ай­мақ елдерінің интеграция құру­дағы бірінші кезеңі аяқталды.

Арада 10 жыл өткеннен кейін Өз­бекстандағы биліктің ауысуына байланысты жаңа мүмкіндік пайда болды. Өзбекстанның жаңа Президенті Шавкат Мир­зиеёв Орталық Азия ай­ма­ғын Ташкенттің басымдығы деп жа­риялады және 2017 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде аймақтық интеграциялық үдерісті қайта жандандыруды ұсынды. Дегенмен, бұл жолы тараптар «ақырын жүріп, анық басып», тым амбициялы «одақ», тіпті «саммит» деген сөздерді қолданбауға тырыс­­­­ты. 2018 жылы наурызда Нұр-Сұлтан қа­ла­сында өткен алғашқы басқосу жай ғана «консультативтік кез­­десу, ке­ңе­су» деп аталды. Екін­­ші басқосу 2019 жылдың қараша айында Ташкентте өтті. Бұл кездесулерде жиынды жылына бір рет өткізу туралы ше­шім қа­был­дан­ды. Осылайша, ай­мақ­тық ин­тег­ра­цияның екінші кезеңі бас­талды.

Ресми түрде «Орталық Азия Мем­ле­кет­тері басшыларының Консуль­тативтік кездесуі» деп аталатын бұл жиындар, шынын айтқанда, әлдеқайда тиімді болып шықты. Өйткені бұл жолы аймақ елдері нақты мәселелерді шешуге тырысты. Оның үстіне, аймақ елдері өздерінің мемлекеттік қа­лыптасу кезеңін аяқтаған болатын. Сондықтан екінші кезеңді тұрақты институттық тетіктерді орнатумен сипаттауға болады. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты – жалпы мәселелерді талқылау үшін әр түрлі салаларда платформалар құру. Атап айтқанда, жыл са­йын Президенттер, Премьер-Министрлер және министр­лер деңгейінде кездесулер жос­пар­лан­ған.

Орталық Азия Мемлекеттері басшы­ла­рының Консультативтік кездесуінің үшінші басқосуы бас­тапқыда 2020 жылы Қыр­ғызстанда өтеді деп жос­парланған еді. Бірақ коро­навирус пандемиясына байланысты кездесу 2021 жылға шегерілді. Ал 2020 жылдың қазан айында Түрікменстан Президенті кездесуді Түрікменстанда өткізуді ұсынды.

2021 жылы 6 тамызда Түрік­мен­станның «Аваза» ұлт­тық туристік ай­мағында өткен үшін­ші басқосуға Орталық Азия мем­лекеттері басшы­ла­рының бар­лығы қатысты. Бұл бір жағынан Ауғанстандағы жағдайдың шие­ленісуіне байланысты заман талабы болса, екінші жағынан ай­мақ елдері өздерінің бір-біріне қаншалықты тәуелді екенін се­зінді. Құрлықтың ішкі жағында, халықаралық теңіз жолдарынан алшақта орналасқан Орталық Азия елдерінің халықаралық нарыққа шығу және бәсекеге қа­білетті болулары үшін жеке-жеке ел ретінде емес, біртұтас ай­­мақ ретінде әрекет етуі керек екені анық байқалды. Сондай-ақ аймақтағы экология, су, тасымал, көші-қон сияқты мәселелерді тек бірлесе отырып қана шешуге болатыны түсінікті болды.

Осы ретте Ақорданың 1990 жылдардан бері ұстанып келе жат­қан аймақтық интег­ра­ция­ларға басымдық беру ұста­ны­мының қаншалықты дұрыс еке­ніне көз жеткізілді. Бұдан да м­а­ңыздысы, аймақ елдері өз мә­се­­лелерін үшінші жақтарды, әсі­ресе, ірі державаларды аралас­тыр­май, өздері шешуі керек екендігін түсінді. Басқаша айт­қан­да, аймақ елдері Орталық Азия­ның халықаралық саясаттың объек­тісі ретінде емес, субъектісі ре­тінде әре­кет ету ке­рек­тігін жақ­сы түсінді. Осы ретте кездесу қорытындысы бойын­ша қабылданған Бірлескен мә­лім­де­медегі: «Мемлекеттер басшы­лары өз елдерінің әлеуетін өңір­де қауіпсіз, тұрақты, кең және ашық әріптестікке арналған кеңіс­тік қ­а­лыптастыру мүддесіне пай­даланудың маңыздылығын атап өтеді. Осыған орай, Тараптар сыртқы істер министрліктері, дипломатиялық өкілдіктер, кон­сулдық мекемелер, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы тұ­рақ­ты өкіл­діктері мен басқа да халық­аралық ұйымдар желісі бойынша консультациялар өткізудің, байланыстар мен оларды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді», деген сөздер ортақ ұстанымды ай­шықтап тұр.

Бұл ретте аймақ елдері өз ара­ла­рын­дағы ынтымақтастықтың бас­қа, үшін­ші жаққа қарсы емес екендігін және көрші ел­дердің мүд­делеріне қарама-қайшы кел­­­мей­тіндігін көрсету мақ­са­тын­­да БҰҰ ұйымының шең­бе­рінде әрекет етуде. Мы­салға, Аваза басқосуына ай­мақ елдері көшбасшыларымен бірге, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, БҰҰ Ор­та­лық Азия үшін превентивті дип­ло­матия жөніндегі аймақтық орта­лығының басшысы Наталья Германның қатысуы өте ма­ңыз­ды. Бұл жағдай бір жағынан аймақтың жаһандық деңгейде ма­ңызды екенін тағы бір рет дә­лел­деп тұрса, екінші жағынан аймақ ел­дерінің БҰҰ шеңберінде іс-қи­мыл жасап жатқанын көр­се­теді. Сондай-ақ Бірлескен мәлім­де­меде БҰҰ-ға жиі сілтеме жасалуы да бекерден-бекер емес.

Басқосуда тараптар аймақ ел­дері ара­сындағы саяси, сауда-эко­номи­ка­лық және мәдени-гуманитарлық ын­ты­­мақтастықты дамытудың негізгі ас­­пектілерін қарастырды. Аймақтық тұ­рақ­­тылық мәселелері бойынша сын­дарлы пікір алмасу өтті. Олар сондай-ақ аймақ елдерінің Сыртқы істер ми­нистрлері ара­сындағы бесжақты кездесулер арқылы сырт­қы саяси ын­ты­мақ­тас­тықты кү­шейтуге келісті.

Кездесу барысында Прези­дент­тер 2019 жылдың 29 қара­ша­сында Ташкентте өткен Ор­талық Азия Мемлекеттері бас­­шы­­ларының Консультативтік кез­­­де­суінде қабылданған қарар­лардың орындалуына қатысты мәселелерді талқылады. Тараптар геосаяси тұрғыдан алғанда, ай­мақ­тың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар геоэко­­­номикалық перспективалар және ға­сырлар бойы тарихи, рухани және мәдени байланыстар бі­ріктірген елдер арасындағы өза­ра түсіністік, сенім мен өзара сыйластықтың жоғары деңгейіне тоқталды. Мұның бәрі тек аймаққа ғана емес, жалпы Еуразияға оң әсер ететіні баса айтылды.

Энергетика саласындағы әріп­тeстік үшін қолайлы жағ­дайлар жасауға, көлік-коммуникация саласындағы аймақ ел­де­рінің ын­ты­мақтастығын кеңейтуге, атап айтқанда, қазіргі жолдардың тиім­ді пайдаланылуын қам­та­масыз ету және жаңа көлік дәліздерін құруға назар аударылды. Президенттер сауда бай­ланыстарын дамыту, экспорттық және импорттық опера­цияларды ұл­ғайту жөнінде пікір алмасты. Өзара тауар айналымы мен өндірістік коо­пе­рацияны әртараптандыру тура­лы ке­лісімдерге қол жет­кізілді.

Кез­­десудің күн тәртібінің негізгі құ­­­­рамдас бөліктерінің бірі – аймақ елдерінің пандемияға қар­сы күш-жігерін шо­ғырландыру болды. Президенттер жаңа типті инфекциялардың табиғатын зерттеу, сонымен қатар жұқпалы ауру­­­­ларды емдеу мен алдын алудың жаңа әдістерін қол­да­ну саласындағы бір­лескен зерт­­теулерді ұйымдастыруға және ынталандыруға келісті. Кез­десу қо­рытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлім­демесі қабылданды. Төртінші кез­десуді Қырғызстанда өткізу ұй­ғарылды.

Жиында Президенттер тарапынан көтерілген мәселелердің ара­сында Ауғанстан да болды. Бір­лескен мә­лім­де­меде бұл мәселе: «Тараптар көрші Ауғанс­тандағы жағдайдың жуық ара­дағы рет­телуі Орта­лық Азия­да­ғы қауіп­с­іздік пен тұ­рақ­­­ты­лық­ты сақ­тау мен нығай­ту­дың маңызды фак­торларының бірі екенін растай­ды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бей­біт­шілік пен келі­сім­ге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда Тараптар барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қам­тамасыз етуге, елдің әлеу­­­­­мет­тік-экономикалық инфра­құ­­ры­лымын қалпына кел­ті­руге және оны әлемдік шар­уа­шылық байланыстарға тартуға ба­ғыт­талған күш-әре­кет­терін қол­­дай­ды» деген жолдар арқылы кө­рініс тапты.

Сондай-ақ мәлімдемеде тарап­тардың өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жүйелі түрде қарау үшін тұрақты жұмыс істейтін кон­суль­тативтік платформа ре­тінде «Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі диалог» құру мәселесін пысықтауды қолдағаны айтылады. Демек аймақтағы қауіпсіздік мәселелері Президенттердің ұдайы назарында болады.

Аймақтық интеграция тура­лы Бір­лескен мәлімдемеде Ор­талық Азия мемлекеттері бас­шы­ларының ортақ мүдделер негізінде ортақ болашаққа деген ұмтылысы айқын аңғарылады. Мемлекеттер басшыларының сырт­қы саяси ведомстволарға Орталық Азия Мемлекеттері бас­­­шыларының келесі Кон­суль­та­тивтік кездесуінде «XXI ға­сырда Орталық Азияны дамыту мақ­са­тында достық, тату көр­ші­лік және ынтымақтастық тура­лы шартқа» қол қоюды дайындауды тапсыруы аймақ елдерінің ортақ бола­шақты құру ниетін көрсетеді. Сондай-ақ мәлімдемеде айтылған «2022-2024 жылдарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы» аймақ елдерінің интеграция мә­селесі – басқосуларда ғана тал­қылайтын тақырып емес, іске асырылуы үнемі бақылауда болатын практикалық мәселе еке­нін нақтылады. Бұған қоса, Президенттердің «Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Кон­сультативтік кездесулерінің Бірыңғай рәмізін пайдалану» туралы шешім қабылдауы және ол туралы Ережені мақұлдауы аймақ елдерінің ортақ ұғымдар мен ортақ рәміздер негізінде бір­лесу мақсатын көрсетеді.

Қазақстан тұрғысынан қара­ғанда, Орталық Азия Мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінде кө­те­­рілген мәселелер және Бірлескен мәлімдемеге енген ұсыныстар Қазақ­станның отыз жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің нақты жүзеге аса бастағанын көрсетеді. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сая­­­­сатын сабақтастықпен жалғас­тырып отырғанын айтуға болады. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Орталық Азия Мем­­лекеттері басшылары Кон­суль­тативтік кездесуіне алғаш қа­тысуы болғанымен, оның дип­ломатиялық тәжірибесі мол саясаткер екендігі кездесуде ай­қын көрініп тұрды. Әсіресе, Бірлескен мәлімдемеден және аймақтағы түйткілді түйіндерді БҰҰ шеңберінде шешуге деген ұмтылыстан Президент Қ.Тоқаевтың қолтаңбасын анық аңғаруға болады.

Қазақстан Президенті кездесуде сөйлеген сөзінде «Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бер­меуіміз қажет. Бұл мәселеде «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге» тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құп­таймыз. Халықаралық аса ма­ңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлем­дік қауымдастыққа ке­лісім тап­қан ортақ тәсілімізді көр­се­­­тер едік. Халықаралық алаң­дар­­­дағы бәсекелестік ұлттық мүд­­делерімізге қайшы келе­ді», деп ауызбіршіліктің маңыздылығына тоқталды. Рас, бе­сеу­дің бірлігі бәсекелестікке емес, бере­келі бауырластыққа негізделуі тиіс. Сонда аймақтық ынтымақтастықтан барлық тарап ұтады. Қ.Тоқаев өз сөзінде келтіргендей, Дүниежүзілік банк­тің бағалауынша, Орталық Азия­дағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдердің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Ал бекем бірлікті емес, берекесіз бәсекені таң­дай­тын болса, барлық жақтың ұты­латыны бесенеден белгілі.

Осы ретте Қазақ дипло­ма­тиясының аймақтық интегра­ция үдерістерінде едәуір тә­жіри­бе жинақтағанына назар аударуы­мыз керек. Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі кеңесі, Азия кеңесі сияқты ірі бастамаларды көтеріп, оларды табысты іске асырып келе жатқан ел. Халықаралық тасымал дәліздерінде, әсіресе, Транскаспий «Тұран дәлізінде» де Қазақстанның орны ерекше екені мәлім. Бұл жерде Қазақстан бұл жобалардың барлығында құтты қарашаңырақ, алтын ар­қау ретінде әрекет етуде. Орта Азиядағы ай­мақтық интеграцияда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанмен Түркі кеңе­сін­де, ал Түрікменстанмен Каспий теңізі айналасындағы жобаларда ын­тымақтастықты дамытып жатыр. Осы шеңберде діні бір, мәдениеті ұқсас, ортақ кеңістіктегі Тәжікстанның да атал­ған жобаларға қатысуы ма­ңызды. Басқаша айтқанда, Қа­зақстан басқа бағыттардағы ин­теграциялық жоба­лар­дағы тә­жірибесін Орталық Азияда да қолданып жатыр.

Басқосуда ортақ тарих пен ортақ құндылықтарға басымдық бере отырып, ғылым мен білімге ден қойылуы, ғылым дипломатиясы мен ғылыми интеграция терминдерінің жиі қолданылуы да жаңа ынтымақтастықтың праг­­ма­тикалық сипатын айқын­дай түседі. Тоқсан ауыз сөздің то­бықтай түйіні, Орталық Азия елдері басшыларының Аваза Консультативтік кездесуі сәтті өтті деп айтуға болады. Осылайша ортақ тарихқа сү­йеніп, ортақ бо­ла­шаққа ұмтылған Орталық Азия ел­дерінің отыз жылды ойлы қо­ры­тындылап, интеграциялық үдерістің жаңа белсенді кезеңіне қа­дам басты деп түйіндеуге то­лық негіз бар.