Осынау өзекті де, өткір мәселеге қайта оралуымызға мына жағдайлар себеп болды. Бірінші – өткен жылдың соңында ғана пайдалануға беріліп, Кіші диқан ауылының тұрғындарын «дән риза» еткен орталықтандырылған су құбыры жүйесінің қыстың қара суығында қатып қалуы. Екіншісі – Ұйғыр ауданының әкімі Коюмчан Омаровтың алғашқы мақаламызда аталған кейбір кемшіліктерге байланысты редакцияға жолдаған жауап хаты. Көпшілікке түсінікті болу үшін, алдымен екінші мәселеге тоқталайық.
Осынау өзекті де, өткір мәселеге қайта оралуымызға мына жағдайлар себеп болды. Бірінші – өткен жылдың соңында ғана пайдалануға беріліп, Кіші диқан ауылының тұрғындарын «дән риза» еткен орталықтандырылған су құбыры жүйесінің қыстың қара суығында қатып қалуы. Екіншісі – Ұйғыр ауданының әкімі Коюмчан Омаровтың алғашқы мақаламызда аталған кейбір кемшіліктерге байланысты редакцияға жолдаған жауап хаты. Көпшілікке түсінікті болу үшін, алдымен екінші мәселеге тоқталайық.
Ақталу ма, мақтану ма?
Газетіміздің 2013 жылғы 19 қараша күнгі нөмірінде «Сапасыз салынған нысан ауыл тұрғындарын ауызсусыз қалдырайын деп отыр» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мақалада Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Кіші диқан ауылында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған орталықтандырылған су құбыры жүйесінің құрылысы сапасыз жүргізілгендіктен, осы елді мекен тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырғандығы нақты мәліметтер негізінде көтерілген еді. Мақалада сондай-ақ, Кіші диқан мен Үлкен диқан ауылдары арасындағы алты шақырымдай автокөлік жолының ұзақ жылдан бері жөндеу көрмегендіктен, жол ой-шұңқырға айналып, онымен әрі-бері қатынау мүмкін болмай бара жатқандығы айтылған болатын.
Мақала жарық көргеніне жиырма шақты күндей өткенде, редакцияға Ұйғыр ауданының әкімі Коюмчан Омаровтан мақалада көрсетілген мәселелерге байланысты хат келіп түсті. Компьютерге теріліп, факспен жіберілген үш беттен сәл асатын хаттағы әкімнің жауабы бізді қанағаттандырмады. Тіпті, ол мақалаға өзек болған, проблемасы жетерлік аталған ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан да «Сапасыз салынған нысан...» материалы мен аудан әкімінің хатында сөз болған мәселелерді таразыға сала отырып, жазылған жайды жалғастыруды жөн санадық.
Мақалада көбірек орын берілген Кіші диқан ауылындағы орталықтандырылған су құбыры жүйесіне қатысты Ұйғыр ауданының әкімі Коюмчан Омаров өзінің хатының екінші беттегі соңғы азат жолында: «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Ендеше, Әлисұлтан Құланбай бауырымыз ауылдың қай кездегі, болмаса қай жылғы ахуалын жазғаны бізге беймәлім. Өйткені, соңғы айларда ауылдағы 14 көше толық сумен қамтылды. Тұрғындар дән риза», – депті.
Бізді аудан әкімінің «бауырымыз ауылдың қай кездегі, қай жылғы ахуалын жазғаны бізге беймәлім» дегені қайран қалдырды. Байқауымызша, К.Омаров «Сапасыз салынған нысан...» материалын мұқият оқымаған, атүсті шолып қана шыққан сияқты. Дәлел келтірейік.
«Кіші диқан ауылына су құбырын тарту жұмыстарының екінші және үшінші кезегі 2011-2012 жылдары «Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінде әрі қарай жалғастырылды, – деп көрсетілген болатын мақалада. – Құрылысты тендерде жеңімпаз деп танылған Ибрайым Кебиров басқаратын «Сұңқар» ЖШС жүргізіпті. Құрылысқа қарастырылған қаражат көлемі аз емес, 2011 жылы 70 миллион теңге, 2012 жылы 54,6 миллион теңге бөлінген... Ал «Сұңқар» ЖШС болса, 14 шақырымдық су құбырын екі жылда әрең бітірді. Соның өзі сапасыз болып шықты. Бұған 14 көшеге төселген құбырдың тек төрт көшесінен ғана су шығуы дәлел болады».
Мақалада, сондай-ақ, Кіші диқан ауылындағы су құбыры құрылысының бірінші кезегі 2009 жылдың көктемінде басталғанын, оған бөлінген 46 миллион теңге сол жылдың соңында толық игерілгенін, ал су құбыры 2012 жылдың қарашасында толық пайдалануға беріліп, шалғайдағы ауыл тұрғындары «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламаларының игілігін көрулері тиіс екендігін, бірақ, нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмегендігін де келтірген едік.
Газет тілшісінің ауылдың «қай кездегі, қай жылғы ахуалын» жазғаны осылардан-ақ көрініп тұр емес пе? Бұл аудан әкімі Коюмчан Омаровқа «беймәлім» болғанымен, мақаланы оқыған көзі қарақты көпшілік оқырманға алақандағыдай көрініп тұрғанына сенімдіміз.
Тұрғындар қалай «дән риза» болмақ?
Енді аудан әкімінің «Соңғы айларда ауылдағы 14 көше толық сумен қамтылды. Тұрғындар дән риза» дегеніне келейік. Су құбырына қатысты айтатын болсақ, бұл елді мекен тұрғындарының Омаров өз хатында көрсеткендей, қазірге олардың «дән риза» болуына әлі ерте. Өйткені, сол кездері Кіші диқан ауылының біраз тұрғындарымен арнайы хабарласқанымызда, олар бірқатар көшелерге төселген құбырлардың әр-әр жерлерінен су шығып, көшелерге жайыла бастағанын жеткізді. Бұл құбырлардың бір-бірімен стандартқа сәйкес жалғанбағанына байланысты болса керек.
Екіншіден, Кіші диқан құмдауыт тасты жерге орналасқан. Сондықтан құбыр тартқан кезде, оның астына тиісті материалдар төсеу немесе орау ешқашан артық болмайды. Құрылысты жүргізушілер осыны ескермей, қазылған траншеяның астын тегістеп, оған құбыр төсеген де, үстін топырақпен жаба салған. Білетіндердің айтуынша, мұндай «жабайы технология» полиэтилен құбырды қысқа мерзімде істен шығарып тастауы мүмкін. Тіпті, қатал қыс қыспаққа алғанда, су құбыры қатып қалуы да ықтимал.
Әкім арнайы құрылған жұмыс комиссиясы аталған нысанды 2013 жылдың 25 қазанында қабылдап алғандығын айта келіп: «Аталмыш мақала жарық көргеннен кейін ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізілді. Тұрғындар әрқайсысының үйіне судың келіп тұрғанын жеткізді. Тіпті, 177 үй иесінің үйлерінде, көшесінде су барын растап қол қойып берген тізім де бар, – деп атап өтеді.
«Сапасыз салынған нысан...» мақаласы «Егеменде» жарияланған соң, ауыл тұрғындарымен жиын өткізілгенінен хабардармыз. Бірақ, сол жиынға отыз шақты адам ғана қатысқанын, олардың жартысына жуығы ауданнан келген басшылар мен құрылысты жүргізген мердігер фирманың өкілдері екенін жақсы білеміз. Ал аудан әкімі К.Омаровтың «177 үй иесінің үйлерінде, көшесінде су барын растап қол қойып берген тізім де бар» деуі мемлекеттік қызметшіге лайықты әрекет емес. Өйткені, Омаровтың хаты қолымызға тигеннен кейін Кіші диқан ауылының жеті тұрғынымен телефон арқылы сөйлесіп, осы мәселенің анық-қанығын білген едік. «Қол қойып бер деп үйге ешкім келген жоқ, – деді олар аты-жөндерін атамауымызды өтініп. – Әкімдіктегілер сыртымыздан қол қойып жіберген шығар?».
Бұл әбігерге салудың басы ғана болатын
Аудан әкімі: «...Мақалада ауданымыздың Кіші диқан ауылындағы ауыз су мәселесі қаузалған, – дейді. – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауыз су», «Ақ бұлақ» бағдарламалары аясында ауылда қолға алынған жұмыс барысындағы кемшіліктер сыналған. Жасыратыны жоқ, бұл ауылдағы ауыз су мәселесі ауыл тұрғындарынан бастап, аудан басшыларын да біраз әбігерге салды...».
Коюмчан Омаровтың өзі атап өткендей, бұл аудан басшыларын әбігерге салудың басы ғана болатын. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, сапасыз салынған нысан – Кіші диқандағы су құбыры қатал қыс қос өкпеден қысқанда сыр берді. Дәлірек айтқанда, ұзындығы 500 метрдей болатын су таратқыштың бір бөлігі 24-25 желтоқсанда суыққа шыдас бермей, мұз болып қатып қалды. Ауданнан шұғыл жеткен басшылар мен мамандар құбырдағы қатқан мұзды ерітуге үш-төрт күн бойы қам-қарекет жасап та көрген екен. Оларынан түк те шықпапты.
– Кішідиқандық біздер Жаңа жылды ауыз сусыз қарсы алдық. Қуанышымыз су сепкендей басылды, – деді ауыл тұрғыны Жакулин Оспанбаев осы мәселе жөнінде. – Бұл проблеманы кезінде ауыл округі әкімінің есеп беру жиынында, аудан әкімі К.Омаровтың тұрғындармен кездесуінде де мәселе етіп көтерген едік. Одан нақты нәтиже шықпады. Енді, міне, оның соңы осындай жағдайға соқтырып отыр.
«Суға кеткен тал қармайды» деген бар ғой. Аудан басшыларының құбырдағы қатқан мұзды еріту үшін жасаған іс-әрекеттері оны көріп, куә болғандардың айтуынша, соғыс туралы кинофильм түсіріліп жатқан алаңды елестетеді. Таратып айтсақ, оқиға былайша өрбиді. Құбырдың қатып, ауылдың ауызсусыз қалғанын естігеннен кейін, алдымен Кіші диқанға Ұйғыр ауданы әкімдігінің бөлім басшысы М.Хусуров жетеді. Ал ертесінде аудан әкімі К.Омаров бастаған шенеуніктер келіп, шұғыл жиналыс өткізеді. Шешім – қайткенде де құбырда қатып қалған мұзды еріту.
Сөйтіп, олар жан-жақтағы елді мекендерден әкелінген автокөліктердің ескі шиналарын ашық жатқан құбырдың үстіне тізіп, өртейді ғой кеп. Бұл «процесс» екі күн бойы күндіз-түні жүргізіледі. Ешқандай нәтиже бермейді. Қайта құбырдағы мұзды одан әрі тас қып қатырып тастайды. Мамандардың айтуына қарағанда, егер қатқан мұз құбырды жарып жібермесе, ол күн қызатын шақ жаз ортасында ғана еруі мүмкін.
Осы жерде мына бір ерсілеу жағдайды да айта кетсек дейміз. Қақаған қыста мұз ойып, тоған тазалаған «сенбілікті» көріп пе едіңіз?! Басқаларды қайдам, мұны кішідиқандықтар көрді. Ертеректе осы ауылдың басында шағын су электр стансасы болған. Ауылға жоғары кернеулі электр желісі тартылған соң, оның жұмысы тоқтатылған еді. Енді ауылдың біраз ер-азаматы «сенбілік» жасап, сол стансаның ескі бөгетін қайта қалпына келтіру арқылы қатып қалған су құбырына су жеткізу қамына кірісіп жатқан көрінеді. Бұл аудан әкімі К.Омаровтың тапсырмасы болса керек. Санитарлық-эпидемиологиялық мекеме мамандарының айтуынша, бұл өрескел қателік болып табылады. Өйткені, стандартқа сәйкес тазаланбаған суды ауызсу ретінде пайдалануға болмайды. Оның соңы ауыр зардаптарға соқтыруы әбден мүмкін.
Кіші диқан ауылындағы «қызуы» қайта-қайта көтеріліп тұрған мәселенің тағы бірі – үш қабатты орта мектептің күрделі жөндеуден қалай өткізілгендігі. Қолымыздағы мәліметтер бойынша, осы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен жалпы көлемі 182 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Аз қаржы емес. Ал жөндеу жұмыстары қалай жүргізілді?
– Пайдалануға берілгеніне 40 жылдан асқан бұл мектепке өткен 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген еді, – деді осы мектептің мұғалімі Мэлс Ахметжанов. – Алайда, жүргізілген жөндеу жұмыстары ұстаздар көңілінен шықпады. Дәліздердің, сыныптардың тақтай-едендері ауыстырылмады. Сол бұрынғы ескі күйінде қалды. Мектеп аумағындағы қоршаудың тек 40 пайызы ғана жаңаланды. Мұны мектеп директорына айтсақ, ақша жетпеді деген сылтау айтады. Сонда 182 миллион теңге қайда кетті?
Жалпы көлемі 170 миллион теңге шығындап салынған Кіші диқан ауылындағы орталықтандырылған су құбырының жағдайы анау, 182 миллион теңге жұмсап, күрделі жөндеуден өткізілген мектептің сықпыты мынау. Бұлардың астарында сыбайластық жатқан шығар деген де ой келеді кейде. Міне, осыларға Бас прокуратура немесе Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тексеру жүргізіп көрсе, жөн болар еді деген ойымыз да бар. Өйткені, бұл қаражат жеке тұлғалардікі емес, бюджеттен бөлінген қаржы ғой.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы.