Президент • 08 Тамыз, 2021

Орталық Азия Мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме

380 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

2021 жылғы 6 тамызда Түрікменбашы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті, Қырғыз Республикасының Президенті, Тәжікстан Республикасының Президенті, Түрікменстан Президенті және Өзбекстан Республикасының Президентінің қатысуымен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі өтті.

Орталық Азия Мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме

Мемлекеттер басшылары достық, өзара құрмет пен сенім, сындарлық және өзара түсіністік жағдайында өткен келіс­сөздердің қорытындылары бойынша,

тарихи қалыптасқан достық және тату көршілік қатынастар негізінде өңірлік ынтымақтастықты дамытудың үдемелі процесін атай отырып,

Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын негізге ала отырып және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларын сақтауға өзінің берік бейілділігін растай отырып,

өзара құрмет, тең құқылық, бір-бірі­нің мүдделерін ескеру негізінде келіс­сөздер мен консультациялар арқылы Орталық Азия өңірін дамытудың өзекті мәселелерін қарау және шешу қажеттігін атап көрсете отырып,

өз мемлекеттерінің өңірдегі бейбіт­ші­лікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мүддесінде ашық және кең ауқымды өзара іс-қимылға әзірлігін атай отырып,

саясат, орнықты және тұрақты даму, сауда-экономикалық және инвес­ти­ция­лық-қаржылық, көлік-комму­ни­­кациялық, су-энергетикалық, ақпарат­тық-технологиялық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тас­тықты қоса алғанда, өзара мүдделілік біл­­дірілген барлық салалардағы қаты­нас­тарды одан әрі кеңейтуге және нығай­туға деген жалпы ұмтылысты негізге ала отырып,

Орталық Азия мемлекеттерінің ма­ңыз­ды жаһандық және өңірлік про­б­лемаларды шешудегі бірлескен баста­ма­ларының әлемдік аренада елеулі нәти­­желері бар екенін атап өте отырып,

жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп­терге, оның ішінде коронавирус­тық инфекция пандемиясына қарсы іс-қимылда, сондай-ақ оның теріс салдарын бірлесіп еңсеруде өңір мемлекеттерінің тығыз әріптестігінің маңыздылығын атап көрсете отырып,

Орталық Азия Мемлекеттері басшы­ларының жүйелі түрдегі Консультативтік кездесулері өңірдегі көпжақты мем­лекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарды талқылауға және енгізуге мүмкіндік беретінін тағы да растай отырып,

төмендегіні мәлімдейді:

1. Мемлекеттер басшылары биылғы Кон­су­льтативтік кездесу Орталық Азия мем­лекеттері Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтеді.

Осы орайда Тараптар аталған форум­ның Орталық Азия елдері арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту ісіндегі тарихи маңыздылығын айрықша атап көрсетеді.

2. Тараптар екіжақты және көпжақты іс-шаралар өткізу, Орталық Азия өңірі­нің барлық мемлекеттерінің бейбіт дамуына, өркендеуі мен тұрақтылығына жәрдемдесу мақсатында өзара сапарларды жүзеге асыру жолымен көпжақты өзара іс-қимылды кешенді дамытудың өзектілігі мен қажеттілігін растайды.

3. Тараптар Түрікменбашы қала­сын­дағы Консультативтік кездесу қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сау­да, экономика және инвестициялар, көлік және транзит, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында өнеркәсіптік кооперация, су-энер­ге­тикалық ресурстар, қоршаған ортаны қор­ғау, туризм, ғылым, білім, мәдениет және гендерлік теңдік мәселелерінде өңір­лік өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын, нысандары мен тетіктерін жан-жақты қарауға мүмкіндік бергенін атап өтеді.

4. Мемлекеттер басшылары өз елдері­нің әлеуетін өңірде қауіпсіз, тұрақты, кең және ашық әріптестікке арналған кеңіс­тік қалыптастыру мүддесіне пайда­лану­дың маңыздылығын атап өтеді.

Осыған орай Тараптар сыртқы істер министрліктері, дипломатиялық өкіл­діктер, консулдық мекемелер, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері мен басқа да халықаралық ұйымдар желісі бо­йынша консультациялар өткізудің, бай­ланыстар мен оларды нығайтудың маңыз­дылығын атап көрсетеді.

5. Тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялаған биылғы 2021 жылы халықаралық қоғамдастықтың Біріккен Ұлттар Ұйымы тұлғасында қа­был­­даған кең ауқымды және ұзақ мер­­зімді стратегияларды, тұжырым­дама­­лар мен бағдарламаларды іске асы­ру ісін­де нақты нәтижелерге қол жет­кізу мақ­сатында Орталық Азия мемле­кет­­терінің халықаралық аренадағы шоғыр­ланған қызметін жандандыру қажет деп есептейді.

6. Мемлекеттер басшылары 2021 жылы Орталық Азияда, Ядролық қару­дан азат аймақ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығы, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигоны жа­былуының 30 жылдығы аталып өтетініне ерекше тоқталды.

Осыған байланысты Президенттер Орталық Азиядағы, Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты іске асыру бойынша өңір мемлекеттерінің белсенді ынтымақтастығын жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді және ядролық қарусыздану мен таратпау ісінде күш-жігерді шоғырландыру мақсатында басқа да ядролық қарусыз аймақтармен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.

7. Тараптар көрші Ауғанстандағы жағ­дайдың жуық арадағы реттелуі Орта­лық Азиядағы қауіпсіздік пен тұ­рақ­­тылықты сақтау мен нығайтудың ма­­ңыз­ды факторларының бірі болып та­бы­­латынын растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Осы орайда Тараптар барлық мүд­делі мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дардың Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдің әлеуметтік-экономикалық инфра­құрылымын қалпына келтіруге және оны әлемдік шаруашылық байланыстарға тартуға бағытталған күш-әрекеттерін қолдайды.

8. Тараптар өңірді дамытудың өзек­ті мәселелерін жүйелі түрде қарау үшін тұрақты жұмыс істейтін консуль­тативтік платформа ретінде Ор­та­лық Азиядағы қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастық жөніндегі диалог құру мәселесін пысықтауды қолдады.

9. Тараптар Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуын сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, қаржылық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, ком­муникациялық, әлеуметтік, эколо­гия­лық және өзара мүдделі басқа да сала­лардағы байланыстарды одан әрі нығайту арқылы қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет деп санайды.

Қаржы жүйесін бірлесіп дамыту және өңірге инвестициялар тарту мақсатында Тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңын Орталық Азия өңірі елдерін, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен байланыстыратын экономикалық платформа ретінде пайдалануға келісті.

10. Тараптар Орталық Азия мемле­кет­тері арасындағы көші-қон процес­терін реттеу саласындағы құзыретті орган­дардың өзара іс-қимылын күшей­тудің маңыздылығын, сондай-ақ еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, оларға құқықтық, әлеуметтік, ақпа­раттық-консультациялық көмек көрсету қажеттігін мойындайды.

11. Тараптар өзара тауар айналымын арттырудың маңыздылығын және өңірдегі сауда рәсімдерін жеңілдету жө­ніндегі міндеттерді тиімді шешуге өзара тиімді ортақ тәсілдерді одан әрі әзірлеу қажеттігін атап өтеді.

Тараптар өзара сауданы ұлғайту, шекара маңындағы аумақтарда сауда-өндірістік алаңдарды, сондай-ақ көтерме-тарату орталықтары желісін дамытуды қоса алғандағы бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру мақсатында Ор­талық Азия мемлекеттерінің іскер топ­тары мен өңірлері арасындағы ын­ты­мақтастықты кеңейту жөніндегі жұмыс­ты жандандыру қажеттігін атап өтеді.

12. Тараптар авиациялық, автокөлік, темір жол, өзен және теңіз көлігіне ар­налған жаңа халықаралық бағыттар құру мен жұмыс істеп тұрғандарын жаң­ғырта отырып, мультимодальдық көлік дәліздерін, логистиканың, сау­да мен туризмнің халықаралық көпфунк­ционалды орталықтарын, тауарлар мен жүктердің еркін және кедергісіз тран­зитін қамтамасыз ету, үздік халық­ара­лық тәжірибелерге сәйкес транс­ше­каралық рәсімдерді жеңілдету және өңірдің транзиттік әлеуетін тиімді пай­далануды қамтамасыз ететін бас­қа да бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында көлік-транзит саласындағы көпжақты ын­ты­мақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын айрықша атап көрсетеді.

Тараптар «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» халықаралық дәліздерін бірлесіп дамытуға барынша күш салады.

Тараптар Көлік коммуникациялары жөніндегі өңірлік кеңес құруды жеделдету, өңір мемлекеттері қатысатын тиімді халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру бойынша іске асырылып жатқан және перспективалы жобалар­ды ескере отырып, Орталық Азия­да көлік жүйесін бірлесіп дамыту жөнін­дегі бағдарлама мен келісімді келі­су қажет­тігін атап өтті.

Тараптар өзбек тарапының Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы Көліктік-коммуникациялық өзара байланысты дамытудың өңірлік орталығын құру туралы бастамасын қолдады.

Тараптар өңірлік қосылған құн тіз­бек­терін және бірлескен өнеркәсіптік клас­терлерді құру, цифрлы экономиканы ілгерілетудегі ынтымақтастықты арттыру арқылы өзара сауда көлемін ұлғайтуға ниеттеніп отыр.

13. Тараптар сауда-экономикалық, энергетикалық, көліктік-логистикалық және инновациялық бағыттарда өзара ынтымақтастыққа мақсатты және жүйелі сипат беру мақсатында Орталық Азия ел­дерінің өнеркәсіпшілері мен кәсіп­кер­лерінің бесжақты кеңесін құру қажеттігі туралы мәлімдеді.

14. Тараптар әлеуметтік және эко­но­микалық өсудің жаңа көздерін іздеу мақсатында инновациялық бағдар­ламалар мен жобаларды бірлесіп іске асыру үшін күш-әрекеттерді біріктіруге, сондай-ақ ғылым, технологиялар мен инновациялар саласындағы тиімді ынтымақтастыққа қолдау көрсетуге, ғылыми-зерттеулерді бірлесіп жүргізуге, ғылыми-зерттеу орталықтары арасында тәжірибе алмасуға ниет білдіреді.

15. Тараптар Жоғары оқу орындары арасындағы және ғылыми алмасулардың өңірлік бағдарламасын әзірлеу арқылы ректорлар форумдары, ғылыми конференциялар мен ғылыми-педагогикалық және студенттік жұртшылық пен жас­тар симпозиумдары шеңберінде білім беру, «ғылыми дипломатия» саласын­дағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайды.

Тараптар ақпараттық-коммуника­циялық технологиялардың дамуы мен пай­даланудағы прогресті, сондай-ақ күн­делікті өмірге деген үдемелі әсерін атап көрсетеді. Мемлекеттер халық­ара­лық құқық қағидаттары мен норма­ларын сақтай отырып, ақпараттық қауіп­сіздіктің жаңа қатерлерін еңсеру мақ­сатында күш-жігер біріктіруге ниетті.

16. Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы климаттың өзгеру салдарын жұмсарту және оған бейімделу, шө­лейт­тенуге қарсы күрес, су-энерге­тикалық ресурстарды ұтымды пайда­лану, қоршаған орта мен экология­ны қорғау, мұздықтарды сақтау және уран қалдықтары қоймаларын ре­куль­­тивациялау, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, қор­ларды үнемдейтін және жасыл технологияларды енгізуге бағытталған жобалар мен бағдарламаларды ілгерілету саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Тараптар осы салаларда өңірдегі ор­нық­ты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ұзақ мерзімді және өзара тиімді ын­ты­мақтастық тетіктерін жетілдіру үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын.

Тараптар өңірдің барлық елдері­нің мүдделерін ескеретін Орталық Азия­дағы су-энергетикалық мәселелер­ді шешуге қолғабыс ету үшін қолда­ныс­тағы және салынып жатқан гидроэнер­гети­калық объектілердің маңызды­лығын атап өтті.

Тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының «Табиғат шекара танымайды: трансшекаралық ынты­мақтастық – биоәртүрлілікті сақтаудың, қалпына келтірудің және тұрақты пайда­ланудың негізгі факторы», «Тұрақ­ты дамуға арналған су» 2018-2028 жыл­дардағы іс-қимылдардың халықаралық онжылдығының мақсаттарына қол жеткізу барысына ортамерзімді жан-жақты шолу бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының конференциясы», «Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау», «Бірік­кен Ұлттар Ұйымы мен Арал­ды құт­қару жөніндегі халықаралық қор ара­сындағы ынтымақтастық», «Қазақ­стан­дағы Семей өңірі халқын оңалту, қоршаған ортасын қалпына келтіру және экономикалық даму мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және іс-шараларды үйлестіру» қарарларын қабылдау сияқты халықаралық және өңірлік бастамаларды тұтас түсінуге қол жеткізудің және БҰҰ алаңында ілгері­летудің маңыздылығын атап көрсетеді.

Жаһандық климаттың өзгеруінің әлем­дегі, атап айтқанда, Орталық Азия­дағы мұздықтарға теріс әсерін ескере отырып, Мемлекеттер басшылары Тәжікстан Республикасы Президентінің 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау және Мұз­дықтарды қорғау халықаралық қорын құру туралы ұсынысын қолдады.

Мемлекеттер басшылары Түрік­мен­стан Президентінің Төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға бағытталған БҰҰ Стратегиясын әзірлеу туралы бас­тамасына, сондай-ақ БҰҰ аясында энер­гетикадағы басым бағыттардың бірі ретінде сутегін дамыту жөніндегі халық­аралық «Жол картасын» құруға қолдау білдірді.

17. Мемлекеттер басшылары өңірдегі, оның ішінде Арал теңізі бассейніндегі, әсіресе, экологиялық дағдарыс пен климат өзгеруінің теріс әсеріне ұшыраған аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды сауық­тыру­мен байланысты проблемаларды ке­шен­ді шешу үшін күш-жігерді шоғыр­лан­дырудың маңыздылығын мойындады.

18. Тараптар судың, атмосфералық ауаның ластануын азайтуға, мұздық­тарды, жердің тозуын сақтауға, орман екпелері алаңдарын ұлғайтуға, табиғат апаттарының, оның ішінде су тасқыны, сел тасқыны, құрғақшылық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ таза ауыз сумен қам­тамасыз етуге бағытталған келісілген шара­лар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттер басшылары Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің мүд­д­елері мен қатысуын ескере отырып, Арал­ды құтқару жөніндегі халықара­лық қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

19. Бүгін, адамзат жаңа жаһандық қауіп-қатерге – коронавирустық инфек­цияның пандемиясына тап болған кезде, Орталық Азия мемлекеттері осы инфек­цияның таралуына қарсы кешенді шаралар қабылдап жатыр.

Осы бағыттағы қадамдарын әлемдік қоғамдастықтың қызметімен толық үй­лестіре отырып, тараптар коронавирус­пен күресте маңызды халықаралық бас­­тамаларды қолдайды.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ аясында Аурулар және биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру, сондай-ақ БҰҰ аясында арнайы көпжақты орган – БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіп­сіздік жөніндегі халықаралық агент­­тік құру туралы бастамасына қол­дау білдірді.

Осыған орай, Тараптар ғылыми дип­ломатия желісі бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға, ғалым-медик­тердің, сарапшылар мен білімнің өзге де аралас салаларындағы мамандардың жүйелі қарым-қатынасы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға келісті.

Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпті инфекциялардың таралуына қарсы іс-қимыл жасау ісіндегі күш-жі­герін шоғырландыру мақсатында Тарап­тар вирустардың және басқа да инфек­циялардың шығу табиғатын, олар тудыратын аурулардың шығу нысандарын, инфекциялық ауруларды емдеу және алдын алу әдістерін зерделеу жөніндегі өңірлік тетік құру туралы мәселені қарау қажет деп санайды.

20. Азық-түлік жүйелерінің тұрақты­лығын арттыру қажеттілігі тұрғысынан Тараптар жеткізу тізбегін қолдауға және азық-түлік пен күнделікті қажет тауар­ларға арналған «жасыл дәліздер» тетік­терін кеңінен енгізуге келісті.

21. Тараптар Орталық Азияны ме­кен­дейтін халықтардың мүддесі үшін және БҰҰ жариялаған Мәде­ниет­­терді жақындастырудың халық­аралық онжылдығы рухында мәде­ниет­аралық диалогты дамытуға, ал­уан түрлі мәдениеттер мен ұлтара­лық то­ле­ранттылықты сақтауға және көтер­мелеуге, этносаясатты, өңірдің материалдық және материалдық емес мәде­ни және табиғи мұрасын зерделеу мен қорғау саласында ынтымақтасуға және өзара қолдау көрсетуге, әдеби байланыстарды жетілдіруге, халықаралық фестивальдар, форумдар мен конкурстар өткізуге, музыка, театр, бейнелеу және қолөнері, кинематография, телерадио хабарларын тарату, мұрағат, мұражай мен кітапхана ісі саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге және азаматтар, ең алдымен жастар арасындағы тікелей байланыстар мен туристік алмасуларды дамытуға келісті.

Осы бағыттағы өзара іс-қимылға жүйелі және тұрақты сипат беру мақ­сатында Тараптар «Орталық Азия: ортақ тарих және ортақ болашақ» атты мәдени-гуманитарлық алмасудың бірың­ғай платформасы ретінде Орталық Азия мәдени диалог форумын құруға уағдаласты.

22. Спорттың халықтар арасындағы достықты нығайтудағы маңызды рөлін ескере отырып, Мемлекеттер басшылары дене шынықтыру мен спортты дамы­туды жалғастыруға, Тараптар аумақ­тарында халықаралық спорттық-бұқа­ралық іс-шараларды өткізуге қолдау көр­сетуге, дене шынықтыру, спорт ұйым­дары мен мекемелері арасындағы ынты­мақ­тастықты көтермелеуге келісті. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін халықаралық спорт аренасына ілгерілету бойынша Тараптар күш-жігерді шоғырландыруы қажет екені аталып өтті.

23. Мемлекеттер басшылары туризм саласында, оның ішінде пандемия­дан кейін осы секторды жедел қал­пына кел­тіру және өңір елдері арасындағы турис­тік алмасуды жандандыру мақ­сатындағы тығыз өзара іс-қимылдың қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Тараптар трансшекаралық аумақтарда туристік аймақтар мен клас­терлер құру, Орталық Азияда бірыңғай кеңістік құру мақсатында туристік өнім­дер мен бағыттарды бірлесіп ілгері­лету жұмыстарын жандандыруға келісті.

Тараптар халықаралық және ішкі туризмді дамытуға қатысатын ұйым­дар және туризм саласындағы мем­лекеттік басқару органдары мен турис­тік компа­ния­лар арасындағы тығыз ынты­мақ­тас­тықты қолдайды.

Тараптар туристік қызметті дамыту туралы ақпаратпен, баспа материал­дарымен, фильмдермен алмасуда, жар­нам­алық кампаниялар, конференция­лар мен семинарлар өткізуде, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруда одан әрі ынтымақтастық жасайтын болады.

24. Мемлекеттер басшылары сыртқы саяси ведомстволарға 2022-2024 жыл­дарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы жобасын (Орталық Азия Мемлекеттері бас­шы­ларының Консультативтік кездесу­лері­нің қорытындылары бойын­ша) бекі­ту жұмыстарын жуық арада аяқтау­ды тапсырды.

25. Мемлекеттер басшылары сыртқы саяси ведомстволарға Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының келесі Консультативтік кездесуінде XXI ғасыр­да Орталық Азияны дамыту мақ­сатында достық, тату көршілік және ынты­мақтастық туралы шартқа қол қоюды дайындауды тапсырды.

26. Президенттер Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консуль­тативтік кездесулерінің Бірыңғай рәмізін пайдалану туралы шешім қабылдады және ол туралы Ережені мақұлдады.

27. Президенттер Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Құрмет белгісін бекіту туралы шешім қабылдап, Құрмет белгісі туралы Ереже мен оның Сипаттамасын мақұлдады.

28. Мемлекеттер басшылары Түрік­­менбашы қаласында өтіп жат­қан Орталық Азия елдері әйелдер диа­ло­гының форумына, Орталық Азия ел­дерінің Экономикалық форумына, Орталық Азия елдерінің Ұлттық өнімдер халықаралық көрмесіне, Орталық Азия елдерінің Ұлттық тағамдар халық­аралық фестиваліне және Орталық Азия елдерінің Мәдениет және өнер шебер­лерінің салтанатты концертіне жоғары баға берді.

Мемлекеттер басшылары Сыртқы істер министрлеріне Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының төртінші Консультативтік кездесуін өткізу мерзімі мен орны бойынша ұсыныстар дайын­дау­­ды және Консультативтік кездесудің күн тәртібін әзірлеуді тапсырды.

Консультативтік кездесу дәстүрлі достық, шырайлы және сенімді атмосферада өтті.

Мемлекеттер басшылары Түрік­мен­стан Президенті Гурбангулы Мялик­гулыевич Бердімұхамедовке қонақ­жай­лылығы және Консультативтік кездесу­ді жоғары деңгейде ұйымдас­тырғаны үшін ризашылық білдірді.

 

Түрікменбашы қ.,

2021 жылғы 6 тамыз