Ғасыр індетіне айналған жұқпалы иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) адамзатқа тырнағын шеңгелдеп салуда. Оның таралу қарқыны да бұрынғыдан жылдамдай түскенін мамандар айтып отыр. Ұрпақты аздыратын кеселге қалай қарсы тұрған жөн? Бұл жөнінде Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Молдағали ХАМЗИН ой бөліскен еді.
Ғасыр індетіне айналған жұқпалы иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) адамзатқа тырнағын шеңгелдеп салуда. Оның таралу қарқыны да бұрынғыдан жылдамдай түскенін мамандар айтып отыр. Ұрпақты аздыратын кеселге қалай қарсы тұрған жөн? Бұл жөнінде Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Молдағали ХАМЗИН ой бөліскен еді.
– Молдағали Хамитұлы, облыста адамның иммундық тапшылығы вирусы (АИТВ) ауруының таралуы қай деңгейде?
– Осы кезге дейін тіркелгендердің барлық саны 1384 адам болды. Ал өткен жылы 145 ауру тіркелген. Әрине, бұл біздің облысымыз үшін аз сан емес. Ол осы 145 адамның ғана емес, олардың балаларының, отбасының, туыс-жақындарының, одан қалса қоғамның қасіреті. Аурудың таралуы бойынша Қостанай, Рудный қалалары, Қостанай ауданы алдыңғы қатарда тұр. Сонымен қатар, облыс орталығынан шеткерірек жатқан Меңдіғара, Жітіғара аудандарында тіркелген адамның саны отыздан асады. Әзірше Амангелді және Қамысты аудандарында мамандар аурудың тіркелмегенін айтып отыр. Алайда, ол өңірлер қасіретті кеселден тап-таза деген ұғым тумағаны дұрыс.
– Ғасыр қасіретіне айналған ауруды сөз еткенде, әрине, ұлтқа бөлмейміз. Барлық адамзаттың бас ауруы екенін түсінеміз. Қазақы қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінен, Жангелдин ауданынан АИТВ-тың тіркелгені жүрегіңді ауыртады. Мұны айтып отырғаным, басқалар ауырғанда тек қазақ аман қалса екен деген сөз емес, қазақы тәрбиенің қазығы босаңсығаны ма деген ой келеді...
– Өте дұрыс айтасыз. Соңғы жылдары ауру жұқтырғандар арасында өзіміздің ұлт азаматтарының қатары жиі көріне бастады. Тіпті, көбейіп келеді десем де жаңылыса қоймаспын. Бұл ауру ұлт, жыныс, өңір немесе мемлекет, материк таңдамайды. Тек қазақ халқы емес, қай ұлттың болса да ұлттық, халықтық педагогикасының, тәрбиесінің, тіпті, ұлттық салт-сананың босаңсығаны осы қасіретке жол аша түседі. Мысалы, бұрын халқымызда азаматтық неке деген болып па еді? Міне, қазір жастар да, ересектер де азаматтық некемен тұра беретін болды. Олар не отбасы емес, не бөлек жандар емес, бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілік алмайды. Тек төсектері бірге, қалған ой-мүдделерінің бәрі оларды қоспайды. Жастардың арасында да махаббат сезімі алдымен төсекке жүгіретін дөрекілікпен түсіндіріледі. «Қызға қырық үйден тыю», деп қазақ болашақ отбасы анасының тәрбиесіне қатаң қараған еді. Қазір осындай халықтық тәрбиенің қазығы босаған. Ал адамның иммундық тапшылығы ауруына қарсы тұратын қару әзірше әркімнің отбасылық тәрбиесі, халықтық құндылықтарымыздың әлсіремеуі, әр адамның дұрыс жолмен жүруі, сезім тазалығы дер едім.
Бүгінде АИТВ-ға қарсы мемлекеттік бағдарлама бар. Ол бойынша біздің мамандар мектептерде, мекемелерде, жалпы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, түрлі шаралар ұйымдастырады. Бірақ отбасындағы тәрбие мықты болмай, кесапат аурудан ұрпақты сақтай алмаймыз. Қазір теледидардан, интернеттен балалардың көрмейтін құбыжығы жоқ. Бұл да кері айналмайтын, әлеуеті мықты күш. Ата-ана одан баланы қадағалау, интернетте, теледидардың алдында көп отырғызбай, басқа пайдалы істерге бағыттау арқылы ғана тығырықтан шығады.
– Қауіпті ауруға адамдар тек бей-берекет жүріс-тұрысы арқылы емес, еш күнәсіз, кездейсоқ тап болмауы үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Атың өшкір аурудың нашақорлар арасында үлесі мол. Өйткені, олар ортақ инені қолданатыны белгілі. Ер де, әйел де кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болғаны жөн. Салондарда маникюр, педикюр жасау құралдары дұрыс тазартылмаса ауру адамның қаны арқылы вирус жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, қазір салондарда жасалатын денеге тырнап сурет салу, әшекейлеу (татуировка) жастар арасында сәнге айналған. Маманның құрал-жабдығы тазартылмаған жағдайда бұл да ауру жұқтырады.
– АИТВ пайда болғанына, адамзатқа қауіп төндіргеніне отыз жылдан асып бара жатқанын айттыңыз. Осы уақыттан бері адамдар арасында одан сақтану, өз денсаулығына жіті қарау мәдениетінің көтерілгені байқала ма?
– Байқалады. Жыл сайын АИТВ-ға қарсы ерікті тексеруден өтетіндердің қатары көбейіп келеді. Оның ішінде басым көпшілігі негізінен жасырын өтуді қалайды. Акция өткізілген уақыттарда аймақтық ЖИТС орталықтарында тестілеуден өтетіндер молайды. Акция уақытында жедел жасақталған топтар экспресс-тестер өткізеді. Бұл, әсіресе, жастар арасында кеңінен қолданылады. Тіпті, үйленейін деп жүрген жастар ЖИТС орталығына келіп, тексеріліп алған жағдайлар да кездесті. Мұның ешқандай ерсілігі жоқ. Бас қосайын деген жастардың бір-біріне сенімсіздігі деп те қарауға болмайды, қайта олардың өзінің денсаулығына, болашағына жауапты қарау мәдениеті деген сөз. Еуропалық және өзге жұрттарда бұл қалыптасқан дүние болса керек. Біздің қазақы сенгіштігіміз, ұялшақ менталитетіміз әзірге оған жібере қоймайды. Бірақ біздің жастардың көзі өте ашық, ақпараты мол. Сондықтан болашағын, ұрпағын ойлаған жастар үйленер алдында біздің орталыққа келіп, тексерілуді дәстүрге, қажеттілікке айналдырса әбестігі болмас еді. Уақыттың талабына мойынсұнған дұрыс.
Соңғы жылдары тұрғындарды скринингтеу үдерісіне көп көңіл бөліне бастады. Екіқабат әйелдердің, жалпы адамдардың жұқтырғаны белгілі болғанда, оларды неғұрлым аурудың ертерек сатысында емдеуді қолға алу көзделеді. Ал, АИТВ-ға қарсы тестілеуде көбіне тұрғындардың ине шаншатын нашақорлар, коммерциялық секс өкілдері немесе азғындыққа салынған жандар сияқты осал топтарына басымдық беріледі.
Мұның барлығы да АИТВ таралуын тоқтатудың, бәсеңдетудің шаралары екені сөзсіз. Ал әр адам бұл қасіреттің шеңгеліне түсіп қалмауы үшін ішкі мәдениетін, тәрбиесін дұрыстап, саламатты өмір салтын ұстануы қажет.
– Өткен жылы интернетте бұл аурудың АИТВ-1 түрі таралып жатқандығы жөнінде ақпарат болды.
– Иә, «Российская газетаның» АИТВ-1 жаңа түрі пайда болып, Ресейдің Новосібір өңірінде жайылғаны, оның Қазақстан, Қырғызстанда, Чешенстанда тіркелгені жөнінде таратқан ақпаратына орай, ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Марат Түкеев жауап берген болатын. Аурудың жаңа түрі Қазақстанда тіркелген жоқ.
– Қазір АИТВ ауруына шалдыққанын естігендер оны қалай қабылдайды? Олардың өмір салтындағы өзгерістер, тағдыры қалай болады?

– Тестілеуде, тексеруде алынған қанның қорытындысы бізде шығарылмайды, оны республикалық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының лабораториясы анықтайды. Қорытынды ақпарат келгеннен кейін, ауру жұқтырғандарды ЖИТС орталығына шақырып, кеңестер беріледі, оның диагнозы туралы ауруға психологиялық жағдай туғызылады, алдағы уақытта ауруды емдеу туралы жоспар жасалады, клиникалық және лабораториялық толық тексерулерден өткізіледі. АИТВ жұқтырған науқас диспансерлік есепке алынады. Қажет болғанда ауруды амбулаторлық немесе стационарлық түрде емдейді. АИТВ жұқтырған әйел бала көтеретін жаста болса, онымен жүктілікті жоспарлау жөнінде әңгіме өткізіледі. Егер әйел бала тапқысы келсе онда вирустың анадан балаға жұқпауы үшін медициналық жұмыстар жүргізіледі. Қазір осы вирусқа қарсы күшті дәрі-дәрмектер бар. Бірақ олардың барлығы да вирусты жойып жібере алмайды, тек науқастың меңдеуін кідіртеді. АИТВ жұқтырған адам емделуге ықтиятты қараса, оның өмірі де ұзара түседі.
Ендігі бір әңгіме оларға қоғамдағы көзқарас туралы. АИТВ жұққызғандардың барлығының тағдыры өте ұқсас. Олардың диагнозы туралы кейде медицина қызметкерлерінің құпияны сақтамайтыны, медицина қызметкерлерінің оларға қызмет көрсетуден бас тартуы, жұмыстан ықтиярсыз босатуы, жұмыс таппауы, қоғамның оларды құбыжықтай көріп, жиіркенішпен қарауы науқас өмірін қиындата түседі. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып жасаған жобалар арқылы АИТВ ауруына шалдыққан жандарға қоғамда толерантты көзқарас қалыптастыру жұмыстарын жолға қою керек. Бұл орайда, облыста «Помощь» үкіметтік емес ұйымы өзге де ұйымдардың күшін біріктіріп, жымысқылана тырнағын салып келе жатқан эпидемияға бақылау жасап, ауру таралмауының алдын алу үшін тер төгіп келеді. Ендігі мақсат оның жұмысына қоғамдағы басқа күштерді де топтастыра білгеніміз мақұл. Сонда қоғам тазалығын сақтап, болашақты жарқын етуге үлес қосамыз.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.