Ресми деректерге сүйенсек, 1920 жылы Жер шарында шамамен 1,3 миллиард тұрғын болыпты. 1930 жылы Жер шары халқы 2 млрд. адам болса, 1962 жылы – 3 млрд., 1976 жылы – 4 млрд., 1987 жылы – 5 млрд., ал 1999 жылы 6 млрд. адамға жетті. БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуінше, 2011 жылдың қараша айында Жер тұрғындарының саны 7 миллиардқа жетті.
ХХ ғасырдың екінші жартысында бастау алған адамзат баласының өсімі жыл өткен сайын арта түсуде. Халықаралық зерттеу бойынша, соңғы жылдары Жер тұрғындары жыл сайын 80 миллион адамға ұлғайып келе жатыр екен. Осындай пікірді Германиядағы Кампус Seilersee президенті, профессор Дитрих Вальтер Алматыға келгенде «Жасыл экономика және тұрақты даму» деп аталатын халықаралық ғылыми семинарда айтқаны белгілі.
Ресми деректерге сүйенсек, 1920 жылы Жер шарында шамамен 1,3 миллиард тұрғын болыпты. 1930 жылы Жер шары халқы 2 млрд. адам болса, 1962 жылы – 3 млрд., 1976 жылы – 4 млрд., 1987 жылы – 5 млрд., ал 1999 жылы 6 млрд. адамға жетті. БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуінше, 2011 жылдың қараша айында Жер тұрғындарының саны 7 миллиардқа жетті.
Ал 2050 жылы ол 8-10 миллиард шамасында болады екен. Жер тұрғындарының 60,5 пайызы Азияда, 8,7 пайызы Еуропада тұрады. Халық орналасуындағы үлесіне келсек, алдымен Азиядан кейін Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Еуропа орын теппек.
Ал 17 миллиондай тұрғыны бар Қазақстанға келсек, біздің елдегі халық өсімі 2050 жылы шамамен 23-24 миллион адамға жетпек.
Халық санының өскені елдің экономикалық жағдайының арта түсуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, әлемге ортақ бір проблема алдан шығатыны даусыз. Ол – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету. Осы орайда, бүгінгі таңда әлем назары азық-түлік қауіпсіздігіне ауып отыр. Өйткені, халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаған шығар. Халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету қашан да өзекті тақырып күйінде қала бермек.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл-шаруашылық ұйымы мен Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры бірлесе отырып дайындаған үшінші баяндамада әлемдегі елдер мен халықтардың қазіргі жағдайына сараптама жасалып, тұрғындарды азық-түлікпен қамтуға қатысты жаһандық мәселелер жан-жақты қамтылған.
2006-2008 жылдары болған азық-түлік дағдарысы әлемнің көптеген елдерін шарпып өтті, халықаралық нарықта күріш, астық және жүгері өнімдерінің бағасы бірнеше есе өскен болатын. Халықаралық нарықта бағаның өсуі елдердің ішкі бағасының өсуіне әсер етті. 2006-2008 жылдары болған азық-түлік дағдарысы әр елге әртүрлі әсер етті, соның ішінде кедей елдер үлкен зардап шекті.
Аталған үшінші баяндамада жаһандық ауыл шаруашылығы саласы алдағы отыз-қырық жылдың ішінде күрделі проблемаларға тап болатыны жазылған. Жер шары тұрғындары санының өсуі азық-түлікке деген сұранысты арттыра түсетіні белгілі, сонымен қатар, осы кезеңде климаттың өзгеруі және табиғи ресурстардың деградациясы жаңа проблемаларды тудыратыны анық. Соның салдарынан азық-түлік өнімін шығаратын өндіріс орындарының жұмысында да тұрақтылық сақталмауы мүмкін. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағалауы бойынша, осы ғасырдың орта тұсында 9 миллиардтан астам тұрғынды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 2005-2007 жылдар мен 2050 жылдар кезеңін салыстырғанда ауыл шаруашылығы өндірісі дүниежүзі бойынша 70 пайызға, дамушы елдерде 100 пайызға дейін өсуі тиіс деп болжам жасалған.
2009 жылы 11 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Онда бірқатар қолданыстағы заңдарға толықтырулар енгізілді.
Заңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлердің алдын алуға және оларды бейтараптандыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлеу және іске асыру арқылы жүзеге асырылатыны айқындалған.
Соның ішінде жасына, мүліктік және әлеуметтік жағдайына, тұрған және тұрғылықты жеріне қарамастан тұтынудың физиологиялық нормаларына сәйкес сапалы азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз ету көзделген.
Елімізде өндірілетін, сонымен бірге, шетелден әкелінетін және өткізілетін азық-түлік тауарлары сапасының Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Сондай-ақ, аграрлық азық-түлік нарығына қол жеткізу үшін тең бәсекелестік ортаны құру, мемлекет пен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы болуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлін арттыруға жәрдемдесу қажет.
Заңға сәйкес мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін нашарлататын, азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз көтерілуін, азық-түліктің ішкі ресурстарының төмендеуін арзандататын, азық-түлік тауарларын Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге заңсыз әкетуге ықпал ететін, сапасыз және халық үшін қауіпті азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа әкелуге ықпал ететін шешімдер қабылдауына және іс-әрекеттер жасауына жол берілмейді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінде аграрлық саланы дамыту, соның ішінде, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселені жиі көтеріп келеді. Айталық, 2009 жылы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 12-ші съезінде Елбасы: «Бізге бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныстың өсуін және бағаларының артуын ескере отырып, аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыруға және кең ауқымды жаңғыртуға қайта бағдарлану қажет», деген болатын.
Ол үшін елімізде барлық жағдайлар бар. Елбасымыз өткен бірнеше жыл ішінде қуатты аграрлық-индустриялық базаны құруға мүмкіндік жасалғанын, ауыл тізерлеуден аяғынан нық тұрғанын, жаңа техникамен және технологиялармен қайта жарақтанғанын атап өтті. Сол арқылы Қазақстан алғаш рет азық-түлік астығын ірі экспорттаушыға айналды, ал ұнды экспорттау жөнінен біз бірінші орынға шыққанымыз анық.
Ал 2009 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы біздің ел ішкі және сыртқы конъюнктураны жіті қадағалап, еш кідіріссіз табанды шараларды қолға алғандықтан, жаһандық азық-түлік дағдарысы біз үшін ұлттық апатқа айналмағанын тілге тиек етті.
«Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз», деді Н.Ә.Назарбаев.
Ал енді Елбасының 2010 жылғы халыққа арнаған Жолдауының негізгі арқауының бірі еңбек өнімділігін арттыруға қатысты болды. «Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру. Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек. Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», дей келіп, азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс екенін, оған бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар деп мәлім етті.
2011 жылғы 17 сәуірде Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары, облыс әкімдері қатысқан Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазіргі күні бүкіл әлемде бағаның, соның ішінде, әсіресе, азық-түлік бағасының өсуі айқын байқалып отыр. БҰҰ Халықаралық азық-түлік ұйымының мәліметтері бойынша, бұл әлемдік құбылысқа айналып барады. Алайда, Қазақстан өзін өзі және ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуды қамтамасыз ете алатын елдердің қатарында», деп айтқан болатын.
Елбасы 2012 жылғы 27 қаңтардағы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне арнайы тоқталып, Қазақстанның аграрлық секторы үлкен экспорттық мүмкіндіктерге және инновациялар енгізу үшін жоғары әлеуетке ие екендігін, ал азық-түлікке деген қажеттілік әлемде жыл сайын өсе беретінін, сондықтан біздің елге бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын ескертті. Соған байланысты Үкіметке арнайы тапсырмалар беріп, жеке инвестициялардың аграрлық өндіріске тәуекелін төмендету үшін заемдарды кепілдендіру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін жасау, фермерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту үшін балама жолдар табу қажеттігін айтты. Үкіметке бөлшек сауданы делдалдарсыз жүргізуді мемлекеттік қолдаудың тетігін жасап, енгізуді тапсырды.
Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы 2012 жылы 14 желтоқсанда еліміздің келешегіне айқын бағдар көрсеткен, ХХІ ғасырдағы басты міндеттерді қамтыған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария етті. Елбасы әлемдегі үшінші сын-қатер деп жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді атады. Президент өз сөзінде жер-жаһанда халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіре түсетінін, бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіріп отырғанын еске салып өтті.
Елбасы Қазақстанның қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына енгенін, аса ірі экологиялық таза аумақтар бар екенін және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара алатынымызды, сондықтан да, ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасауға толық мүмкіндігіміз бар екенін сенімді жеткізді.
«Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-сіндегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс», деді Н.Ә. Назарбаев.
Жолдауда берілген осы салаға қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Үкімет өте қысқа мерзім ішінде Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасын әзірледі. Бұл құжат Үкiметтiң 2013 жылғы 18 ақпандағы арнайы №151 қаулысымен бекітілді.
Бағдарлама тиімді орындалған жағдайда күтiлетiн нәтижелерге келсек, мемлекеттiк реттеудiң тиiмдi шараларын пайдалану, АӨК бизнесiн дамыту үшiн қолайлы жүйелi жағдайлар жасау, қамтамасыз етушi инфрақұрылымды дамыту, секторға тартылатын орташа жылдық инвестицияларды екi есе арттыру, өнiмдiлiктi өсiру нәтижесiнде бағдарламаның негiзгi нысаналы индикаторларына қол жеткiзіледі. АӨК субъектiлерiн субсидиялау есебiнен 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттiк қолдау көлемiн 4,5 есе арттыру мақсаты көзделіп отыр. Бағдарламада көзделген iс-шараларды қаржыландыру мемлекетіміздің заңнамасына сәйкес тиiстi қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi бекiту кезiнде нақтыланатын болады.
Ауыл шаруашылығын дамыту ісіне, осы саланың тауар өндірушілерін қолдауға Парламент депутаттары да атсалысуда. Осы орайда, әріптестерім (Парламент депутаттары Қ.Қ.Жақыпов, С.С.Біләлов, Ж.Қ.Дүйсебаев, Р.У.Ким, С.Ә.Үмбетов, Р.М. Шаекин) бастамашылық жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының маңыздылығын айта кеткенім жөн. Бұл заңнамалық акті Мәжілісте мақұлданды, ал былтырғы 24 желтоқсан күні Сенат қабылдады. Бұл заң агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге және «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылшаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдаудың жекелеген бағыттарын жүзеге асыруға бағытталған.
Парламент Мәжілісінің депутаттары да азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, тұрғындар үшін азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелерін жиі көтеріп келеді. Бүгінгі таңда қазақстандық парламентшілер ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік субсидиялау көлемін ДСҰ-ға енген елдерде қарастырылғандай 10 пайызға жеткізу жөнінде ұсыныс жасап отыр. Атап айтар болсақ, аталған саланы субсидиялау көлемі Беларусь Республикасында – 18,1 пайыз, ал Ресей Федерациясында 7,1 пайыз деңгейінде. Елімізде ауыл шаруашылығына жасалған мемлекеттік қолдау 10 пайызға жетсе, көптеген көкейкесті мәселелер кешенді түрде шешімін табатыны сөзсіз. Себебі, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік өркендеуі ауыл шаруашылығының дамуымен тікелей байланысты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың да маңыздылығы зор. Бұл салаға инвестицияның келуі отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Өңірлерге барып, сайлаушылармен өткізген кездесулерде ел азаматтары негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеп отыру жөнінде ұсыныстарын айтады. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, өнімдердің сапасы мен қолжетімділігі ел тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етеді.
Осы орайда, азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтау және негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында елімізде бірқатар шаралар қабылданды. Соның ішінде, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілді және осы қорларды басқару жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Бағаға салыстырмалы талдау жүргізу және әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бөлшек саудадағы бағасының шектік деңгейден асып кетпеуіне бақылауды жүзеге асыру туралы жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берілді.
Елімізге келетін импортты қысқарту жөнінде және сыртқы нарыққа шығатын бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қолдау жасау туралы нақты шаралар іске асырылуы керек. Бұл ретте, дамыған елдердің тәжірибесін де назарға алып, өз елімізге лайықты жолдарды қарастырғанымыз жөн.
Әлихан ТОЙБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.