17 Қаңтар, 2014

Саннан сапаға көшетін уақыт келді

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Депутаттар халықаралық шарттарға осындай талап қойып отыр

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігі­мен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің әуе кемесін басып алу, әскери инфрақұрылым объектілерін орналастыру және еліміздің халықаралық шарттарына қатысты заң жобалары жан-жақты қаралды.

Депутаттар халықаралық шарттарға осындай талап қойып отыр

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігі­мен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің әуе кемесін басып алу, әскери инфрақұрылым объектілерін орналастыру және еліміздің халықаралық шарттарына қатысты заң жобалары жан-жақты қаралды.

«Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығына қатысушы мемлекеттер күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жөніндегі кезекшілерінің әуе кемесін басып алу (ұшырып әкету) туралы ақпаратты алған кездегі іс-қимылдарын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров жасады. Белгілі болғандай, келісімнің мақсаты әуе кеңістігін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды және ТМД қатысушы мемлекеттері кезекшілерінің әуе кемесін басып алу (ұшырып әкету) туралы ақпаратты алған кездегі іс-қимылдарын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз ету құқықтық база жасау болып табылады. Заң жобасы бірауыздан қабылданды.

Сол сияқты Қорғаныс вице-ми­нистрі баяндамашы болған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемле­кет­тердің аумақтарына әскери инфрақұрылым объектілерін орналастыру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттардың қолдауына ие болды. Хаттамаға 2011 жылы 20 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған. Мұндағы мақсат ҰҚШҰ-ның мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің әскерлер (күштер) топтарын, әскери ин­фрақұрылым объектілерін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өз аумақтарына орналастыру ту­ралы шешімдерді қабылдау тәртібін нақтылау. Осыған байланысты Хаттамада мұндай шешімдер қабылданған кезде консультацияларды (келісу) жүргізу және ҰҚШҰ-ға мүше бас­қа мемлекеттердің ресми қарсылықтарының болмауы қажеттілігі туралы қағида бел­гі­леніп отыр. Мұндай рәсім, ең алдымен, ҰҚШҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің ұжымдық қауіпсіздік шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Хаттамада қолданумен және түсіндірумен байланысты дау­лы мәселелерді реттеу тәртібін айқындайтын нормалар да көзделген.

 Мәжіліс депутаттары Қуа­ныш Сұлтанов, Зағипа Балиева және Мәулен Әшімбаев бастамашы болған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасының халықаралық шарттары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қабылданды. Ол бойынша баян­дама жасаған Мәжілістің Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасының мақсаты халықаралық шарттарды дайындауды жетілдіру екендігін ерекше атап кетті. Ко­ми­тет төрағасының айтуынша, бұл салада шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар. Сондықтан «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасындағы тіл туралы» заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылды.

Халықаралық заңдық құжат­тар­ды әзірлеу кезінде тиісті мем­ле­кеттік органдар тарапынан салғырттық кездесетіні де айтылмай қалмады. Әсіресе, құжаттар мұқият пысықталмайды немесе ең соңғы сәтте, яғни қол қоярдың алдында дайындалатын жағдайлар да аз кездеспейді екен. Соның салдарынан олардың мәтіндерінде әртүрлі қателер жіберіліп, мазмұн жағынан сәйкессіздіктерге жол берілген. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында қол қойылып, жұмыс істеп жатқан халықаралық заңдық құжаттар саны 3500-ге жақындаған. «Енді саннан сапаға көшетін уақыт жетті. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында халықаралық шарттарды жасауды жоспарлау үдерісін ұсынып отырмыз. Заң жобасына сәйкес, тиісті мемлекеттік органдарға ең алдымен халықаралық шартты жасаудың тұжырымдамасын әзірлеу қажет болады», деді М.Әшімбаев. Комитет төрағасы Сыртқы істер министрлігі жалпы ортақ жоспарды дайындайтындығын да тілге тиек ете кетті. Жоспарлар жыл сайын және үш жылда жасалатын болып шешілген. Жоспарларды Үкімет жанынан құрылған арнайы ведомствоаралық комиссия қарап, мақұлдағаннан кейін Елбасы келісіміне жіберілетін болады.

Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал немесе тәуелсіздігін жоғалтуына алып келетін еліміз мүдделеріне сай емес халықаралық шарттарды жасауға жол бермейтін норманы бекіту де назардан тыс қалмаған. Осы норма мемлекеттік органдардың қандай да бір халықаралық шарттарды дайындауға, не соларды жасауға қатысатын қызметкерлер үшін негізгі қағида болуы тиіс. Қазақ тілінің мемлекеттік тілдің айқындаушы факторы болып табылары ескеріле отырып, басқа елдермен екіжақты шарттарды жасасқан кезде мемлекеттік тілде және тараптардың келісімі бойынша өзге де тілдерде жасау ұсынылған. Осындай нақты норма болмағандықтан, кейбір екіжақты шарттар қазақ тіліндегі мәтінсіз қол қойылып жатқаны белгілі. Мысалы, Испаниямен екіжақты шарт жасасқанда испан және орыс тілдеріндегі шартқа қол қойылыпты.

Сондай-ақ, шарттар мәтінінің қазақ тіліндегі нұсқасына сындар айтылып келгендігі де қаперге алыныпты. Грамматикалық, орфографиялық және өзге де әріп қателері кететіні жасырын емес. Мысалы, Қазақстан мен Люксембург арасындағы келісімнің қазақ тіліндегі мәтініне төрт рет нота жіберіліп, орфографиялық қателер түзе­тіл­ген. Сол сияқты, Біріккен Араб Әмірліктерімен арадағы екі­жақты келісім барысында да осындай төрт рет нота жіберу орын алыпты. Мұндай жағдайлар Қазақстанның имиджіне кері әсер ететіні түсінікті Халықаралық шарттардың мәтіндерін Үкімет айқындап, интернетке орналастыру нормасы да ұмыт қалмаған. Бұл еліміздің барлық мүдделі азаматтарына халықаралық шарттар мәтіндерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі таңда мұндай шарттар мәтіні сыртқы саясат ведомствосының шағын ғана жинағында басылып жүргендіктен, оларға көпшіліктің қолы жете бермейтін көрінеді.

Сенатор Қожахмет Баймаханов шарттарды жасауда «тараптардың келісімі бойынша өзге тілдерде әзірлеу» деген сөйлемді алып тастау қажеттігіне назар аударт­қанымен, ол заң жобасын әзір­леушілер тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Сондай-ақ, сенатор Қазақстан мен Қырғызстан ара­сындағы екіжақты келісімді бекі­тетін заң жобасынан оншақты қате тапқандығын алға тарта оты­рып, осындай заң жобасын әзір­­­легендерге жаза қолдануды ұсынды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар