17 Қаңтар, 2014

Күрмеуі қиын мәселе шешімін таппақ

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сықырлаған сары аязда бір жағына қарай қисайып, өкпесін зорға сүйретіп, ыңырана басып, көк түтінін будақтатып кетіп бара жатқан қоғамдық көлікті көп көресіз. Қызылордадан. Әсілі, Қазақ­станның қай түкпірінде тұрмаса да автобуспен жүретін адамдар біледі.

Сықырлаған сары аязда бір жағына қарай қисайып, өкпесін зорға сүйретіп, ыңырана басып, көк түтінін будақтатып кетіп бара жатқан қоғамдық көлікті көп көресіз. Қызылордадан. Әсілі, Қазақ­станның қай түкпірінде тұрмаса да автобуспен жүретін адамдар біледі.Біз­де қоғамдық көліктің мәдениеті кем. Адам емес, ағаш басқандай етіп тией­ді. Кондуктор ұрысқақ. Жүргізуші дө­ре­кі. Көшеде емес, автораллиде келе жат­қандай жарысады. Оған көліктердің қаңқасы ғана қалғанын қоссаңыз, азаптың арта түсетіні анық. Өйткені, діттеген жері­ңе жеткізетініне сене алмайсың. Көне­нің көзін көргендей кейіпке түскен автобустарға тап болғанда еріксіз осындай ойға тірелесіз.

Жалпы, бүгінде автопарктің дені жекенің қолында. Мемлекеттің есебінен қаржыландырылып отырған парктер некен-саяқ шығар. Ал жекеменшіктің мақсаты белгілі. Ақша табу. Қаржыны молайту. Дегенмен, парктегі автобус­тарды жаңартуға келгенде қинала бе­ре­ді. Жолақысын көтергенді білген ком­­паниялар, көлікті жаңалауды біл­мейді дегенге сене алмайсың. Ақыр соңы, жалпақ жұрттың түтініне шашал­ған көлікпен жүргеннен басқа амалы қалмайды.

Былтыр қараша айында Қызылорда облысының әкімдігі бір бастама бастады. Сол бойынша, «Байқоңыр» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында меморандумға қол қойылған болатын. Ол не меморандум еді? Аталған құжат бойынша Қызылорда қаласында заманауи автобус паркі құрылып, жаңа жолаушы тасымалдаушы көліктер әкелінбек. Шындығы керек қой, бастапқыда осыған аса илана қоймадық. Елп ете қалмадық. Сөйтсек, жаңа автобустар сатып алуға Еуропа қайта құру және даму банкі 18,8 миллион доллар қаражат бөліпті. Соның алғашқы 20 автобусы Қытайдан Қызылордаға келіп жетіпті. Автобустар экологиялық таза газбен жүреді екен. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мініп-түсуіне де ыңғайлы жасалған. Автобус паркінің директоры Мұрат Нұғмановтың айтуынша, бұл жаңа көліктердің сыйымдылығы 75-80 адамды құрайтын көрінеді. Аталған меморандумның арқасында көп ұзамай Қызылорда көшелерінде су жаңа автобустар пайда болады. Келешекте тағы 100 автобус әкелу жоспарланып отырғанға ұқсайды. Тағы бір ерекшелігі бар мұның. Автобустың жүргізушісі мен кондукторларының тап-тұйнақтай бірыңғай форма кигенін Астанадан көретін едік. Алматының өзінде мұндай жағдай қалыптасқанын байқау қиын. Міне, елордадағы үрдіс бізге жетті. Көлік жүргізушілері мен кондукторларына арнайы киім алынды. Енді алдағы уақытта Ақмешітте олпы-солпы жүрген қоғамдық көліктің жүргізушісі мен кондукторын көрмейтін боласыз. Қазір олар қозғалыс және қауіпсіздік негіздерін тағы бір пысықтауда. Сонымен қатар, жаңа автобус паркін салу үшін арнайы жер бөлінді. Бұл да үлкен жаңалықтың басы. Себебі, парк салынып, автобустар түгелдей жаңарса, онда Қызылордада қоғамдық көліктің проблемасы шешіледі деген сөз. Осылайша, шаһардағы күрмеуі қиын жолаушылар тасымалы мәселесі биыл шешімін табады деп сенеміз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.

 

Соңғы жаңалықтар