Ақтөбе облысының экономикасы соңғы жылдары қарқынды дамуда. Бұған жаңа өндіріс орындарының ашылып, пайдалануға берілуі серпін беріп отыр. Қазір де көптеген ірі инвестициялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылуда.
Ақтөбе облысының экономикасы соңғы жылдары қарқынды дамуда. Бұған жаңа өндіріс орындарының ашылып, пайдалануға берілуі серпін беріп отыр. Қазір де көптеген ірі инвестициялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылуда.Солардың ішінде Ақтөбе рельс-арқалық зауытының құрылысы анағұрлым қарқынды жүргізілуде. Жақында осы құрылыс алаңында болғанымызда бұған анық көзіміз жетті. Айналасы атшаптырым зауыт аумағы қызу еңбек алаңына айналған. Жарқ-жұрқ етіп от шашқан дәнекерлеу, құрылысқа қажетті материалдарды түсіру және бетон тасымалдағыш машиналардан қалыптарға бетон құю, арматураларды бекіту, болашақ балқыту пештерінің тұғыртастарын құю, қондырғыларды орнату сияқты жұмыстар бір сәтке де толастар емес. Ұзындығы 750 метр, ені 100 метр болатын өндірістің өне бойы қызу еңбек. Осыншама алаңды алып жатқан бас корпустың қыс қаһарына мінбей тұрып қабырғаларын тұрғызып, төбесін жауып алған құрылысшылар жауған жаңбыр, қарға, өкпек желге қарамай жұмыстарын атқаруда. Осының өзінен-ақ, ауа райының құбылмалы кезінде жұмыс қарқынын төмендетпеу үшін салынып жатқан зауыт басшылығының алдын ала қамданғаны көрініп тұр. Бұл зауыттың құрылысы 2013 жылдың сәуір айында басталғанына қарамастан, ыждағаттылықтың ізі аңғарылады. Құрылыс алаңында кездескен Ақтөбе рельс-арқалық зауытының бас директоры Андрей Кузминнің де көңілі көтеріңкі, бас корпуспен бір мезгілде салынып жатқан қосалқы өндірістердің бой көтеріп жатқанына риза. Ол бізбен әңгімесін қазір құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқанынан бастады.
– 2012 жылы желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жалпыұлттық телекөпір аясында Ақтөбеде рельс-арқалық зауытының құрылысын бастау туралы тапсырма берілген болатын. Көп күттірмей-ақ, 2013 жылдың сәуір айында ауқымды жобаның құрылысын бастап кеттік. Бұл зауытта инновациялық термотөзімді, жоғары сапалы рельстің ұзындығы 120 метр етіп құйылады. Өнім жоғары жылдамдықпен және қозғалысы көп желілерге қолданылатын болады. Рельстің ұзын болуы мұндағы дәнекерлеу арқылы жалғау жұмыстарын азайтады әрі қауіпсіздікті күшейтеді. Тағы бір ерекшелігі – зауыт шығарған өнім жылжымалы құрамның жылдамдықты арттыруына ықпал етеді. Мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы Италиядан жеткізілген, – деді ол құрылыс жұмыстарының қарқынын өзіңіз де көріп тұрсыз ғой дегенді ишаратпен білдіріп.
Зауыт құрылысында пайдаланылатын материалдардың және осында жұмыс істейтін мердігерлердің 99 пайызы қазақстандық көрінеді. Жобаның құрылыс жұмыстарында бас мердігерден басқа, сегіз қосымша мердігер кәсіпорындар жұмыс істеуді, оларда еліміздің әр өңірінен келген 750 адам еңбек етуде. Жұмысшыларға тұрмыстық жағдай жасалған, еңбекақылары да жоғары, уақытылы беріліп тұрады. Сондықтан да мұнда кадрлар тұрақты.
Зауыт жылына 430 мың тонна прокат, оның ішінде 200 мың тонна рельс және 230 мың тонна ірі сортты прокат өнімдерін шығаратын болады. Жобаның құны 55 миллиард теңге тұрады. Зауыттың бастамашыларының бірі – «Транспорттық технология» ЖШС жобаны жүзеге асыруға ынталы болып отыр. Қазақстанның Даму банкі қажетті қаржының 70 пайызын несиелейді, ал, қалғанын «Қазақстан темір жолы» АҚ пен жеке инвесторлар қаржыландырады. Қазірдің өзінде кәсіпорын құрылысына қаралған қаржының 30 пайызы игерілген. Рельс-арқалығы алып зауыты іске қосылғаннан кейін 700 адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыт үш ауысымда үзіліссіз жұмыс істейтін болады.
Индустрияландыру картасына сәйкес жобаның инфрақұрылымдық желілермен жарақтандырылуына облыстық әкімдік қолдау көрсеткен. Яғни газ, су және канализация құбырларын тарту, зауыттың теміржол арқылы өтетін автожолы, 22 шақырым электр желісі осы бағдарлама аясында жүргізілген. Мұның өзі ірі жобаны жүзеге асырушыларға жасалған көп көмек екені сөзсіз.
Сондай-ақ, жоба аясында зауытқа 39-ыншы Қызғалдақты разъезінен теміржол тартылып, жүкті тиеу- түсіру базасы салынды. Қоймалар, өрт сөндіру депосын, электр стансаларын салу жобаны жүзеге асырумен қанаттас жүргізілуде, қуаты 40 мегават электр стансасы іске қосылған. Болашақта болат балқыту кәсіпорыны салынбақ. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Осыған байланысты тағы да 150 мегават электр подстансасын пайдалануға беру ойластырылуда. Жалпы, бұл кәсіпорын рельс-арқалықтарын шығаруға қажетті шикізатты болат темірді балқытудан бастап дайын өнім рельс және ірі сортты прокат шығарудың тасқынды өндірістік желісін қалыптастыруға бағыт ұстауда. Сонда барлық процестер осында кідіріссіз атқарылатын болады.
Бұл шикізат үшін шетелге тәуелділіктен құтқарады, сондай-ақ, барлығы бір жерде дайындалғандықтан, шығарылатын өнімнің өзіндік құны да арзан болады деп күтілуде.
Италияның «Siemens-VAI» компаниясы жабдықтарды жеткізіп, өз технологияларын өндіріске орнатып қана қоймайды, қондырғыларды құру және құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне бақылау жасайды. Зауыттың бас корпусын технологиялық жарақтандыру, прокаттық қондырғыларды жасақтау, іске қосу-реттеу жұмыстарын италиялық мамандар жүзеге асырады. Бас мердігер – «Союзкомплект» Қазақстан-Украина бірлескен кәсіпорыны да өз тарапынан атқарылатын жұмыстардың уақытылы және сапалы болатынына кепілдік беріп отыр. Жобаны жүзеге асыруға қатысатын ресейлік «Прокатмонтаж» фирмасының италиялықтармен жұмыс жасауда бұрыннан қалыптасқан тәжірибесі бар екен.
Бүгінгі күні зауытта газ-турбиналы электр стансасын 100 мВТ-ға кеңейту арқылы электрмен болат балқыту цехының құрылысы жүргізіліп жатыр. Отандық өнім пайдалануға берілгеннен кейін «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін болады. Қазірдің өзінде маркетингтік бөлім құрылып, алдын ала болашақта өнімдерді өткізуге және алушыларға жеткізуге келісімдер жасалуда. Оның ішінде «Шалқар-Бейнеу» теміржол құрылысы, сондай-ақ, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан секілді басқа да елдердің теміржол компаниялары қажеттілігін өтейтін болады. Зауыт басшылығының айтуынша, қазір «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен он жылға 1,0 миллион тонна өнім жеткізу жайында келісімшарт жасалыпты. Яғни зауыт жыл сайын акционерлік қоғамды 100,0 мың тонна өніммен қамтамасыз етіп отырмақ.
Бүгінде іргетасы қаланып, құрылысы күндіз-түні жүргізіліп жатқан кәсіпорын келер жылы іске қосылмақ. Мердігер компаниялар ауа райының жауынды-шашынды болғанына қарамастан, құрылыс жұмыстарынан кідіріс болдырмауда. Бұл нысан облыстың экономикасына серпін беретін жоба ретінде жергілікті биліктің қатаң қадағалауында тұрғаны да шындық. Себебі, елдің күретамыры іспетті теміржолға қажетті рельс шығаратын бұл кәсіпорынның маңызы зор әрі әзірге елімізде біреу ғана. Бірегей жоба – рельс зауытының құрылысы басталғалы жұмыс қарқыны үдей түспесе, кеміген жоқ. Мұның өзі бұл жобаны жылдамырақ жүзеге асыруға инвесторлардың қаншалықты ықыласты екенін көрсетсе керек. Жобаны жүзеге асыру мерзімі өте қысқа, мұның өзі кәсіпорын құрылысын жүргізушілерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Құрылыс алаңындағы қарқынды жұмысқа қарап, инвесторлардың да, құрылысшылардың да бұл жауапкершілікті жете сезінгеніне көзіміз жетті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.