Аймақтар • 09 Тамыз, 2021

Қызылордада қаржы пирамидасын құрған алаяқтар сотталды

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоғамда табыс табамын деп алаяқтарға алданып, қолдағы барын қаржы пирамидасына құйғандар көбейіп барады. Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғындары «Befree» атты қаржы пирамидасына жем болғандары жөнінде арызданған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордада қаржы пирамидасын құрған алаяқтар сотталды

Бұл ұйым 2019 жылдың қазан айынан бері жұмыс істей бастапты. Белгісіз біреулер «WhatsApp» желісі арқылы «Befree» тобын ашып, инвестициялық пирамида құрып, оған салымшы болғандарды 2 апта ішінде 50 пайыздық үстемемен пайда табатынына сендірген. Аз уақыт ішінде ұйымға ұзын-саны 296 адам салымшы ретінде тіркеліп үлгеріпті.

Полицейлер дерегінше, жәбірленуші ретінде арызданған 21 адамға келген материалдық шығын  22 миллионнан теңгеден асқан. 

Осыған орай  полицейлердің жедел әрекеттерімен,  тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесінде қала орталығының тұрғыны ұсталып, оның бұл іске  қатысты  тағы да екі сыбайласы анықталыпты. Оларға қатысты дәлелдемелер жинақталып күдікті қатарында танылған.

Қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен (Қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оған басшылық ету, аса ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.

Қызылорда қалалық сотының шешімімен айыпталушылардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты.