Үкімет • 09 Тамыз, 2021

Мемлекеттік қызметкерлердің іссапар ережесі өзгерді

1533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Үкіметі «Мемлекеттік қызметшілердің және дипломатиялық қызмет персоналының іссапарға баруының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 17 қарашадағы №755 қаулыға өзгерістер енгізді, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік қызметкерлердің іссапар ережесі өзгерді

Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 4 тамыздағы №514 Қаулыда төмендегідей өзгерістер бар:

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) жіберуші мемлекеттік орган – мемлекеттік қызметшіні Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне жұмысқа іссапарға бару тәртібімен жіберетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

2) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыртқы саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы;

3) іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға бару тәртібімен жұмысқа жіберілген мемлекеттік қызметші.»;

11-тармақ алып тасталсын;

12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«12. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелеріне іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшілер қызметінің, олардың тиімділіктің негізгі көрсеткіштері негізінде есептелетін қызмет нәтижелерін талдау, сондай-ақ олардың есеп беру тәртібі уәкілетті органмен келісу бойынша жіберуші мемлекеттік органдардың бұйрықтарымен айқындалады. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінде мақсаттарға қол жеткізу индикаторы қамтылуға тиіс және олар іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшіні Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне жіберген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей бекітілуге жатады»;

12-1-тармақ алып тасталсын;

13-тармақта: бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

«13. Жіберуші мемлекеттік орган уәкілетті органға осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген тиісті талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік қызметшіні Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберу туралы ұсыныспен негізделген хатты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне іссапарға жіберу ұсынылатын кандидатқа қатысты мынадай құжаттарды ұсынады:»;

5) тармақша алып тасталсын;

14-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Уәкілетті орган он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде құжаттарды тексеруді және дайындық деңгейі мен осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін анықтау үшін іссапарға жіберілетін кандидатпен әңгімелесу жүргізеді».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.