17 Қаңтар, 2014

Газ өңдеуде көшбасшы

400 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің дамуына «кірпіш» болып қаланып, өз үлесін қосу үстіндегі кәсіпорындардың бірі – Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты. Тінін сонау Маңғыстау даласында мұнай-газ кен орындары ашылып, алғашқы өнімдерін шығара бастаған сәттен тартатын зауыттың негізгі сүбелі тарихы соңғы қырық жылдың еншісінде.

Табиғи газ бен жер қыртысынан мұнаймен бірге көтерілетін ілеспе газды өндіру, өңдеу қажеттілігі Одақтың назарын Маңғыстауға аударып, зауыт құрылысы қауырт салына бастады. Жұмылдырылған күш негізінде құрылыс қас қағым сәтте аяқталып, зауыт 1973 жылы пайдалануға берілген.

Тәуелсіз еліміздің дамуына «кірпіш» болып қаланып, өз үлесін қосу үстіндегі кәсіпорындардың бірі – Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты. Тінін сонау Маңғыстау даласында мұнай-газ кен орындары ашылып, алғашқы өнімдерін шығара бастаған сәттен тартатын зауыттың негізгі сүбелі тарихы соңғы қырық жылдың еншісінде.

Табиғи газ бен жер қыртысынан мұнаймен бірге көтерілетін ілеспе газды өндіру, өңдеу қажеттілігі Одақтың назарын Маңғыстауға аударып, зауыт құрылысы қауырт салына бастады. Жұмылдырылған күш негізінде құрылыс қас қағым сәтте аяқталып, зауыт 1973 жылы пайдалануға берілген.

Грозныйдағы мұнай өңдеу, Миннибаевск, Вознесенский газ өңдеу зауыттарынан, Невинномыскінің химия комбинатынан газ өңдеу және газ-мотокомпрессорларын пайдалану бойынша мамандар алдырылды. Келесі жылы-ақ алғашқы өнімдерін Атырау, Башқұртстан химия комбинаттарына жөнелте бастаған зауытта күні бүгінге дейін миллиондаған текше метр «көгілдір отын» өңделіп, зауыт өнімі халық сұранысын қанағаттандырып келеді. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ құрамындағы зауыт Қарамандыбас газ кен орны, Батыс Теңге, Тасболат, Ақтас, Оңтүстік Жетібай, оның ішінде Өзен-Жетібай газ алаңдарындағы табиғи газ және газ конденсатын өндіру, өңдеу, өндірілген өнімді тарату, ілеспе мұнай газын жинау, тасымалдау қызметімен айналысатын айрықша өндіріс орны. 40 жыл ішінде өңдеу үшін 66,277 млрд. текше метр табиғи және ілеспе мұнай газын, 2,266 млн. тонна газ конденсатын қабылдап, 61,603 млрд. текше метр құрғақ газ, 4,370 млн. тонна сұйытылған газ, 3,189 млн. тонна пентан-гексан фракциясы (ПГФ), 630 мың тонна тұрмыстық пеш отынын өндіріп, тұтынушыларға берді.

 Қазіргі таңда зауыттағы 14 цех, 21 бөлімде 1100 адам жұмыспен қамтылған. Зауыттың газ өңдеу қуаттылығы жылына 1,5 миллиард текше метр газ өңдеуге есептеліп салынғанмен, газ кен орындарынан газдың келуі соңғы 15-20 жылда азаюына байланысты зауыт 42-47 % қуатымен жұмыс жасап тұр.

– Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық даму саясатының басты арнасы отандық өндірісті күшейту, сондықтан мемлекетіміз өндіруші сектормен қатар өңдеуші өнеркәсіпті жаңаша құруға, барлық салада инновациялық ізденістерге батыл бетбұрыс танытып отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезінде Үкімет күш-жігерін шоғырландыруға қажет бағыттардың бірі – мұнай өңдеуді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту туралы айта келе, «Тұтас­тай алғанда отын-энергетикалық кешеннің жал­пы қосылған құнын кем дегенде 30 пайызға арттыру міндетін қоямын», деген болатын. Біз осы міндет үдесінен шығуды мақсат етудеміз. Зауытты заманауи жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықтау бағытындағы мәселелер оң шешімін табуда. Зауыт өнімдерінің негізгі сұйытылған және құрғақ газ, пентан-гексан фракциясы, тұрмыстық пеш отыны, оттегі тәрізді түрлері тұтынушыларға жоғары сапалы көрсеткішпен шығарылуда. Таза, арзан, қуаты мол «көгілдір отын» соңғы жылдары аймақтағы барлық елді мекендерге желілер арқылы таратылып, облыс тұрғындарының игілігіне жарап тұр. Сондай-ақ, зауытымыз өлкедегі «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «ҚазАзот» ЖШС тәрізді іргелі кәсіпорындарға отындық құрғақ газдың негізгі жеткізушілерінің бірі болып келді. Ал, қазіргі таңда «Қазтрансгазаймақ» АҚ бірыңғай газ операторы арқылы өңірге газ беріп, тұтынушы сұранысын толық қамтып отыр, –дейді кәсіпорын басшысы К.Нағыманов.

«Жас келсе – іске» демекші, жас та болса іргелі мекеменің тізгінін қолына алған Кәрім Сәр­сен­ғалиұлының алдында қыруар шаруа тұр. Ескірген жабдықтарды, құбырларды технологиялық үрдіс­ті сақтай отырып біртіндеп жаңарту, зауыттың технологиялық жүйесін электронды компьютерлік жүйеге келтіру, шығындарды, соның ішінде электр шығынын азайту үшін компрессор стансасының орнына ең соңғы үлгідегі газ-турбиналы компрессор орнату мәселесі өзекті. Мұнымен қоса серіктес­тік қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін көз­ден таса, көңілден қағыс қалдырмау қажет. Жұмыс­шы­лар­ға еңбек демалыстары кезінде еліміздің емдеу-сауықтыру орындарына демалу үшін кәсіподақ ар­қылы 70 пайызға жеңілдетілген жолдама беріледі, оған қоса мекеме әкімшілігі тарапынан емделуге 90 мың теңге қаралған. «Кендірлі» демалыс орнына 1 тәуліктік жолдама, оған қоса «Кендірлі» медициналық-реабилитациялық орталығына сауықтыруға 10 күндік жолдама беру қарастырылған. Қызметкерлердің балаларына арнап әр жылы 150 балаға жазғы тынығу лагерьлеріне бару мүмкіндігі қамтылып келеді. Саламаттылықты насихаттау және оны өміріне серік етемін деушілер үшін қолдау жоқ емес – зауыт жанынан спорттық кешен ашылған. Сонымен қатар жыл сайын спорттың 10 түрінен цехтараралық және қалалық деңгейде спорттық сайыстар өткізіліп отырады. Зауыт Жаңаөзен қаласының және өлкеміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге де өз үлесін қосуда. Мұнайлы қаладағы №2 орта мектеп зауыт қамқорлығында.

Соңғы жылдары табысты кәсіпорындар санатынан табылып, өз жұмысын халық игілігімен үйлестірген Қазақ газ өңдеу зауыты өз ырғағынан жаңылған жоқ.   

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

 

Соңғы жаңалықтар