Абай • 09 Тамыз, 2021

Абай, «дүние дос» және кавер-версия

740 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Музыкада кавер-версия (cover version) деген ұғым бар. Бұл – бір автор (композитор, әнші) шығармасының басқа автор тарапынан өз қа­лауынша өңделген нұс­қасы. Ремикс (remix), ремейк (remake) деп жүрген нәр­селер де осыған маңайлас. Бір қызығы, бұл құбылыс өзге өнер түрлерімен қатар, әдебиет әлеміне де еніп ке­тіпті. Екі-үш жыл бұрын орыс поэ­зиясының классигі Николай Заболоцкийдің «Әдемі емес қыз» деген өлеңіне 32 ақын­ның кавер-версия жазып, шығармашылық сайысқа түскені – соның бір мысалы.

Абай, «дүние дос» және кавер-версия

Бұл ретте зерттеушілеріміз «әрі тарт, бері тарт» қылып жүр­ген – Абайдың «Кейде есер көңіл құрғырың» деп басталатын өлеңі де «еріксізден» осы кепті киген сыңайлы. Бас-аяғы 16 жолдан тұратын кемел туындының (біз ең соңғы ғылыми нұсқаны – 2020 жылы М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты жарық­қа шығарған ақын шығармаларының академиялық толық жинағындағы мәтінді алдық): «Махаббатсыз дү­ние дос, Хайуанға оны қосыңдар. Қы­зықтан өзге қалсаң бос, Қаты­ның, балаң, досың бар», деген үшін­­ші шумағындағы ерекшелеп көрсетілген қатар күні бүгінге дейін қызу әдеби пікірталастың өзегіне айналып келді. Әдебиеттанушылар екіге жарылды. Алғашқы топ «Махаб­батсыз дүние дос» деген­нің дұ­рыс­тығына сан уәж келтірсе де, қар­сы жақ оған дес бере қоймай – «Ма­хаббатсыз дүние бос» екендігін дә­лел­деуге тырысып бақты. Осы мә­се­леге, орысша айтқанда, «нүкте қоя­тын» уақыт жеткен секілді.

Өйткені «дос» пен «бостың» ара­сын біржолата ажыратпайынша, шын Абайдан адасып қалатын түріміз бар. Оның үстіне, қазақтың бас ақынын әрқайсымыз өз тұрғы­мыздан «редакциялаймыз», «ревизиялаймыз» деп жүргенде, бұл «жа­ңашылдығымыздың» басқа сөз зергерлерінің мұрасына да зияны тиіп кетуі ықтимал екенін байқап отырмыз.

Мәселен, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров 1912 жылы «шыбынындай шын досы» – дәрігер Шайбайжан Аймановқа арнаған «Достыма ұмыт­пастық үшін хат (Көңілдегі махаббатым)» атты өлеңінде поэзиядағы ұлы ұстазының үлгісіне жүгіне отырып, мына жолдарды жазған:

«Дүние дос, махаббатсыз мал секілді», – деген сөзін Абайдың есіңізге ал».

Сұлтанмахмұттың 1987 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген қос томдығының «Сарыарқаның жаңбыры» атты бірінші кітабының 56-бетінде осылай тұр. Оның алдын­дағы жинақтарында да сол тәрізді.

Ал енді ақынның 1993 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағының алғашқы кітабында (51-бет) әлгі жол «Дүние бос, махаббатсыз мал секілді» болып өзгертілген. Оның үс­тіне, ғылыми түсіндірмеде: «Кітап­тарда «дүние дос» болып қате жазылып келді. Шәймерген (дұрысы Шәймерден – А.Ш.) қолжазбасына сүйеніп түзеттік әрі Абайда да «Махаббатсыз дүние бос» емес пе?!» (247-бет), деген пайым алға тар­тылады. Біз павлодарлық зерт­теуші Ермек Өтебайұлы жаз­ған­дай (Ана тілі, 1991, 25 сәуір), «Сұл­танмахмұтқа үш атадан қосы­латын белнемере» туысы Шәймер­ден Торайғыровтың қолжазбасымен таныса алмадық. Орталық ғылы­­ми кітапхана қорының санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байла­нысты жабық болуы, өкінішке қа­рай, қолымызды байлады. Бірақ осы «түзетудің» көкейімізге қон­бай­тынын жасырмаймыз. Абай «дүние досты» хайуанға қосса, Сұл­тан­махмұт сол ізбенен малға теңеп отырғаны айдан анық емес пе?

Абай өлеңіндегі «дүние», «дос», «махаббат» ұғымдарының әрқай­сысы жеке-жеке орасан әлеумет­тік-философиялық-этикалық жүк ар­қа­лап тұрғаны аян. Олардың арақа­тынасын, өзара байланысын қа­рас­тыруды, тіпті жыр алдиярының мына тақырыпқа орай­лас «Дүниеге дос ақиретке бір­дей болмас», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген афоризм­дерінің ішкі сабақтастығын тұтас дүниетанымының контексінде саралауды бұл арада өзімізге мақсат етіп қойған жоқпыз.

Қайткенде де, Сұлтанмах­мұт­тың «дүние дос» дегені ал­дағы басы­лым­дарда қайта қал­пына келтірі­луге тиіс. Ақын шы­ғармасын өрескел бұрма­лау­дан тазалап алмаса болмайды.

Жоғарыдағы мысалдан «дос» пен «бос» проблемасының кемі отыз жылға жуық үзбей жалғасып келе жатқан тарихы бар екендігі көрінеді. Уақытында соның салқыны тиген болар, 1995 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының бірінші кітабының 159-бетінен «Махаббатсыз – дүниедос» деген жолды ұшыратамыз. Құрастырушылар мен редакторлар «дүние» және «дос» сөздерін қосып жазып, оның алдына сызықша қойғанда, қандай қисынға иек артқанын түсіне алмадық. Әлде бұл екіұдай пікірде жүрген ғалымдар үшін «дос» пен «бос» арасында туындаған қайшылықты айналып өтудің бір амалы болды ма екен?.. Ол жағы қазірше маңызды емес.

Біздің ендігі сүйенетініміз – Жо­ғары Мәртебелі Түпнұсқа. Құдайға шүкір, Абайдың 175 жылдық мерейлі белесінің аясында біршама жүзеге асырылған ықтиятты, ыждағатты текстологиялық жұмыстардың арқа­сында, хакімнің өзі айтқандай – «сөз түзелді». Соған қарап біздің де түзелмегіміз ләзім.

Осы орайда мәтінтануға тиісінше үлес қосқан екі ғылыми еңбекке ерекше назар аударғымыз келеді.

Бірі – белгілі этнограф-ғалым Нұр­сан Әлімбай жетекшілік еткен ғалымдар тобы Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік орталық музейі қорында сақтаулы түпнұсқа қол­жаз­балар негізінде әзірлеген екі том­дық ғылыми-инвентарлық ката­лог. Онда Абайдың өмірі мен шығар­машылығына қатысты құнды мәліметтер жинақталған (Алматы: Интеллсервис, 2020).

Екіншісі – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми тобы дайындаған Абай шығар­маларының үш томдық акаде­миялық толық жинағы (Алматы: Жазушы, 2020).

Осы екі еңбектегі жарияланымдар бізге Абай өлеңіндегі даулы жолдың «Махаббатсыз дүние бос» емес, «Махаббатсыз дүние дос» екенін толық айқындап береді.

Мемлекеттік орталық музей ка­­талогында Тұрағұл Абайұлы, Ахат Шәкәрімұлы, сондай-ақ Мүр­сейіт Бікіұлы (кейбір зерт­теу­ші­лердің пікірінше, соған телі­ніп жүрген) қолжазбаларының фак­си­милелері мен кириллицаға тү­сі­рілген нұс­қалары көпшілік қа­уым­ға тұңғыш рет ұсынылған. Осы­лар­дың қай-қайсысының да түп асы­лына үңілгенде, Абайдың «Кей­де есер көңіл құр­ғырың» өле­ңі­нің тоғызыншы жолы – калли­графтардың әркелкі қол­таңбасына қарамастан – «Махаб­батсыз дүние/дүниа дос» болып оқылады:

1

Тұрағұл Абайұлы қолжаз­ба­сы­нан (1-том, 42-бет)

2

Мүрсейіт Бікіұлынікі делі­не­тін қолжазбадан (1-том, 514-бет)

3

Ахат Шәкәрімұлы қолжаз­ба­сынан (2-том, 73-бет)

Әдебиет және өнер институты академиялық жинағының үшінші томында алғаш рет Абайдың 1909 жылы Петерборда жарық көр­ген тұңғыш жинағының литографиялық көшірмесі қазіргі қазақ жа­зуына түсірілген нұсқа­сымен қоса жарияланған. Оның мәтінінен де «Махаббатсыз дү­ние дос» деген жолдың айқын таң­басын көреміз: 

Абайдың 909 жылғы тұңғыш жинағынан (3-том, 446-бет)

4

Институт ғалымдары князь Ку­да­шевтың, Сәдуақас Шорма­нов­­тың, Мүрсейіт Бікіұлының, Төлеу Түгелбайұлының, Шериаздан Марсековтің, т.б. көшірмешілер мен жинаушылардың қолжазбаларына ғылыми сипаттама жасап, олардың түпнұсқаларынан үзінділерді жа­рыққа шығарыпты. Егер бұл мәтін­дермен түгел танысудың сәті туса, Абайдың біз қарастырып отырған өле­ңіндегі таласты сөзге қатысты пікір­дің дәйегі молая түседі деп ойлаймыз.

Мәтінтанушы ғалым­дары­­­мыздың іргелі ізденісі, тиянақты тірлігі нәтижесінде Абай төңірегіндегі бір тартыстың түйіні тарқаған секілді.

Ал енді әуелде Абайдың өле­ңінен «өрбіп» шыққан, бірқатар оқы­мыстымыздың өзіндік топшылауынан туған «Махаббатсыз дүние бос» тіркесі де талай жұрттың санасына орнығып, дербес тіршілік ете бастағанына біраз болыпты. Бұған тап осы тақырыптас телесюжеттер мен телехабарлар көрсетіліп, қоғамдық пікірталастар өткізіліп, тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде арнайы парақ­шалар ашылып, тіпті бір аудандық театр сахнасының төрінде спектакль қойылғаны – айқын дәлел. Мұның сыртында, көптеген жас­ы­мыз жыл сайын 15 сәуірде бейресми түрде атап өтіп жүрген ғашықтар күні – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мейрамының қанатты қағидасы­на да айналып үлгеріпті. Және бір қызығы, көпшілік жұрт мұны Абай­ға тиесілі даналық сөз деп қа­был­дайды. Бұл да болса, теңдессіз ғұ­ла­ма мұрасының мазмұндық аясы жа­ғы­нан шексіз кең өрістілігін, түрлі қиял мен құлшынысқа тамызық бола бере­тінін айғақтайды.

«Кавер-версия» немесе «ре­­­мейк» демекші, сондай жаңғыртпалы ­дү­ние­лер кейде түпнұсқадан әл­де­қай­да көбірек танымал болып жа­та­ды. Әлемдік өнер дүниесінде мұ­­ның мысалы жетіп артылады. Алыс­­қа ұзамай-ақ, өзіміздің Иман­бектің сәтті шыққан жалғыз ремиксі оны зор шығармашылық олжаға кенелтіп, күллі әлемге әйгі­лі етті. Бұл тұрғыдан қарағанда, «Махаб­бат­сыз дүние бос» дегеніңіз де – Абай шығармашылығына қатысты жа­салған заманауи кавер-версия іспетті.

Әлбетте, ғылымның талабы бас­қа. Біз үшін түпнұсқа Абай қым­батты.

 

Амантай ШӘРІП,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы