Қазақстан • 09 Тамыз, 2021

Тойдың тоқтайтын түрі жоқ

855 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде пандемияның айылын жимай тұрғанына қазақтың той-томалағының да тікелей қатысы бар деген түсінік түбегейлі қалыптасты. Біле-білген адамға бұл – ащы шындық. Себебі өршіп тұрған індетке қарамастан, өлермендікпен той жасап жатқан өзіміздің ағайынды қалада да, далада да күнде көріп жүрміз. Ал енді қарапайым халықты қойып, мұндай заң бұзушылыққа мемлекеттік қызметшілер барып жатса, жағдайдың өзі мүлде ушығып кеткен екен демеске лаж жоқ...

Тойдың тоқтайтын түрі жоқ

Өткен сенбі күні Қарағанды қаласындағы Arista деп аталатын мейрамханада облыстағы бір басқарма басшысының қыз ұзату тойын жасағаны әшкере болды. Облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі хабарлағандай, бұл тойда шамамен алғанда 350-ге жуық адам болған. Нақтырақ айтар болсақ, Полиция департаменті­нің баспасөз қызметі мынадай мәтіндегі хабарлама жариялады: «7 тамыз күні «109» телефонына қаладағы мейрамханалардың бірінде көптеген адамдар мен көліктердің жиналғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орны­на құрамында полиция, санэпи­­демстанса және Қара­ғанды қала­лық әкімдігінің қызмет­­кер­­лері бар мобильдік топ шықты. Факт расталды. Көңіл көтере­тін орында көліктер мен адамдар­дың көп­тігіне байланысты мо­биль­дік топ қызметкерлері қоғам­дық қауіп­сіз­дікті қадағалап, ғима­рат­ты қоршауға алуға байла­нысты қосымша полиция нарядын шақырды.

Полиция қызметкерлері мей­рам­хананың кіші залын­да 38 жастағы азаматтың ұйымдасты­руы­­мен сүндет той өткізіліп жатқанын анықтады. Оған 40 адам қатысқан. Ал үлкен залда 57 жастағы қала тұрғынының ұйымдастыруымен қыз ұзату тойы өткізіліп жатқаны белгілі болды. Ол тойға шамамен 350 адам шақырылған.

Полиция қызметкерлері мен мо­биль­дік топтың талап етуімен мере­келік іс-шара тоқтатылды. Аталған фак­тілер бойынша әкім­шілік хаттамалар толтырылып, СЭС-тің қарауына жіберілді».

Ал ізінше Қарағанды облысы әкі­мінің баспасөз хатшысы той жа­­сау­шы 57 жастағы азаматтың мем­­ле­кеттік қыз­­метші екенін растап, оған қа­тысты арнайы тексеру таға­йындалып, ка­ран­тиндік шектеулерді бұзу фактілері растал­ған жағдайда оны атқаратын лауазымы­нан босатуға дейінгі ең қатаң шара қабыл­данатынын ресми түрде мәлім етті.

«Сондай-ақ санитарлық норма­лар­дың бұзылуына байланысты атал­ған іс-шара тоқтатылып, ұйым­дас­тырушыларға әкімшілік айыппұл салынады. Барлық азаматтарға науқас­та­ну деңгейінің өсуі кезеңінде сани­тар­лық шараларды сақ­тау қажеттігін ескертеміз. Жауапты мем­лекеттік ор­­­гандар азаматтардың мәрте­бесіне не­месе жұмыс орнына қарамастан, бұзу­шылықтардың жолын кесу үшін қатаң шараларды қабылдайды», де­ген мәлімдеме таратты ол.

Жұрттың орынды наразылығын ту­дырған оқиғаға қатысты Қарағанды қа­ла­­лық мәслихатының депутаты Бей­біт Күл­мағамбетов өз пікірін айтты.

«Мемлекеттік қызметшінің 500 кісі­ге той жасап, карантин талап­та­ры­ның шектеуін бұзуы – өрескел заң бұзу­шылық, қала тұрғындарының өмі­рі мен денсаулығына жасалған қиянат, тіп­ті қылмыс деуге де болады, – деді ол. – Бұл тойда болған барлық лауазым иелері – депутаттар, құқық қорғау қыз­мет­керлері, мемлекеттік органдарда жұмыс атқарған, сол тойдың қо­нағы бол­ған кісілердің есімдері белгіленіп, әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылуы қажет. Қарағанды облысы мен қала­ның басшыларын, облыстық және қа­ла­лық мәслихаттардың хатшыла­рын бұл келең­сіз оқиғаны арнайы қарауға, той иесі мен тойға қа­тысқан мемлекеттік лауазым иеле­рін жауап­кер­шілікке тартуға шақы­ра­мын».

Ал жергілікті журналист Жаңабек Нар Arista мейрамханасында былтырдан бері бір тоқтамай, ас пен тойдың өтіп жүргенін қынжыла айтады.

«Індет өршіген кезде де астанадан, өзге қалалардан келіп той өткізеді. Жұрт­тың бәрі мұнда жүретіндердің, негі­зі­нен, шенеуніктер екенін айтады. Arista мейрамханасының мұның алдындағы бейнежазбаларын да тексеру керек», деген пікір білдірді ол.

Енді қоғамда қызу талқыланып жатқан осы оқиғаның астарына үңіліп көрейікші. Кеншілер астанасындағы жоғарыда аталған мейрамханада былтырдан бері той, ас беру сияқты адам көп жиналатын жиындардың өтіп келгенін жұрттың бәрі біледі. Жалғыз бұл емес, қаладағы басқа да мейрамхана-тойханалардың жасырын той ұйымдастыратыны талай мәрте айтылып келді. Осы орайда карантин­дік шектеуді бұзып, шектен шыққан жиын-тойдың өтіп жатқандығы туралы құзырлы органдардың білмеуі тіпті де мүмкін емес деп сеніммен айтуға болады. Өкінішке қарай, бәріне көз жұма қарайтын тамыр-таныстық қолды жіпсіз байлап тұр.

Той болған күннің кешінде Қара­ған­ды қаласы бойынша жүргізілген рейд­тік іс-шаралар барысында каран­тиндік шараларды бұзудың бас­қа да фактілері анықталған. Мәсе­лен, «Сәтті» деген мейрамханада үйлену тойы өткізілгені, оған 200 адам­ның қатысқаны тіркелді. Сондай-ақ «Диадема» мейрамханасында да дәл осындай тәртіп бұзушылық әшке­реленген. Алайда нысан иелері мониторингтік топтың ғимаратқа кіруіне рұқсат бермей, тойшыл қонақтар ғимараттың жертөлесі арқылы далаға шы­ғып кеткен. Дегенмен бұл факт бейнежетонға жазылып алыныпты.

Мониторингтік топтардың жұ­мыс алгоритміне сәйкес барлық бұзу­­шылық бойынша Қарағанды қала­­сының Қазыбек би атындағы аудан­ның сани­тарлық-эпидемиялық бақы­лау басқар­масына шұғыл хабарлама жолданған.

«Хабарлама келген соң СЭС қыз­мет­керлері тексеру тағайындау туралы акті­лерді рәсімдеді. Атал­ған фактілер бо­йынша мекеме иеле­ріне 670 мың теңге кө­лемінде айып­пұл салынған. Іс-шара­лар­ды ұйым­дастырушылар – 87 мың теңге, ал бар­­лық шақырылған және кел­ген қонақтардан де­ректер мен түсінік­те­мелер алынды», деген мәлімет таратты облыс әкі­мінің баспасөз қызметі. Ал енді облыстағы эпидемиялық ахуал­ға келсек, жағдай мәз емес: өңір­де 2021 жыл­дың 6 тамызына де­йін коронавирус инфек­циясын жұқтыр­ғандардың саны 63 439 адамға жетті. Өткен тәулікте 1038 тұр­ғын­нан «жаман тұмаудың» белгілері бай­қалған.

Arista мейрамханасында болған той­ға оралмай болмас. Мәселен, об­лыс­тық деңгейдегі жауапты қыз­мет­те жүрген шенеунік жоғары тұр­ған басшысы бас иземесе, мұндай бей­бастақ әрекетке бармас еді ғой. Құзырлы органдардың таныс басшылары «бармақ басты» демегенмен, «көз қыстымен» рұқсат бермегенде ол өзінің қызметтік мансабын бәйгеге тігіп, тығылып той жасамаған болар еді-ау деген ой келеді. Яғни жоғарыдан «ұр-тоқпақ» болмайынша, бұл істе тәртіптің орнамасын жұрттың бәрі біліп отыр. Ал пандемия пенде баласын табаға салып қуырған мына заманда шектеудің талабы осылайша өрескел һәм қасақана бұзыла берсе, ащы да болса айтайық: жиын-той­дың түбімізге жететін түрі бар.

 

Қарағанды облысы

 

P.S. Бет қатталып жатқанда Қарағанды облысының әкімдігінен мынадай ресми ақпарат жетті. Онда онлайн режімде өткен аппарат кеңесінде өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Халел Мақсұтовты карантин тәртібін өрескел бұзып, пандемия өршіп тұрған кезде той ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатқаны жөнінде хабарланған.