17 Қаңтар, 2014

«Далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан...»

2900 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ойпырм-ай, Оңтүстікте орын алған осынау бір оқиғаны көрсетпеген, жазбаған ақпарат құралдары қалмады ғой деймін. Елдің бәрі жаңа жыл мерекесін тойлап, ертеңіне енді естерін жинап жатқан кезде белгісіз келіншек Шымкенттің шетіндегі Қайтпас елді мекеніндегі бір үйдің ауласына үш бірдей жас баласын тастап кетіпті.

Ойпырм-ай, Оңтүстікте орын алған осынау бір оқиғаны көрсетпеген, жазбаған ақпарат құралдары қалмады ғой деймін. Елдің бәрі жаңа жыл мерекесін тойлап, ертеңіне енді естерін жинап жатқан кезде белгісіз келіншек Шымкенттің шетіндегі Қайтпас елді мекеніндегі бір үйдің ауласына үш бірдей жас баласын тастап кетіпті. 

Небәрі үш жастағы бүлдіршін қыз екі жасар інісін қасына, сегіз айлық сіңлісін қолына алып, қардың үстінде жылап отыр екен. Аяз сорып, бүрсең қаққан балаларды сол үйдің әйелі тауып алып, үйіне кіргізіп, құқық қорғау органдарына хабар берген. «Бала жалаңаяқ екен. Бұтына «жіберіп» қойыпты, онысы қатып қалған. Үлкен сөмкені ашсам, ішінде әлди жатыр. Ол да жұқа киінген» деп сұхбат берді республикалық телеарналарға балаларды тауып алған әйел. Осынау аяныш­ты ақпарат, әрине, елді дүр сілкіндіріп, ашу-ызасын туғызды. Сүп-сүйкімді үш бүлдіршінді теледидардан көргендердің «Қандай ғана қатыгез ана осындай бейкүнә балаларды көшеге қиып тастап кетті екен?» деп жүректері қан жылағаны анық. Сонымен, полиция «көкек анаға» іздеу жариялады.

Бәрі кейін белгілі болды ғой. Баяғыда әжелеріміз баланы ұйықтатарда «Әлди, әлди, баладан, тауып алған даладан, далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан...» деп әлдилеуші еді. Сол айтпақшы, бұл балалар абайсызда шанадан түсіп қалмаған екен. Үш бірдей баласын қарға отырғызып кетті деген ана да табылды. Ақпараттың қайдан шыққанын қайдам, біреулер оны жеңіл жүрісті әйел екен деп те жатты. Оның қаншалықты рас-өтірігін бір құдай білер, бірақ әйел өзінің құрылыста жұмыс істейтінін айтты. Ең қызығы, бәлкім, сұмдығы шығар, үш бүлдіршінді тауып алған әйел балаларға бөтен болмады, туған әжесі болып шық­ты. «1 қаңтар күні кешкі сағат бестерде енем телефон шалып, «Балаларды маған үйге әкеліп бер», деп айтты. Үшеуін киіндіріп апарып, өз қолына тапсырып­ кеттім. Осының бәрін қайынсіңлім көріп тұрды. Өз бала-шағамды қалай көшеге тас­таймын?» деп шырылдайды үш баланың анасы. Оның айтуынша, күйеуі екеуі азаматтық некеде болған. Бірақ, соңғы жылдары бірге тұрмайтын көрінеді. Содан болар, енесі екеуінің арасы жақсы емес. Міне, бар жағдай осы.

Әрине, өмір болған соң, ене мен келіннің жаулығы, араздығы, дүрдараздығы туралы талай әңгімелерді естіп, кейбірін көзіміз де көріп еді. Бірақ, «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, мынадай сұмдық жағдай елді айран-асыр қылып, жүректерін ұстатты. Бұл жерде енені де, ананы да ақтауға болмайды. Егер оқиға шынында осылай өрбіген болса, туған немерелерін танымай немесе танығысы келмей, ел-жұртқа «даладан тауып алдым» деп жария қылғандағы әженің мақсаты не? Мейлі, келінімен араз екен, бірақ, осы дауды үй ішінде-ақ, ағайын арасында-ақ шешуге болмады ма? Жалпы, бұл оқиғада кімге сенуге болады? Балалардың әкесі қайда? Ол неге үндемейді? Енді, міне, ене мен келіннің араздығынан бейкүнә үш сәби жапа шегіп отыр. Іс толық біткенше 3 жасар Керемет бейімдеу орталығында, бауырлары Мирас пен Кәусар қалалық балалар ауруханасында қалатын болды. Өйткені, әлі күнге үш баланың да туу туралы куәліктері жоқ. «Өзінің ата-аналық міндетін дұрыс орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 111-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл бапта арнайы айыппұл қаралған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аяқталған соң барлығы толық белгілі болады», – дейді Еңбекші аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмас Мырзахметов.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар