Коронавирус • 10 Тамыз, 2021

Халал вакцина деген бола ма?

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаза, өлім-жітім көбейген күндерде Алматының мешіттері де қазіргі ахуалдан қалыс қала алмайды. Бір жағынан дін мен дерттің байланысы, ем қабылдауда да өзіндік пәтуалар бар екенін жоққа шығаруға болмас. Мәселен, шипасы бар тұнбалар мен дәрі-дәрмектердің құрамында этил спирті немесе шошқа майы болуы мүмкін.

Халал вакцина деген бола ма?

Осындай сауалдарға қатыс­ты Алматы орталық мешітінің наиб-­имамы Мадияр Пірімқұлов мұсыл­мандарға вакцина мәсе­лесіне кү­мән­данудың қажеті жоқ екенін айтып отыр.

«Вакцина халал, сондықтан мұ­сыл­мандарға қолдануға рұқсат еті­леді. Өкінішке қарай, індеттің өр­шуі бұл туралы ойлануға мұр­ша бермейді. Алматыдағы эпи­де­миялық ахуал өте күрделі, бар­лық имам қаладағы жағдайды мұқият бақылап отыр. Біз жұқ­тырғандардың саны тұрақты өсіп келе жатқанын білеміз. Сондай-ақ отбасыларымызды коронави­рустан қорғап, бір-біріміз­дің әл-ауқа­тымызға қамқорлық жа­сауы­мыз керек. Вакцина – ден­саулық пен өмірді сақтау үшін осы жағ­дайдағы жалғыз ақыл­ға қонымды шешім», деді М.Пірімқұлов.

Наиб-имам ресейлік «Спутник V» вакцинасын жасаушы­лар­дың мәліметтерінен хабардар еке­нін айтады.

«Ол халал, өйткені оның құ­ра­мында шошқа желатині және исламда тыйым салынған басқа да өнімдер жоқ. Бұл вакцина Иран, Бахрейн және БАӘ сияқ­ты бірқатар мұсылман елінде қолданылады. Сондықтан уақыт­ты босқа кетірмей вакциналарды халал және халал емес жағынан қарастырмаңыз. Адамдардың өмірін құтқаратын кез келді», деп сөзін нақтылады наиб-имам.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін «Ислам­да адам өмірі мен денсаулығынан ар­тық құндылық жоқ» деген мәлімдеме таратқан болатын. Сондықтан әркім өз денсаулығына ерекше назар аударуы керек. Ру­хани басқарма вакцина адам денсаулығын қазіргі уақытта жаһандық қауіп төндіретін ко­ронавирустан қорғаудың ең қа­уіпсіз және тиімді әдісі екенін еске салды. Ал шариғатта вакци­налауға рұқсат берілді. Бірақ вак­цина – бұл әр азаматтың жеке таң­дауы.

«Өздеріңіз білетіндей, біз­дің елімізде және әлемде індет­пен байланысты жағдай күр­делі. Күн сайын бір отбасынан бір­неше адам жұқпалы ауру­дан қайтыс болғаны туралы қай­ғылы оқиғалар қайталана бас­тады. Бұл вакцинаның қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан денсау­лы­ғымыз бен өмірімізді сақтап қалу үшін вакцинадан өтуге шақы­рамыз», делінген ҚМДБ хабарламасында.

Жалпы, әлемдік діни өкілдері вакциналанудан бас тартатын барлық діни сенушілер тек өздерін ғана емес, айналасындағылар­дың денсаулығын ойлауы тиіс екенін тынбай айтып келеді. Өйт­кені барлық дін, ең алдымен, жақындарын қорғауды бас­ты парыз санайды. Осы ретте Алматының ең үлкен мешіт­те­рінің наиб имамдары да өз ұста­нымдарын алға тартты.

Нұрболат Дүйсебаев, Ал­маты қаласы Бостандық ауданы «Бай­кен» мешітінің наиб-имамы:

– Шариғатта коронавирусқа қарсы вакцинаға рұқсат етілгенін әрі қасиетті Құранда өзіне де, басқаларға да зиян тигізбеу керек екені айтылған. Алла қандай ауру жіберсе де, оның мол сауабын жібереді. Жалпы, Алматыда діни бірлестіктер өкілдерінің көпшілі­гі өздерін және жақындарын қа­уіпсіздендіру үшін ғана емес, сонымен қатар індетпен күресте Қазақстан халқының бірлігін көрсету үшін, екпенің өмірлік қажет екенін көрсету үшін вакцина алып жатыр.

Қанатәлі Такиров, «Әли Мұ­­хаммед» мешітінің имамы:

– Коронавирусқа қарсы вак­­циналарда Ислам дінін ұста­ну­шылар үшін тыйым салынған ештеңе жоқ. Біздің ата-бабаларымыз да «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Көптеген діни қызметкер қазірдің өзінде вакциналанған. Сондықтан Алматының басқа тұрғындарын оларды үлгі етуге шақырамыз. Ғылым исламның бір бөлігі екенін есте сақтау керек және біз ғылыми зерттеулерге сенуіміз ке­рек. Алматы имамдарының бел­сенді ұстанымының арқасында ме­шіттер жұқпалы кеселдердің алдын алып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Ұжымдық дұғаларға тыйым салынды.

Бауыржан Көптілеуов, «Төле би» мешітінің ұс­тазы:

– Қастандық теориясына сенбеу керек, дін мәселелерінде имамдарды, медицина мәселелерінде дәрігерлерді тыңдау керек. Қа­зір коронавирустың төртінші тол­қыны үдеп, жұрт жаппай ауырып жатыр. Тепсе темір үзетін жас­тарға да індет жұғып жатыр. Адам өмірін сақтау және құтқару үшін жасалып жатқан барлық іске шариғат тыйым салмайды, ке­рісінше, құпталады. Сондай-ақ пай­ғамбарымыздың с.ғ.с «Өзіңе де, өзгеге де зиян тимесін» деген ха­­дисін естен шығармауымыз керек.

 

АЛМАТЫ