Айтулы ақын табиғаты көркем Көкшетауда өмірге келіп, жасынан поэзияға ғашық болып, өлең өлкесіне ерте қадам басты. Алдымен аудандық, кейін облыстық, республикалық газеттерде назды нақыштарға толы жырлары жарияланып, оқырмандарға танылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтап, мерзімді басылымдарда қызмет атқарды.
Марфуға Бектемірова шығармашылығының ең бір жарқыраған шағы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін болса керек. Ел еркіндігі мен ой еркіндігі ақынға қанат бітіріп, өнімді еңбек етті. «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің, қайдасың?» деген жыр жинақтары жарық көрді. Бұл кітаптарға сыншылар қауымы да зер салып, парасатты пікірлерін айтты. Аузы дуалы ағалалары да ақынға жылы сөздерін аямады. Мәселен, Ақселеу Сейдімбек оны «Шынайы сезімнің ақыны» десе, Қойшығара Салғараұлы «Зерделі, ойлы ақын» деп бағалады. Айтпақшы, шайырдың орыстың атақты ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін өте сәтті тәржімалағанын айта кетуге болады.
Кеш барысында сөз алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар: «Мен Марфуғамен КазГУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыдым. Сол кезде біз оның болашағынан үлкен үміт күткен едік. Ол үмітімізді ақтап, елге танымал ақын атанды. Тек өмірі қысқа болды. Бүгін Қаламгерлер аллеясында Марфуғаны еске алу кешінің өтуі құптарлық» деп әсерлі естелік өрбітсе, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы директорының орынбасары, ақын Олжас Қасым Марфуға лирикасының көркемдік деңгейі туралы айта келіп, оның поэзиядағы алар орны жоғары деп бағалады.
Ал ақынның жары, қаламгер Есенгелді Сүйінов өмірден өткен Марфуға Бектемірованың шығармашылығы қазақ әдебиетінің төрінен орын алып, оның есімін есте сақтау мақсатында Нұр-Сұлтан, Қостанай, Көкшетау қаласынан көше немесе мектепке ақынның есімін берсе деген ойын айтты.
Сондай-ақ кеш аясында аяулы ақынның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндері орындалды.