Аймақтар • 10 Тамыз, 2021

Семейде қирамаған не қалды?

675 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Рас, Семейде қирамаған не қалды? Жолың әне, көпірің міне. Автобустары ол... Күн суытқанда жылудың проблемасы және басталады, деп жазады Egemen.kz.

Семейде қирамаған не қалды?

9 тамызда Семейдегі ескі көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі опырылып түскен. Аяқ астынан дейін десек, әнеугүні тіреуі ажырап кеткен. Ол туралы әлеуметтік желіде жергілікті жұрт жарыса жазысқан. Тіпті фотосуретіне дейін жүктеген. Алайда жұрттың дабылына құлақ түрген бір басшы болмады. Сол кезде көздерін шұқып тұрып көрсеткен ақауға басшылардың бірі мән берсе, мынау ұқсап опырылып жатпас еді. Абырой болғанда, бала-шаға өтіп бара жатқанда құламаған. Әйтпесе, қаусап тұрған көпірдің үстінен адам аяғы үзілмейді. Ары-бері сабылысқан көлік те көп. Айтпақшы, баяғыда да беткі жабындысы ойылып кетіп, автобустың дөңгелегі түсіп кеткен екен.

Семейдегі қоғам белсенділерінің айтуынша, көпір 1997 жылдан бері апаттық жағдайда тұр екен. Ол уақытта оң жағалау мен Жаңа Семейді жалғап жатқан жалғыз көпір-тұғын. Кейін 2001 жылы жаңа аспалы көпір түсіп, ескі көпірге түсетін салмақ азайды. Десе де, елу жылғы ескі өткел елге қауіп төндірмей тұрған жоқ.

Осы жолы көпір опырылып түсе сала қала басшылығы оқиға орнына жеткен. Көпірдің қаңқасы бүтін дегендей пікірге келген олар, қауіпсіздік үшін көпірді уақытша жапқан. Алдағы күндері арнайы мамандар көпірді толықтай тексеріп, бір қорытындыға келеді. Дұрысы, жазатайым жағдай болмай тұрғанда, күрделі жөндеу керек шығар.