Қазақстан • 10 Тамыз, 2021

Шілде айында аптап ыстықтан рекорд орнады - синоптиктер

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шілде айында ауа температурасы  көпжылдық рекордты жаңартты, деп жазады Egemen.kz.

Шілде айында аптап ыстықтан рекорд орнады - синоптиктер

Қазгидрометтің жазуынша 7 шілдеде Қызылорда метеорологиялық станциясында ең жоғары ауа температурасы +46,5°С тіркелді. Осылайша 1975 жылғы рекорд жаңартылды. Ол кезде 20 шілдеде ауа температурасы +46,0°С-қа жеткен болатын.

Жылудың тағы бір толқыны үшінші онкүндіктің бірінші жартысына, Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы +34+44°С дейін көтерілген кезде келді. Осылайша Түркістан қаласында 25 шілдеде +44,1°С болды, бұл көрсеткіш өз кезегінде 2017 жылғы осы күннің алдыңғы рекордынан асып түсті (+42,5°С).

Сондай-ақ, шілде айының жекелеген күндерінде, Қазақстанның солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында екінші онкүндіктің ортасында және айдың соңында, ең төменгі ауа температурасы тіркеліп, рекорд жаңартылды. Мысалы, 29 шілде күні түнде Солтүстік Қазақстан облысындағы Рузаевка метеорологиялық станциясында ауа температурасы +5,3°С құрады. Нәтижесінде осы түннің алдыңғы рекорды жаңартылды, ол 2020 жылы +7,7°С құраған еді.

Шілдеде температура рекордынан басқа, қатты жел, дауыл, бұршақ және найзағай, қатты жаңбыр сияқты қолайсыз ауа-райы орын алды. Бір ай ішінде республика бойынша 15-28 м/с екпінді жел  Достық, Есік, Үштөбе сынды жекелеген аудандарда 30-37 м/с дейін жетті. 

7-8 шілдеде Ақтөбе метеорологиялық станциясында 54,7 мм қатты жаңбыр жауды. Айлық норма 30 мм болатын. Ал Үштөбе метеорологиялық станциясында диаметрі 20 мм бұршақ түсті.

Павлодар облысындағы Ақжол метеорологиялық станциясында желдің жылдамдығы 36 м/с, ұзақтығы 6 минут болатын дауыл тіркелді.

Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылы ең жоғары ауа температурасы 4 шілдеде тіркелді. Бұл күні термометрлер +37,8°С көрсетті. Осылайша 1997 жылы орын алған рекорд жаңартылды. Сол кезде ауа температурасы +37,5°С құраған болатын.

Бір айда 44,3 мм (нормадан 89%) жауын-шашын түсті. Естеріңізге сала кетсек, орнатылған норма 50 мм құрайды.