Бұдан бірнеше жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы қолға алынған болатын. Өз атауынан көрініп тұрғанындай, аталған бағдарлама мектепке дейінгі ұйымдар қызметін халықаралық стандарттарға сай қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда Орал өңірінде балалар бақшалары мен мектеп-балабақша кешендері және шағын орталықтар жүйелі, іркіліссіз әрі сатылы түрде қызмет атқарып келеді. Оның саны жыл өткен сайын толыға түсуде. Мұнда бүлдіршіндерге тәрбие беру мен оқытудың алғашқы негіздері жаңа технологияларға арқа сүйейді.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы қолға алынған болатын. Өз атауынан көрініп тұрғанындай, аталған бағдарлама мектепке дейінгі ұйымдар қызметін халықаралық стандарттарға сай қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда Орал өңірінде балалар бақшалары мен мектеп-балабақша кешендері және шағын орталықтар жүйелі, іркіліссіз әрі сатылы түрде қызмет атқарып келеді. Оның саны жыл өткен сайын толыға түсуде. Мұнда бүлдіршіндерге тәрбие беру мен оқытудың алғашқы негіздері жаңа технологияларға арқа сүйейді.
Өкінішке қарай, жоғарыда аталған мектепке дейінгі ұйымдарға бару мүмкіндігі жоқ балдырғандар да баршылық. Ал мұндай жарық дүниеге кемтар күйінде келген «балапандар» шетқақпай қалуға тиісті емес. Егер бұлай болатын болса мұндай көрініс біздің қазақстандық қоғамның ізгілігі мен парасаттылығына едәуір көлеңкесін түсірер еді.
Сондықтан да елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету және инклюзивті білім беру кабинеттері ашылған. Бұған Ақжайық аймағынан да жарқын мысалдар келтіре кетуге болады. Аталған топқа кіретін үш жүзге жуық баланың әрқайсына айрықша назар аударылып, мұндағы мектепке дейінгі тәрбие ісі нәтижелі болуы үшін шетелдік тәжірибеге де ден қойылған.
– «Балапанның» ішкі астары мен иірімдері мейлінше терең. Әр бала өзінше бір уникум, өзінше бір құбылыс. Мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарында қызмет атқаратындар, міне, дәл осындай әр баланың даралығын дамытуға көңіл аудармаса көп нәрседен ұтылады. Бұл үшін оларға Монтессори технологиясы көмекке келе алады. Сондықтан да біз өңірдің бірқатар мектепке дейінгі ұйымдарында осы технологияны енгіздік, – деп мәлімдеді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Бұл қандай технология? Яғни білім беру ведомствосы басшысының сөзінен ұққанымыз, әртүрлі мөлшердегі стакан-құтыларды, музыкалық ойыншықтарды, түрлі-түсті кітапшалар мен ұстап көруге болатын әр алуан материалдарды қолдану арқылы «балапандардың» бойында сенсорлық сезімталдықты дамытуға болады екен.
Соңғы кездері облыста Тілдер туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттік тілде, ал ұлттық топтардың ықшам орналасқан нүктелерінде олардың өз тілінде жұмыс істейтін мектепке дейінгі ұйымдар құрылуда. Бір сүйсінерлік мәселе, жыл өткен сайын мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, өсіп келе жатқаны қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар мен орталықтарда өзге ұлт өкілдері балалары санының өсуіне ықпал еткені айқын байқалады. Әрі олардың саны ондап емес, жүздеп саналады. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда 1049 орыс және 331 басқа ұлттардың балалары Орал өңірінде қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие алуда.
Сондай-ақ, облыстағы аталған ұйымдарда көптілділікті үйрету жұмыстары да жан-жақты ойластырылған. Бұл іс ата-аналардың қалауымен әрі келісімімен іске асып келеді. Атап айтқанда, бүгінде аймақтағы мектепке дейінгі 157 ұйымда 11 мыңнан астам бүлдіршін ағылшын тілін үйренуде. Әрине, осының бәрі жаңа технологиялардың көмегімен іске асып отыр. Өз кезегінде бұл жаңа үлгідегі сенсорлық интерактивті тақталар, компьютер, проектор, экрандармен жабдықталған мультимедиалық кабинеттер деген сөз. Сонымен бірге, тәжірибеде баланы жан-жақты дамытудың бір тәсілі ретінде компьютерлік ойындар да кеңінен қолданылуда.
Бала тәрбиесі мектепке дейінгі ұйымдар мен ата-аналар бірлесіп қызмет жасағанда ғана ойдағыдай нәтиже бермек. Бұл үшін облыстағы балабақшалар мен шағын орталықтар жанында ата-аналарға арналған кеңес беру қосындары ашылған. Мұндай көрініс отбасылық құндылықтардың артуына алғышарт қаламақ.
Иә, бүгінде «Балапанның» қанаты қатайып келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Суретте: мектепке дейінгі ұйымнан көрініс.