Негізгі себеп - елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы. Нәтижесінде көмірді тұтыну 4,8 млн тоннаға дейін төмендейді. Бұл ретте өткен қыстың көрсеткіші - 7,2 млн тонна екенін айта кеткен жөн.
Алдын ала мәлімет бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындарға 3,4 млн тонна көмір тиелді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне 2,9 млн тонна жөнелтілді. 14,5 млн тонна көмір экспортталды.
ШҚО, СҚО және Алматы қаласын қоспағанда, барлық өңір 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңіне қажетті көмір көлемін растап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Көмір сатып алуға тендер жарияланып, өңірлік операторлар анықталды.
ҚР ИИДМ-де облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы әкімдіктерімен кеңейтілген кеңес өтті. Онда өңірлік билікке халыққа көмір бағасы мен маркаларын, сатылатын жері мен оларда көмірдің бар-жоғын түсіндіріп, тиісті ақпарат беріп отыру үшін арнайы «жедел желі» құру, көмірді жеткізу мен оның сапасына қатысты тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылды. Ал көмір бағасының заңсыз өсуі жағдайында монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін белсенді түрде тарту қажет.
Сарапшылардың бағалауынша, маркасына байланысты көмір бағасы 9,9%- дан 24%-ға дейін өсуі ықтимал.
Отандық көмір өндіруші компаниялар 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында барлығы 59,7 млн.тонна көмір өндірді. Көмірді негізінен төрт көмір өндіруші компания жеткізеді. Олардың нарықтық үлесі жеткізудің жалпы көлемінің 89%-на тең. Атап айтқанда, «Шұбаркөл Көмір» АҚ үлесі 28%, «Қаражыра» АҚ үлесі 25%, «Майкубен-Вест» ЖШС үлесі 25%, «Богатырь Көмір» ЖШС үлесі 11%.