Руханият • 10 Тамыз, 2021

Абай күні: Ел газеті «Даналық дариясы» жинағын жарыққа шығарды

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген абайтанушы-ғалымдардың ғылыми-танымдық  мақалалары мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің  пайым-пікірлері арнайы жинақ болып жарыққа шықты, деп жазады Egemen.kz.

Абай күні: Ел газеті «Даналық дариясы» жинағын жарыққа шығарды

Жинақ «Даналық дариясы» деп аталады. 

Арнайы кітаптың тұсаукесері бүгін, Абай күнінде өтіп, жұртшылыққа таныстырылды. 

Серік Негимов, Ерлан Сыдықов, Дәулеткерей Кәпұлы, Асқар Омаров, Рауан Кенжехан, Амангелді Кеңшілікұлы сынды зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жинақты шығарудағы басты мақсат –  Абайдың 175 жылдығы мен 100 жылдықтары қарсаңындағы материалдарды жинақтау болғанын айтты.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Абай мерейтойының атқарылуында «Egemen Qazaqstan» газетінің орасан еңбегін атап өтті.

«Ел газеті әр жылдың өзіндік қорытындысын жасап, айшықты сәттерді тарих бетіне басып келеді. Былтырғы жыл түгелдей Абай жылын, Ұлы ақынның мерейтойын өз дәрежесінде атқарып, Президент тапсырмасына сай, ең үлкен жұмыс атқарған ұжым болатын болса, ол осы – «Егемен Қазақстан» ұжымы дер едім. Бір жылда, Абай жылында не атқарылғанының бәрін бір кітапқа топтастыру – үлкен әрі қажырлы еңбек», деді ЕҰУ ректоры.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жинаққа қатысты «Бұл – абайтану ғылымына қосылған орасан зор үлес, үлкен еңбек. Келер ұрпақ Абайдың 175 жылдық ұлы тойы қалай аталып өтіліп, қандай жұмыстар атқарылғанына тарихи жауапты осы жинақтан таба алады», деп пікір білдірді.

757

Айта кетейік, «Даналық дариясы» жинағы екі бөлімнен тұрады.  «Мәңгілік мұра» деп аталатын алғашқы бөлімінде  өткен ғасырдың 40-50 жылдары, яғни Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Социалды Қазақстан» және «Социалистік  Қазақстан» газеттерінде жарияланған әдеби-ғылыми мақалалар, жазба-эсселер топтастырылған. Ал екінші бөлімі «Ақыл-ой алыбы» деп аталады. Оқырман бұл бөлімнен Абайдың 175 жылдық тойы қарсаңында ел газетінде жарық көрген ғылыми-танымдық мақалалар мен пікірлерді оқи алады.

7585

Соңғы жаңалықтар