Өнер • 10 Тамыз, 2021

Театр тарланы еді

677 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ғұмыры ізгілікке толы жандардың өмірпарағына үңілген қандай ғажап. Еске алған сайын, көңілің елегізіп, кеудеңе қанат біткендей болады. Осындай тау тұлғалардың ортамызда болғаны жанға сая, рухқа медет еді. Әттең... Ұлы уақыттың өз жоспары бар. Қарабауыр қоғамда жақсы адамдарға, әсіресе, өнермен қанаттас таланттарға қазақ сахнасы шөлдеп тұратыны жасырын емес. Тәңірі берген қасиеттің қадірін біліп, қылтасын қақпанға қидырса да қыңқ демей, ұлт руханияты үшін рухын қайраған жандардың қай-қайсысы да ыстық. Бүгін сондай жарқын бейнелердің бірі, тірісінде театр тарланына айналған Өмірсерік Қалиұлы жайында сөз қаузамақпыз.

Театр тарланы еді

Өнер сыншысы Әшірбек Сығайдың бір әуезді пікірі біздің де көңілге қонақ­тап алған. «Бірі шық бермес сараң, бірі халық қамын ойлаған хас батыр, бірі жаны нәзік сезімтал кісіні әрқайсының өзіне тән даралық қалпында айнытпай кескіндеу Өмірсерік Қалиұлы сынды талантты актердің қолынан ғана келері сөзсіз». Осы мөп-мөлдір пікір кейіп­керіміздің болмысына құйып қойғандай нақ айтылған. Өзі ірі денелі, көзқарасы бөлек театр әртісінің алып Абайды һәм батырларды сомдаған образы әлі де халықтың жадында. Сол асқақ бейнені ұмытасың ба енді.

Ел аузында «Қабанбай батыр» аталып кеткен Өмірсерік Қалиұлы Ақсу ауда­нына қарасты Басқан ауылында дү­ниеге келген еді. Әкесі Қали Жөң­кебаев халықтың қамын ойлаған, елді артынан ерте білген жан болған кө­рінеді. Кісілігі мен кішілігі бірдей Қали 1916 жылғы Мау­сым жарлығы бойын­ша окоп қазу жұмы­сына алынған. Алайда Қазан төң­ке­рісі болып, патша тағынан құлаған тұста қандастарымен бірге елге оралады. Халық қамын ойлаған азамат туған жеріне сағынышпен келгенде бойын­дағы күш-жігері сарқылғанша жұрт үшін еңбек қылуды мақсат етеді. Сол та­лабы оң болғандай ағайын арасында абы­ройлы қызмет атқарып, Құмжарған ұжымшарының төрағасы болып сай­ланғанда аталмыш шаруашылықтың әл-ауқатын көтеру жолында табандап тер төгіп, елеулі еңбек еткен. Со­­нымен қатар Бүкілодақтық ауыл ша­руашылығының Мәскеу қаласында өткен көрмесіне қатысып, М.Калининнің қолынан Еңбек Қызыл Ту орденін алса, сол жылдың күзінде Шатырбай Бетенов «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанып қайтқан. Осының өзі араб­ша тіл сындырып, ескіше хат та­нып, намазға жығылған Қалидың халық азаматы ретінде атқарған ерен еңбегін танытар дүние. Ал қазақ елінің мақтанышы Өмірсерік Қалиұлының анасы Мүслима Матай руынан таралған Кенже Шөпшімесінің Мұсабай биінің қызы. Ол жасынан өнердің сан түрін меңгерген, ән­ші, қиссашы, жыр-дастанды жадына тұтқан жан екен. «Қобыланды», «Қыз Жі­бек», «Зархан сал» дастандарын жат­қа соғатын Мүслима жасынан Құран аят­тарын, Пайғамбар хадистерін жетік біл­ген, дін­ді берік ұстанған екен. Міне, ол осындай асыл текті ата-ананың перзенті болған.

Адам баласы бойдағы талантын ұштау, жетілдіру жолында табанды ең­бек ете білмесе өнер әлемінде өзін өзгеге мойындата алмасы анық. Ал әу бас­тан театр үшін жаралғандай болып көрінетін ол өз бақытын балалық шақтан қалап, дара жолын қалыптастыра білген жан. Болашақ актер өмірге келген жылдары Құмжарған, Бірлікті, Жаңатілеу ұжымшарлары біріктіріліп, Жаңалық деген үлкен шаруашылыққа айналады. Осы ұжымшардың орталығында жеті жылдық Жаңатілеу мектебі ашылады. Бұл мектеп табалдырығын 1952 жылы аттаған дарын иесі оны 1959 жылы тәмамдайды. Сол жылы 13 жасқа толған Өмір­серік өміріндегі асқар тауы, алтын тірегі саналар әкесі Қалиды мезгілсіз қазасына орай жер қойнына тапсырып, тағдырдың бар ауыртпалығын балаң мойнына жүктейді. Дегенмен білімге сусаған баласының талабын қайтарып, тауын шақпау мақсатында анасы Мүслима онжылдық Қаракөз орта мектебіне береді. Ғазиз анасының қамқорлығында болып, жыр-дастан, қиссаларын тыңдап өскен Өмірсерік Қалиұлының бала жастан әдебиет пен өнерге деген ынтызарлығы оянады. Сол аңсар мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ болашақ актердің есімін даралаған көрінеді. Алтын ұя мек­тептегі көркемөнер үйірмелеріне қа­тысып, сахнада ұстаздарымен бірге түр­лі қойылымдар қойса, 10-сыныпта өзі ұйымдастырып Кеңес Армиясы күніне Қапан Сатыбалдиннің Украина жеріндегі қазақ партизандары туралы жазылған бір актілі «Темірқазық» пьесасын сахналайды. Міне, осы бір еңбектің өзі болашақ өнер адамының алғашқы бас­палдағы және театр әлемі үшін жа­ралған жан екенін танытар дүние десек, артық айтқандығымыз емес.

Тектілікті бойына дарытқан өнер адамы әдебиетке деген құштарлығының арқасында мектепаралық, аудандық байқауларға қатысып, сан жарыстың жеңімпазы атанған. Мектепте қабырға газетін шығарса, аудандық «Өмір нұры» газетіне өлең, мақалалар жазып тұр­ған. Тіпті 1964 жылы Ақсу ауданын­да өт­кен жас тілшілер байқауына қаты­сып, Оспанхан Әубәкіров, Әділбек Абай­ділдәнов, Күнсайын Қуатбаев сын­ды қаламгерлердің алдында өнерін көр­сетіп, ағаларының ақ батасын алған-ды. Сөйтіп, балаң жүрегі өнер өлкесіне тал­пынады. Алайда тілшілік қабілетінің арқасында аудандық газетте қызмет жасап, кейіннен мектептерде мұғалім жетіспегендіктен ұстаз болуға қабілеті бар деген жастардың санатына алынып, ұлағатты жолға түседі.

Діңгек ауылындағы Н. Есболатов атындағы орта мектепке ән-күй, еңбекке баулу, сурет, сызу сабағынан дәріс бере­тін мұғалім болып орналасқан жыл­дары Өмірсерік бойдағы дарынын жетілдіріп әрі өнерлі жастарды жарыққа шығаруға тырысады. Арнайы мектеп оқушылары мен ұжымшар көркемөнер үйірмесін құрып, аудандық мерекелерді өзі ұйым­дастырып, өзі жүргізген-ді. Жігерлі жас өнер мен қоғамдық жұмыстарда осындай белсенділік танытса, 17-ге толар-толмас жасында дос-жаранын ертіп, анасы екеуіне шағын баспана тұрғызады. Бұл оның тіршілікке де бейім екенін, пысықтығын танытар ақпар. Баспана көтерілгенде жалғызының адам болғанына қуанған Мүслима ана лашықты хан сарайындай көріп, өбектеген баласының үйленуін аңсайды. Алайда тағдырдың жазуы болар, ғазиз жүрек немерелі болғанын көрмей о дүниеге бет түзеп кете барған.

Екінші рет сынақ тапсыру арқылы аңсаған арманына қол еткізіп, 1970-1974 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлік факультетіне оқуға түседі. Ол кезде шаңырақ құрып, әке атанғандықтан білім мен тіршілікке бірдей уақыт таба жүріп, Халық әртісі Ыдырыс Но­ғай­баев, Рабиға Мұқайқызы сынды ұлағатты ұстаздардан білім алған. Ш.Құ­сайыновтың «Алдаркөсесінде» Шораяқтың, Ш.Айтматовтың «Жәми­ләсында» Оразыматтың бейнелерін дипломдық жұмысына алған ол, бұл сынақ­тан айрықша табыспен өтіп, рес­пуб­ликалық жастар театрына жұ­мысқа қалдырылады. Алайда диплом алған білікті актер сол тұста үш бірдей баланың әкесі атанғандықтан, отбасы жағдайы бұл жерде тұрақтап қалуға мүм­кіндік бермейді. Сөйтіп, 1974-1975 жылдары туған топырағы Ақсу ауданы, Ілияс Жансүгіров ұжымшарында ком­сомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеп, 1975 жылы сол кездегі об­лыстық мәдениет басқармасының басшысы Ораз Құлмағанбетовтің арнайы шақыртуымен жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театры­на орналасады. Бұл оның театр іргесін қалаушылардың бірі болып тарихта қалуына берілген зор мүмкіндік бо­латын. Міне, осылайша Б.Римова атын­дағы облыстық драма театрының дамуына, қазақ өнерінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан еді.

Қазақ тарихы мен әдебиетін жетік білетін, өмірінде көп ізденіп, талмай оқыған еңбекқор һәм ұшан-те­ңіз бі­лім иесі Өмірсерік Қалиев за­ман­ның заңғар жазушысы Мұхтар Әуе­­зов­тің «Абай» драмасында ұлы ақын­ның рөлін сомдаған. Сомдап қана қой­май, данышпанның ішкі жан-күйі­нен туған даналық сөздерді сахна ті­лінде кө­рерменнің жүрегіне қондыра білген. Өз кезінде бұл рөлі үшін Маман Бай­серкеновтен «Мен бұл актердің бойынан Қалекеңді (Абай бейнесін тұңғыш жасау­шы Қалибек Қуанышбаев) көріп отырмын. Абай бейнесін жасауда актер ұлы ақынның ақындығымен қоса қайраткер философтығын көрсете білді» – деген жоғары баға естіген. Міне, содан бері сан мәрте ұлы ойшылдың бейнесін сом­­даған Өмекең Абайды ерекше баға­лайтынын, жауһар жазбаларға ғашық­тығын тебіреніспен жеткізді.

Оның өнердегі жетістігі өз алдына бөлек әңгіме. Аязда шалғай елді мекендерге ойын қоямын деп жолда қалып, қиын­дыққа тап болды. Сөйте жүріп руха­ниятқа сүбелі үлес қосып, өнердің өрінен тұғыр сайлады. Мәселен, 1991 жылы «Қазақ халық қаһармандары жылы» аталып, республикалық деңгейде өткен Қабанбай батырдың 300 жылдық тойында елі мен жерін қорғауда ерлік көрсеткен қазақ батыры, қолбасшы, дарабоз Қабанбайдың бейнесін жасау оны күллі жетісулыққа танымал етіп, өзі баһадүрдің есімімен аталғаны бір төбе, сонымен қатар лауреатта атанған болатын. 1993 жылдың наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңір­ген әртісі» атағына ие болады.

Иә, еліне Абай бейнесімен танылған, халық жағдайын данышпанша ойлап күңірене алатын, кейде Қабанбай батыр секілді айбат шегіп, батырға тән мәрт­тікпен самарқау пейіл танытар жан­ның өмірі көпке үлгі, өнері жұртына мәлім. Саналы ғұмырын киелі сахнада өткерген сайыпқыран өнерсүйер елдің көңілінде мәңгіге қалары анық.