«Бұл – әлемнің жетекші университеттерінде қолданылатын «зертхана-аудитория-өндіріс» үшеуін бірыңғай жүйеге интеграциялау арқылы ғылымды дамытудың және кадр даярлаудың заманауи моделі. Осындай синергияның арқасында студенттер заманға сай білім алады. Ал ғылым талантты жас кадрлармен тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырады», деді А.Күрішбаев.
Сонымен қатар депутат өткен жылдың аяғында Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Шортандыда ғылыми қалашықтың әлеуметтік дамуын жақсартуға қатысты көшпелі отырыс өткізгенін атап өтті. Ақылбек Күрішбаев сол кезде көтерілген мәселелердің бір бөлігі бүгінде оң шешімін тапқанын да жеткізді. Атап айтқанда, ауылда жолдар күрделі жөндеуден өткізілді. Ғылыми қалашықта жарықтандыру жүргізілді және аудан әкімінің айтуынша, жақын арада ауыз сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады. Ал 2 жылдан кейін ауыл толығымен газдандырылады.
Сенат депутаты АӨК саласын әрі қарай өркендету үшін осы бағыттағы көшбасшы елдердің жетекші ғалым-шаруаларының қатысуымен заманауи зерттеу орталығын құру қажеттігін сөз етті. Оның құрамына Молекулярлық биология әдістерін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын жасау жөніндегі зертханалар, биотехнологиялар негізінде жануарлардың генетикалық қасиеттерін жақсарту жөніндегі қойма, агротехнологиялар жөніндегі қазіргі заманғы зерттеу базасы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау жөніндегі зертханалар және басқалар енгізілуі керек. Онда жетекші шетелдік және отандық ғалымдар жұмыс істеуге тиіс. Жас ғылыми кадрлар мен студенттердің тұрақты түрде тәжірибеден өтіп тұруына да жағдай жасалу қажет. Осылайша, Орталық өңірлік аграрлық ҒЗИ мен тәжірибелік шаруашылықтардың жұмысын жетілдіре түсуге мүмкіндік алады.
Ал сенатор Сәуле Айтпаева Ақмола облысына сапары барысында халықты сумен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы, санитарлық-эпидемиялық жағдай, вакцинация бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, дәрігер мамандармен және педагогтермен қамтамасыз ету және т. б. мәселелерді талқылады.
Жергілікті тұрғындар көтерген мәселелердің ішінде мемлекеттік интернет-порталдардың жұмысына қатысты болды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кейбір ауылдарда интернетке қол жеткізу қиын болып отыр. Сенатор жаңа оқу жылы басталардың алдында және жоспарланған халық санағын өткізу қарсаңында өткір мәселелерді барынша жедел шешу маңызды екенін атап өтті. С.Айтпаева қазіргі мәселелердің бір бөлігіне оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бірақ өзінің депутаттық қызметі барысында оларды түпкілікті шешуді көтеретінін атап өтті.
Сенатор облыстық прокуратура мен әділет департаментінің басшылығымен кездесуде құқық қорғау, прокуратура және сот органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігі мен жауапкершілік аймақтарын ажырату және қылмыстық процестің үш буынды үлгісін енгізу нәтижелерін талқылады. С.Айтпаева сонымен қатар облыс орталығындағы көшелерді жедел бақылау және құқықтық тәртіпті қорғайтын полицияның кешенді күштерінің жасақтарын басқару негізгі міндеті саналатын жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты.
Сенатор, сондай-ақ Жақсы ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысын көрді және дәрігерлерге арналып 2020 жылы салынған 8 пәтерлі тұрғын үйде болды.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»