Ресми дерекке сүйенсек, дәл қазір құрылыс пен өңдеуші өнеркәсіп экономикалық өсімнің басты драйвері болып тұр. Осы екі саланың ерекше қарқыны арқасында экономика бірінші жарты жылдықта 2,2 пайызға өскен. Соңғы уақытта көлік құрастыру саласы да экономиканың тың бағытына айналып, серпіліп келеді. Автомобиль өндірісі машина жасау саласының 31 пайызын меншіктеп тұрғаны да содан шығар.
Шілде айының өзінде ел аумағында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 8 құжатқа қол қойылған. Қостанайда Lada мен Renault автомобильдерін құрастыру басталып та кетті. Granta-ның шанағы сол жерде дәнекерленіп, боялады. АвтоБизнес қауымдастығының дерегінше, алты айда ел аумағында құрастырылған 39 795 көліктің 34 556-сы – жеңіл автомобиль, төрт мыңнан астамы жүк көліктері болса, 537-сі автобус екен. Бұдан бөлек, тіркеме, жартылай тіркеме және арнайы мамандандырылған техникалардың да үлесі артып келеді. Өндіріс көлемі 2020-ның алғашқы алты айынан 20,4 пайызға асып түскен.
Жарты жыл ішінде Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында 23 962 жеңіл автокөлік құрастырылған. Тағы 148,2 млрд теңгеге жүк көліктері мен автобустар шығарылыпты. Өсім 2020-мен салыстырғанда 41,6 пайызды құраған. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan жалпы сомасы 116,8 млрд теңгеге 12 319 жеңіл автокөлікті нарыққа шығарыпты. Елдегі автоөндіріс Алматы және Қостанаймен шектелмейді, әрине. Семейдегі «СемАЗ» (18,4 млрд теңгеге – 2113 техника), Daewoo Bus Kazakhstan (96 автобус), Көкшетаудағы «КамАЗ-Инжиниринг» (16,3 млрд теңгеге – 704 жүк көлігі) зауыттары да отандық автокөлік өндірісіне елеулі үлес қосуда.
Қазақстанда құрастырылған көліктер ішінде ең өтімді брендтердің көшін Chevrolet бастайды. Бұл марканың 15 мыңнан аса данасы сатылып кеткен. Одан кейінгі орындарда Hyundai (12 377), Kia (4 391), JAC (2 668) және GAZ (2 062) бар. Бұл көліктердің барлығын дерлік тек біздің отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де сатып алуда. Алғашқы алты айда экспорт деңгейі де 77 пайызға өсіпті. Hyundai, JAC, Chevrolet-ті негізінен Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғызстан көп сатып алған.