Науырзым ауданында биыл алпыс күннен артық жаңбыр жаумады. Табиғаты бірде шөл, бірде көл бола қалатын бұл өңірде дән егіп, диқаншылықпен айналысу үлкен тәуекелді талап етеді. Сондықтан бұл маңайдағы шаруалар жыл он екі ай күн қабағын бағып, табиғаттың тосын мінезімен аңдысып әдеттенген. Көктемде сәуірдің соңына қарай күн күрт ысып, жер ылғалы жіңішкере бастағанда-ақ тәжірибелі шаруалардың біразы ширақ қимылдап, тұқымының біраз бөлігін ерте сеуіп тастады. Өйткені ылғал кетіп қалса құрғақ топыраққа түскен дән қауызын аршып өне алмай сол күйі жер астында қалып қояды. Егіске ерте түскендердің егіні ерте пісті. Егін деген аты болмаса, биылғы астық көтерілмей қалды. Сондықтан өнімі де мардымсыз. Тіпті кейбір шағын шаруашылықтар үшін көктемде жерге түскен дәнді қайтарып алудың өзі қиын болып тұрған сыңайлы.
– Шаруалар тұқымды уақытында екті, егістіктер таза, арам шөп жоқ, бірақ жаңбыр болмады. Өткенде министрліктен, облыстан арнайы комиссия келіп, алқаптарды аралап, жағдайды көзбен көріп кетті. Жалпы, биыл аудан бойынша әр гектардан орташа есептегенде 3 центнерден өнім аламыз ба деген ой бар. Әлі де болса жаңбыр күтіп отырмыз. Өйткені мамырдың аяғында тұқымды кешірек сепкен шаруашылықтар бар. Олардың астығы әлі көктеу, пісіп үлгерген жоқ. Оның масағы толысу үшін жаңбыр керек. Қазірдің өзінде күн 34-35, кейде 38 градусқа дейін ыстық болып тұр. Біраз алқап күйіп кетті. Оған енді биыл комбайн кірмейді. Мұндай алқаптарға акт жасаймыз. Енді комиссия келіп кетті, өнім ала алмаған шаруашылықтарға қандай көмек көрсетіледі, ол жағын кейін шешеді ғой. Қазір диқандардың біразы арпасын орып жатыр. «Рассвет» ЖШС сияқты тұқымын сәуірдің аяғында еккен шаруашылықтар бидай жинауға кірісіп кетті. Қазір бір гектардан 4 центнерден алып жатыр. Биылғы ауа райының аса қолайсыз болғанын ескерсек, 4 центнер жаман көрсеткіш емес, – деді Науырзым ауданы әкімінің орынбасары Қабидолла Омаров.
Науырзым ауданына қарасты Раздольный ауылындағы жеке шаруа Николай Кредич еккен егінінің жартысына жуығы ала жаздай жаңбыр болмағандықтан шықпай қалғанын айтады. Сондықтан алқабы ала-құла.
– Бидайымның біразын кешірек ектім. Топырақта ылғал қалмағандықтан жартысы шығып, жартысы шықпай қалып отыр. Кейбір жерлерде бидай сабағының арасы бір метрге дейін жетеді. Алайда түк жоқ деуге болмайды, алқаптың бір бөлігі қазірше оруға ертерек. Биыл жалпы аудан бойынша жағдай мәз емес. Жылда жақсы өнім алатын шаруашылықтардың өзі биыл қысылып отыр, – деді шаруа.
Ал Өлеңді ауылының диқаны Дмитрий Исаев биыл көктемде мыңнан аса гектар жерге дән сіңірген. Биыл жаз бойы алқабының біраз жеріне көктен бір тамшы түспепті. Қазір арпасын орып жатыр.
– Кеше 80 гектардан 12 тонна арпа әкеліп төктік. Өнім әр гектарға шаққанда әрі кеткенде бір жарым центнерден келіп тұр. Яғни осыған жұмсаған жанармайымды да ақтамайды. Бидай ору жұмыстарын да бастадық. Кеш еккен жерлерге түк шықпай қалды. Кейбір клеткалар тап-тақыр. Ерте еккен жерлерде бидай бар болғанымен, сапасы өте төмен. Масақтағы дән екі-үшеуден ғана, кейде төртеуден кездесіп қалады. Бидайдың сабағы қылтиып шыққан соң, масақтың астыңғы бөлігіндегі 3-4 дән топырақтың астындағы ылғалдан нәр алып үлгереді, қалғаны жаңбырмен көгереді. Биыл масақтың түбіндегі 3-4 дәнді ғана жинап жатырмыз, қалғаны аптап ыстықта күйіп кетті. Масақтың көбінің ішінде дән жоқ, қуыс қауызы ғана тұр. Әрі кеткенде 3 центнерден өнім алатын шығармыз. Бұл көктемде алған несиені жабуға жетпейді. Сондықтан жоғарыдағы басшылар жағдайды ескеріп, мемлекеттік бағдарламаға қатысып жатқан шаруаларға биылша несие өтемін шегере тұру туралы шешім қабылдаса дұрыс болар еді. Биыл өте ыңғайсыз жыл болды. Мамыр айынан бері жаңбыр жаумай қойды. Қарамеңдіге жауады да, бізге жете бергенде бұлт ауып кетеді. Шөп те аз, сапасыз. Құрғақшылықтың зардабы оңай тимейін деп тұр. Су қоймалары кеуіп жатыр. Өлеңдіде құдықтағы судың деңгейі төмен түсіп кетті. Қайтіп қыстап шығарымыз белгісіз, – дейді шаруа.
Биыл Науырзым өңіріндегі егін алқаптарында сабан да болмайтын сияқты. Өйткені әбден кеуіп қалған бидай сабағы ап-аласа, биіктігі шамамен 30 см ғана болады. Сондықтан комбайнның артында сабан емес, қиқым аралас шаң қалып жатыр.
Жалпы, облыстың оңтүстік аудандарындағы тұрғындар саны жыл өткен сайын селдіреп, азайып бара жатқаны ақиқат. Соңғы кезде жабылып жатқан мектептер мен иесіз қаңырап қалған үйлердің де дені – осы аудандарда. Оңтүстіктен көпбалалы отбасыларды шақырып, тегін үй дайын тұр, алдыңа мал салып, жұмыс тауып береміз деп жар салып жатқан да – осы өңірлерде жартылай қаңырап тұрған ауылдар. Бұл өңірдегі шаруа қожалықтарының біразы қарапайым жұртқа лайықты жұмыс тауып беріп, елдің жағдайына қараспақ түгіл, банктен банкке борышкер болып, өз күнін өзі әрең көріп отыр.
Жалпы, облыс қамбасына құйылатын дәннің тоқсан пайызға жуығы топырағы құнарлы, бонитеті жоғары солтүстік аудандардағы астық алқаптарынан жиналады. Бұл өңірдегі диқандардың айтуынша, биыл астық түсімі жаман болмайды. Өйткені шілденің онынан бері қарай жиі жауа бастаған жаңбырдан кейін екі ай аптапқа қақталған астықты алқап та қайта көгеріп, жайқала бастаған.
Қостанай облысы