Өнер • 11 Тамыз, 2021

Біржан салдың «Айбозымы»

1212 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ өнерінің алыбы – Біржан сал бабамыздың асқақ «Айбозым» әнін жұртшылық жақсы біледі. Бұл әнді алғаш сахнада орындаған – дүлдүл әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қайрат Байбосынов. Біз бүгінгі әңгімемізде бір кездері ұмыт бола бастаған осы туындының қайта жарыққа шығуына себепкер болған бір оқиғаны баяндасақ дейміз. Оны бізге белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжол айтып берген еді.

Біржан салдың «Айбозымы»

– 1981 жылы Көкшетауға талантты композитор, өнертанушы, Ілия Жақанов ат басын бұрды. Оған себеп, 1982 жылы Біржан сал бабамыздың 150 жылдығы республика көлемінде тойланатын болып, соған орай Үкіметтің қаулысы шықты, – деп бастады сөзін ағамыз.

– Ілия ағамызды сыртынан біліп, әндерін тыңдағанмен, алғаш көргенім. Сабырлы, байсалды кісі екен. Сондай ардақты азаматтың Көкшетауға келуі үлкен бір оқиға секілді болды. Ағамыз ол кезде Қазақ ра­диосының музыкалық редак­циясын басқарады. Мен об­­лыс­­тық газеттің мәде­ниет, әде­­­­биет бөлімінің меңгеру­ші­сімін. Басылым редакторы, жазушы Жанайдар Мусин мені Іле­кеңнің қасына қосып берді. Сөйтіп, Ілия аға екеуміз алдымен Көкшетаудың өз басын­да тұратын бабамыздың туған келіні, Біржанның кіші баласы Қалкенің әйелі Рақия әже­міздің үйіне бардық. Бұл кісі редакцияның дәл іргесінде, Шол­пан деген қызының қолында тұрады. Күнде сол үйдің қасынан өткенде есік алдында отырғанын жиі көрем. Кейде амандасып өтемін. Бірақ әжеміздің Біржан салдың келіні екенінен хабарсызбын. Сол жылы жасы жетпіс бесті алқымдап қалған. Сөзі де, өзі де тың. Бабасы туралы біраз әңгіме айтты. Мен оны кейін «Біржанның бұрмалары» деген сериялық очеркімде жаздым.

 Әжеміздің жары Қалке отызыншы жылдары өмірден өтсе керек, ол әкесі Біржан қайтыс болғанда қырқынан енді шыққан сәби екен. Сонда Рақия әже Біржанның ұлы атасы – Ақсары Керей ішіндегі алпыс үйлі Бертіс әулетінің Қызылжардан Көк­шетау төңірегіне қоныс ауда­руының жай-жапсарын бізге былайша баяндап берді: «Бертіс атамыздың өзі де бес-алты ағайын­ды болып келеді... Аға-іні­ле­рінің біреуі би, енді бірі дін жолын ұстаған сопы, бір-екеуі тынышсыз, қамшыгер, сот­қар, бүлікші екен. Бертіс ба­уырларының ел арасына іріткі салған теріс қылығына ренжіп, сол себептен Көкшетауға көшіп келген екен»...Ол кезде мән бер­меппін, енді байыптасам, әже­міз атын атамай «енді бірі дін жолын ұстаған сопы» дегені Марал ишан екен. Керейдің Нұрымбет атасынан тарайтын Марал ишан ата қоныстан ығыстырып, тіршілік тынысын тарылтқан ақ патшаның отаршылдығына қарсы шығып, елді ғазауат күресіне көтереді. Әжеміз сол жолы атасы туралы көзкөргендерден естігендерін әңгімеледі. Біржан сал домбы­расын біреу шертіп қалса, біліп қойып: «Әй, Ақықжан, домбырамды біреу шертіп қойыпты» деп қайтадан құлақ күйін кел­тіріп алады. Әнші қайда сапар­лап барса да өзі жонып жасаған домбырасының тиегін бір уыс орамалға түйіп алып жүреді. Сондай-ақ Біржекең әнді бе­ріліп айтатыны соншалық, мол­дасоқыны төрден есікке, есіктен төрге отырады екен. Оны өзі байқамайды.

Одан кейінгі Ілия ағамызбен сапарымыз даңқты бабамыз туған қазіргі Біржан сал ауда­нында жал­ғасты. Өзім осы сапарда көп нәрсені көңіліме түйдім. Көкшенің баурайында өскеніммен Біржан салға қа­тысты біраз дүниені білмейді екем. Ілекең Алматыдан са­па­рының жоспары мен бағы­тын, әңгімелесетін адамдарын нақты белгілеп шығыпты.

Сол жылы бұрынғы Еңбек­шілдер ауданындағы Жөкей көлінің жиегіндегі «Казгородок» деген ауылда Шаймұқан Омаров деген ақсақал тұрды. Ол кісіге бізді Болат Бекенов деген мектеп директоры болып істейтін, зиялы азамат ертіп апарды. Ол – 1937-жылы ұсталып, жазықсыз атылып кеткен, қазақтың бір аяулы перзенті, жазушы Елжас Бекеновтің ұлы. Шаймұқан ақсақалдың үйіне келдік. Сол кезде ол кісінің жасы жетпісті жағалап қалса да санасы сергек, жады мықты. Қария бізді құрақ ұша қарсы алып, Біржан сал туралы арғы-бергі үлкендерден естігендері мен әндері жайында әңгімеледі. Әңгіме үстінде «Айбозым» әнін есіне түсіріп, ыңылдап айтып берді. Ілекең үл­кен олжаға кенелгеніне қуанып, әнді магнитофонына жазып алды.

Ілия ағамыз қариядан «Ай­бозым» әні қалай шықты, оны кімдер орындады – барлығын суырт­пақтап, егжей-тегжейлі сұ­рады. Шын мәнінде, бұған дейін Біржан салдың «Айбозым» деген әні бар екенін ешкім білген емес. Кезінде тұғырлы тұлға ту­ралы құнды мәліметтер берген Қарта, Есім Байболов деген қариялар да ешқандай дерек келтірмеген. Ал Ілекең оны қай­дан білді дегенде, осы әнді Шаймұқан қарттан он шақты жыл бұрын көкшетаулық журналист Әуез Өтеев жазып алған. Ол әннің таспасын Әбілғазы Боқанов деген бір зиялы жан кейінірек Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы Ілия Жақановқа әкеп береді. Бірақ әннің таспаға жазылу сапасы нашар болғандықтан, Ілия ағамыздың Шаймұқан ақсақалға арнайы келуінің себебі осы екен.

Шаймұқан қария бұл әнді Біржан салдың жанында жүрген Оспан деген әншінің қызы Кә­туден үйренген. Оспанның өзі ақсары, қағылез, жұқа кісі бол­ғанымен, ән айтқанда дауысы зор, үйдің төбе тақтайын тіліп жібере жаздайды екен. Қызы Кә­ту де әкесі секілді ғажайып әнші болған, бірақ ерте тұрмысқа шы­ғып, жастай өмірден өтеді.

Алматыға келгеннен кейін Ілекең: «Айбозым, айхой бозым, даңғыл бозым» деп басталатын әнге өзі қайырма жазып, Қай­рат Байбосыновқа орындауға беріп, эфирге шығарады. Осылай ұлы әншінің асқақ әні халқымен қайта қауышты. Айтпашқы, сол сапарда Ілия ағам екеуміз Шай­мұқан ақсақалды ортаға алып фотоға түстік, – деп сөзін түйін­деді ар­қалы ақын.