Спорт • 11 Тамыз, 2021

Токиода түгелдей дерлік ұтылдық. Неге?

411 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасында сүреңсіз өнер көрсетті. Оған ешкім дауласа қоймас деп ойлаймыз. Себебі Күншығыс еліне сапар шеккен 11 балуанның тек біреуінің ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Ол – Нұрислам Санаев. Ал қалғандары тегістей ұтылды. Шындықтың бетіне тура қарайтын болсақ, Санаев өз еліміздің төл түлегі емес, Ресейден келген легионер екені баршаға мәлім. Сол жақта күрес өнерінің қыр-сырына қанығып, мықты спортшы ретінде қалыптасты. Міне, осы жайттың өзі-ақ елімізде балуандық өнердің тұралап қалғанын байқатса керек.

Токиода түгелдей дерлік ұтылдық. Неге?

Әңгімемізді грек-рим кү­ре­сінен бастағанамыз жөн. Спорт­тың бұл түрінде жеңіспен өрілген бай дәстүріміз бар. КСРО дәуірінің өзінде біздің елден мықты ба­луандар көптеп шықты. Атап айтсақ, даңқы жер жарған Валерий Резанцев екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Бұл атаққа ол 1972 жылы Мюнхенде және 1976 жылы Монреальда қол жеткізді. Одан бұрын Анатолий Колесов пен Владимир Бакулин олжаға кенелді. Колесов 1964 жылы То­киода топ жарса, Бакулин 1968 жылы Мехикода күміс медальды мойнына ілді. Сондай-ақ Мюнхен Олим­пиадасында Анатолий На­­заренко күміске қол созса, Монреальда Анатолий Быков бас жүлдені қанжығасына байлады.

1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарында үш бірдей отандасымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын тұғырдан қол бұлғағанда, барша қазақ жұрты бөркін аспанға атып қуанды. Дәл сол жарыста Анатолий Быков екінші орынға табан тіреді. 1988 жылы Сеулде Дәулет Тұрлыханов күміспен күптелсе, 1992 жылы Барселонада қазақтың қайсар ұлы қола медаль­ды мойнында жарқыратты. Ба­йыптап қарасаңыздар, Кеңес Ода­ғы дәуірінде Қазақстанның ба­луандары 6 алтын, 4 күміс және 1 қола медальды олжалаған екен. Егер 1964-1992 жылдар ара­лығында алауы тұтанған Олим­пия ойындарында жерлестеріміз дербес мемлекеттің туы ас­тын­да өнер көрсеткенде, жалпы­ко­мандалық есепте төртінші орын­ға тұрақтайтын еді. Ал­дымызда тек КСРО, Мажарстан және Болгария құрамалары. Міне, Кеңес Одағы тұсында қазақстандық балуандар осындай орасан табысқа қол жеткізді.

Тәуелсіз елдің түлектері ре­тінде Қазақстан алғаш рет 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатысты. Сол жарыста Юрий Мель­ниченко теңдессіз деп та­нылды. Өкінішке қарай, сол кез­ден бері біздің балуандарға бас жүлде бірде-бір рет бұйырған жоқ. Десек те төртжылдықтың басты додасында Әнұранымыз шырқалмаса да, ара-тұра Туымыз көкте желбіреді. Тарқатып айтсақ, 2000 жылы Сиднейден қор­жы­нымыз бос қайтты. 2004 жылы Афи­нада Георгий Цурцумия фи­налда ұтылса, Мхитар Манукян үздік үштікті қорытындылады. 2008 жылы Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов қола ме­даль­д­ы иеленді. Арада біраз уа­қыт өткен соң біраз балуанға «до­пинг қолданды» деген айып та-ғ­ыл­­­ды. Соның салдарынан Әсет жүл­д­еден қағылса, Нұрбақыттың қоласы күміске алмастырылды. 2012 жылы Лондонда Даниял Гаджиев үшінші сатыға жайғасты. Бірақ ол да Қазақстанның тумасы емес. Дағыстанның Кизилюрт қаласында туып-өскен Даниял кезінде Ресейдің туы астында өнер көрсетті. Уақыт оза Қазақстанға қоныс аударып, белгілі бап­кер Марат Тұрлыхановтың жетек­шілігімен жаттықты.

2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері тегіс­тей ұтылды. Дәл сол жағдай биыл Токиода да қайталанды. Бірақ бұл жолы бұлай болмауы тиіс еді. Себебі елімізде күрес саласын басқарып отырған азаматтар та­рапынан осы бағытта көп жұ­мыс атқарылды. Ең бірінші кезекте, Олимпия ойындарының жол­дамасы таратылған екі бір­дей дүбірлі дода Қазақстанда ұйым­дастырылды. Бірақ біздің жігіт­тер өз мүмкіндіктерін ұтымды пай­­далана алған жоқ. Нұр-Сұл­танда жалауы желбіреген әлем чем­пионатында небәрі екі ли­цен­­зияға қол жеткізе алдық. Егер Олимпиада сайыстары алты сал­мақ дәрежесі бойынша өте­тінін ескерсек, бұл тым нашар көрсеткіш еді. Ол жолдамаларды – Мейрамбек Айнағұлов (60 кило) пен Асхат Ділмұхамедов (77 кило) иеленді. Екінші іріктеу турнирі Алматыда ұйымдастырылды. Бұл жолы тек Нұрсұлтан Тұрсыновтың (87 кило) бағы жанды. Өкінішке қарай, Мейіржан Шермаханбет (67 кило), Олжас Сырлыбай (87 кило) және Георгий Цурцумия (130 кило) өздеріне артылған се­нім­ді ақтай алмады.

Соңғы лицензиялық турнирдің шымылдығы Болгарияның бас шаһары – Софияда түрілді. Осы сынаққа қатысқан балуан­дары­мыздың үшеуі де елге еңсе­лері түсіп қайтты. Олар – Ал­мат Кебісбаев (67 кило), Олжас Сыр­­лыбай (87 кило) және Әлім­­хан Сыздықов (130 кило). Осы­лайша, Олимпия ойындарынада Қа­зақстанның үш-ақ балуаны күш сынасу құрметіне бөленді. Ұлттық құрама бапкерлері Мей­рам­бек Айнағұлов пен Нұр­сұлтан Тұрсыновты (87 кило) ко­ман­дада қалдырды да, Асхат Діл­мұ­ха­­медовті Демеу Жадыраевпен ал­мастыруды жөн көрді.

Жалпы, жолдамалар сарапқа салынатын жарыстар өтетін кездің өзінде-ақ «Кімдер ел намысын қор­ғауы тиіс?» деген мәселе тө­ңірегінде біраз әңгіме өрбіді. Мә­селен, Мейрамбектің орнына Айдас Сұлтанғали барғаны жөн дегендер болды. Сыр бойының өкілі 2018 жылы Будапештте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Мейіржан Шермаханбетті екі бірдей іріктеуге қосқанша Алмат Кебісбаевқа мүмкіндік беру керек еді деген әңгіме де шықты. Олжас Сырлыбайға қайта-қайта сенім артудың қажеті жоқ еді деп те айтылды.

Өкінішке қарай, ғаламдық додада белдескен үш балуанымыз да сенім үдесінен шыға ал­мады. Барлығы да алғашқы айна­лымда сүрінді. Айнағұлов қыр­ғызстандық Жоламан Шар­шенбековтен 0:8 есебімен ойсы­рай ұтылды. Жадыраев жапо­ниялық Шохей Ябикудің осал тұсын таба алмады – 3:5. Тұр­сынов германиялық Денис Куд­ладан тізе бүкті – 1:4. Біздің жігіт­терді жеңген балуандардың ешқайсысы финалға шыға алмады. Нәтижесінде, қазақстандық грек-рим күресі шеберлері жұбаныш бәсекелеріне де қатыса алмаған күйі елге еңселері түскен күйде оралды.

Әйелдер күресінен де үш отан­дасымыз жарыс көрігін қыз­дырды. Бірақ үшеуінің де қада­мы сәтсіз болды. Рио Олим­пиа­дасының қола жүлде­гері Элмира Сыздықова (76 кило) қырғызстандық Айпері Медет­қызына есе жіберді – 1:8. Нұр-Сұл­тандағы дүниежүзілік дода­да үшінші орынға табан тіре­ген Валентина Исламова (50 кило) тұсаукескер кездесуінде эквадорлық Лусия Гузман Перес­тен жеңілді. Талай ірі дүрмекте ысылған тәжірибелі Татьяна Ахметова (53 кило) да алғашқы айналымнан аса алмады. Ол поль­шалық Роксана Засинаға жол берді.

Еркін күрес шеберлері ара­сында Нұрислам Санаев (57 кило) қана сенім үдесінен шыға алды. Ресейдің Тыва Респуб­ликасында туып-өскен спорт­шы өзінің жанкештілігі мен та­бандылығының арқасында қола медальды мойнына ілді. Алғашқы айналымдарда Гвинея-Бисаудың өкілі Диамантино Юна Фафе мен жапониялық Юки Такахашиді тізе бүктірген Нұрислам жартылай финалда үндістандық Рави Кумардан біраз ұпай озып тұрды. Бірақ одан әріге оның әлі жетпеді. Кумар біздің жігіттің осал тұсын тауып кетті. Ал қола медаль үшін тартыста Нұрислам болгариялық Георгий Вангеловтен басым түсті.

Дәл ол белеске Дәулет Нияз­беков (65 кило) пен Данияр Қай­сановтың (74 кило) да иек ар­туына мүмкіндіктері болды. Бірақ шешуші тұста оларға табандылық жетпіспеді. Екеуі де қарсыластарынан ойсырай ұтылды. Дәулет ширек финалда әзербайжандық Гаджи Әлиев пен қола медаль үшін бәсекеде үндістандық Бажранг Бажрангтың алдында тым дәрменсіз көрінді. Данияр жартылай финалда ресейлік Зәуірбек Сидаковқа және үшінші орын үшін сайыста өзбекстандық Бекзод Абдурахмоновқа жарытып қар­сылық көрсете алмады. Сөз жоқ, олар мықты қарсыластарға тап болды. Десек те біздің жігіттер де осалдар санатынан емес еді ғой. Ниязбеков те, Қайсанов та құрлық біріншіліктерінде бірнеше мәрте дара шығып, әлем чемпионаттарында жеңіс тұ­ғырына көтерілген сақа спорт­шылар. Міне, осы жайттың бар­лығын ой елегінен өткізе оты­рып, қазақтың мақтаулы балуан­дарының Жапония төрін­дегі жігерсіздігіне күйіндік.

Аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмурзаевтың германиялық Геннадий Гудиновичті 10:2 есебімен ұтып жатып, «тушеге» түсіп қалғанын мүлде түсіне алмадық. Жерлесіміз тағы екі ұпай алғанда айқын басымдыққа ие болатын еді. Бірақ олай бол­мады. Сын сағатта Юсуптың жүй­кесі сыр беріп, қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды. Ал Ерғали Әлішерге (97 кило) еш өкпе айта алмаймыз. Тұсаукесер кездесуге Алжирдің апайтөсі шықпай қалып, екінші кезеңде түркиялық Сулейман Караденизбен айқасты. Бәсеке барысында қандасымыздың төрт ұпайға татитын әдісін төреші екі балмен ғана бағалады. Ол аздай, болмайтын жерде қарсыласына ұпай қосып берді. Соның сал­дарынан Караденизден 7:8 есе­бімен ұтылған Ерғали жарыс жолынан шығып қалды.

Жалпы, күрес түрлері бойын­ша қазақстандық балуандар сү­реңсіз нәтиже көрсетті. Еркін күрес шеберлерінің көрсеткішін «орташа» деп бағалауға болады. Өйткені олар бір қолаға қол жеткізіп, тағы екі балуан үшінші орын үшін таласты. Ал грек-рим күресі мен әйелдер күресі шеберлерінің нәтижесі еш сын көтермейді. Олардың барлығы да алғашқы кезеңнен кейін көрермендер қатарына қосылды. Бір айта кетерлігі, «классиктер» осымен үшінші Олимпиададан құралақан оралып отыр. Алғаш рет 2000 жылы Сиднейден қор­жынымыз бос қайтқан, одан кейін Рио-де-Жанейро мен Токиодо жер сипап қалдық. Бұл жағдай осы саланың тізгінін ұстап отырған азаматтарға ой салуы керек. Қазақстанның спорттық даңқын арттырған балуандық өнерде өте төмен деңгейге түскеніміз барша жанкүйерді күйіндірді. Мұны елдігімізге сын деуіміз керек.