30 Сәуір, 2010

ТОҚСАН ТАРАУ ТАЛАПТАРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН ОРТАЛЫҚ

829 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бүгінде биотехнология, имму­нохимия, иммунобиотехнология, инновация, нанотехнология деген сөздердің сөздік қолданысымызға енгеніне біраз уақыт болып қалды. Дегенмен, мағынасының бірін біліп, бірін біле бермейтін “таныс та бей­та­ныс” сөздер астарында тұтас ғы­лым жатқанын аңғарамыз. Жа­қында Үкімет басшысы Кәрім Мә­сімов жұмыс бабымен Білім және ғылым министрлігі ғылым коми­тетінің “Қазақстан Республикасы­ның ұлттық биотехнологиялар орталығы” РМК-де болған кезде, еліміздің жоғары технологиялық ғылыми дамуға зор көңіл бөліп, оның стратегиялық міндетке айналып отырғандығына тағы да бір рет көз жеткіздік. Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов микроорганизмдердің рес­публикалық коллекциясын қарап, биотехнологиялар және өсімдіктер селекциясы, иммунохимия және иммунобиотехнология лаборато­рия­ларының, сондай-ақ ұлттық биотехнологиялар орталығы ұжы­мы­ның соңғы 5 жылда жеткен не­гізгі ғылыми жетістіктері қойылған Ұжымдық пайдаланымдағы био­технологиялардың ұлттық ғылыми лабораториясының жұмысымен танысқан болатын. 1993 жылы Елбасы Жарлығы­мен Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы құрылды. Мақсаты – биотехно­логия саласы бойынша іргелі және қолданбалы ғылымды үйлестіру және жүзеге асыру. Әу баста ҰБО құрамына 3 еншілес мемлекеттік кәсіпорын мен Жамбыл облысы, Гвардейский ауылындағы “Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты” ЕМК, Алматы қаласындағы “Биология және өсімдіктер биотехнологиясы институты” ЕМК мен Астанадағы “Республикалық микроорганизмдер коллекциясы” ЕМК және Степно­гор қаласындағы ҰБО филиалы, “Биомедпрепарат” ғылыми-сарап­тамалық” ЖШС кірді. 2010 жыл­дың 1 наурызында Үкімет қаулысымен РМК санатындағы орталық құрамы өзгеріске ұшырап, қайта құрылған болатын. Нәти­жесінде, “Биологиялық зерттеулер орталығы” РМК-дан үш еншілес кәсіпорын өз алдына бөлініп шық­ты. Ал бүгінгі күні ҰБО құры­лымында Степногор қаласындағы ҰБО филиалы, Атырау филиалы, “Биомедпрепарат” ғылыми-сарап­тамалық орталығы” мен Алматыда­ғы өкілдігі бар. Орталықта 365-тен аса қызметкерден тұратын үлкен ұжым қызмет етуде. Оның 1-еуі ҰҒА академигі, 15-і ғылым докто­ры, 61-і ғылым кандидаты, 2-еуі PhD докторы екен. Биотехнологиялық орталықтың ғылыми-зерттеу қызметінде жеткен негізгі жетістіктері қандай? ҰБО өткен жылы 2009-2011 жылға арналған “Медицинада, ауыл шаруашылығында, қоршаған ортаны қорғау, тағамдық және қайта өңдеу өндірісінде гендік-инженерлік, жасушалық техноло­гияларды қол­дану және жасап шығару” атты ғылыми-техникалық бағдарламаны (ҒТБ) үйлестіріп, жүзеге асырды. Бағдарламаны қаржылық қолдау – 530,9 млн.теңгені құрайды. Осы қаржыға аталған салаларда бәсекеге қабілетті биотехнологиялық өнімді және оңтайлы ғылыми техно­логияларды жасап шығарып, оны қолданысқа енгізу мақсаты тұр. Медициналық биотехнология саласында құрт ауруы қоздыр­ғышы­ның мультирезистенттілігін, сүт безі қатерлі ісігін, В,С және G жұқпалы гепатит ауруларын, Эпштейн-Бара, адам папалломасы вирустарын, сонымен қатар мерезді геномдық технологияны қолдана отырып жедел анықтауға арналған тест жүйесі жасақталды. Ал орыс ғалымдары­мен біріге отырып, тұң­ғыш рет ішке қабылданатын адам­ның рекомбинантты эритропо­этинының түйірленген дәрі түрі жасалды. Бұл дәрі-дәрмек анемия­ның ауыр түрлерін емдеуге арнал­ған. Әсіресе, отадан енді шыққан ауруларға түйірленген дәрі өте қолайлы болып саналады. Эритро­поэтинге әлемде сұраныс өте жоға­ры, оның ры­ногы 8 млрд. доллар­ды құрайды. Ресей­дің бұл дәріге деген мұқтаждығы 200 млн. доллар болса, Қазақ­стан көрсеткіші 20 млн. доллар. Бү­гінгі күні жаңа дәрі клиникаға дейінгі сынақ­тан өтіп, кли­никалық зерттеу­лер­дің алғашқы фазасы басталды. Қызылша мен па­ротитқа қарсы егудің микрокапсу­лалы түрлері өмірге келді. Бұл вакцинаның артықшылығы қазіргі денсаулық сақтау саласында 9 айдан бастап салынатын екпені 5 айлық сәби кезінде дәрі түрінде ішке қабылдайтындығында болып отыр. Дәрі алдын алу шаралары­ның тиімділігін көтере түседі. Дәрінің клиникалық сынақтан өтуі биылға жоспарланып отыр. Соны­мен қатар, жаңа дәуірдің жараны тез жазатын дәрілері де жасалуда. Күйіктерді, трофикалық ойық жа­ра­ларды, инфаркт пен церебральды тро­мбозды жазуда бірден бір тиімді ем болып табылатын ангиогенин, эритропоэтин генетикалық инже­нерияда жоғары технологиялық әдістерді қолдану негізінде алынған. Ресей Ғылым академиясының Цитология және генетика инсти-тутымен біріге отырып, ауыр нау­қастарға терапевтік құрал ретінде діңгек жасушаларын қолданудың әдістемелік негіздерін жасап шығару жұмыстары жүргізілуде. Ал ветеринарлық биотехнология саласында ғалымдар соңғы жылдары 28 тест-жүйесі және 26 екпе түрін жасап шықты. Барлық дәрілерге де технология жасақ­талып, нормативтік-техникалық құжаттар бекітілді. Оған қоса ті­зімдік сынақ жүргізілді. Қазақ­станда құс тұмауына (H5N1) қарсы екпе жасалып, нәтижесінде әлемде бұл ауруға қарсы жеке өз дәрісі бар санаулы елдердің бірі атанды. 2008-2010 жылдары мемлекеттік тапсырыс бойынша 22,3 млн. данасы дайындалып, қажеттілікті толықтай өтеді. Биотехнологиялық әдістемені қолдану негізінде бидайдың “Ми­рас”, “Надежда”, “Әлем” және “Бәйтерек” атты жоғары өнімді 4 түрі ойлап шығарылды. Жаңа бидай түрлерінің бойында түрлі ауруларға және шөлге төзімділік қасиеті бар. Олар Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыста­рына аудандастырылды. Бүгінгі күні еліміздің басқа өңірлерінде жазғы жұмсақ бидайдың жаңа 5 түрі мемлекеттік түр сынағынан өтуде. Солардың ішінде “Раминал” жұмсақ бидайы өзінің жоғары өнімділігімен қоса, сары және қоңыр татқа төзімді болып келеді. Жаңа түрдің әлеуетті түсімі, шығымы гектарына 92 центнерге тең, ал құрамындағы шикізаттық протеині 17 пайыз. Сондай-ақ, “Бақанас” және “Мәдина” атты күріштің жаңа түрлері жасалды. Олар аталмыш дәнді дақылдың алдыңғы түрлеріне қарағанда сапасы мен шығымы мол болып есептеледі. Күріштің бұл түрлері өткен жылы Алматы облысында орналасқан “Агрофирма Бірлік” ЖШС базасында 5 000 гектарға егілсе, биылғы 2010 жылы 10 000 гектар аумаққа себілмек. Ал Қарағанды облысындағы Абай ауданында “Астра-Агро” ЖШС тұқым өндіруші шаруа­шылығына вируссыз миниклубтар негізінде вируссыз картоп алудың технологиясы енгізілді. Үш жыл бойы шаруашылықта вируссыз картопты өсіріп-көбейту, жылы­жайда және арнайы орындарда өсіретін өсімдіктерді өсіру жұмыстары жүргізілді. 2008 жылы осы технология бойынша 5000 тонна тұқымдық картоп өсірілді. Қазіргі таңда “Астра-Агро” ЖШС-ге элиталы тұқым өндіруші шаруа­шылығы дәрежесі беріліп, осы картоп түрі Ақмола облы­сында өсірілуде. Өнім түрлерін ғана көбейтіп қоймай, олардың өсуін тежейтін зиянкестерден қорғау да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, колорада қоңызына, өрмекші және құрт-құмырсқаларға қарсы “Аспорогенді биотурин”, “Битокситурин” дәрі-дәрмектері ойлап табылды. Бүгінде олар шаруашылықта өз қолданысын табуда. Ал “Нитрагин” дәрісі бойынша тәжірибелік-өндірістік регламент жасақталып, оған инновациялық патент алынды. Құрғақ және сулы биологиялық дәрі-дәрмекке жататын “Нит­рагин” бұршақ тұқымдас өсімдік­тердің өнімділігін жоғарылататын қасиетке ие. Оған қоса, тағамдық өндіріс салаларының түрлеріне қоспалар мен табиғи қосындылар алудың қалдықсыз технологиясы дайындалды. 2009 жылы “Еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін одан әрі бекіту мақсатында ауылшаруа­шылық өнімдерінің жаңа жоғары өнімді түрлерін жедел жасаудың молекулалық-генетикалық және биоинженерлік әдістемесін жасап шығару, сондай-ақ оны селекция­лық тәжірибеге ендіру” бағдар­ламасы 80 млн.теңгеге бағаланса, құны 120 млн.теңге болатын “Қа­зақстан Республикасында гендік модификацияланған нысандардың айналымын мемлекеттік реттеуді ғылыми-техникалық түрде қамта­масыз ету” бағдарламалары жүзеге асуда. Ал “Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау үшін А /H5N1 тұмауына қарсы екпе дайындау” ҒТБ-ға 208,6 млн.теңге бөлінді. Бұл бағдар­ламалар аясында еліміздің биоло­гия­лық ғылым саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін жоғарыда атап өттік. Ғылым саласында жаңалықтар ашылып, жаңа технологиялар ойлап табыл­ғанын ескерсек бұл тек еліміз игілігіне ғана емес, сонымен қатар адамзат игілігіне жатпайтыны дау­сыз деп ойлаймыз. Ал ғалым­дар­дың суырмасында немесе ойла­рында жатқан тың ойлар қаншама десеңізші. Мемлекет тарапынан ҰБО-ға жасалып отырған қамқор­лық олардың да жүзеге асуына мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Нәтижені түпкі мүддемен байла­ныс­тыру жөнінде айтқан Үкімет басшысының тапсырмасы орынды-ақ. Инновациялар да, қазақстан­дық мазмұн да, ғылымды дамыту да бір арнада тоғысатын болғандықтан ҰБО-дан күтер үміт мол. Венера ТҮГЕЛБАЙ.