Аймақтар • 11 Тамыз, 2021

Алматыдағы барлық білім беру мекемелері Ashyq-қа қосылды

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы мектептер мен балабақшалар Ashyq жобасына 100% қосылды. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыдағы барлық білім беру мекемелері Ashyq-қа қосылды

«Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде қала әкімі қаладағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. 10 тамыз күні мегаполисте 1 493 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде 1 397 жағдай симптомды. Анықталмаған пневмония – 7 жағдай. Тәуліктік өсім - 1,2%. Репродуктивті саны – 1,010.

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес медициналық қарсы көрсеткіштері барларды қоспағанда, мұғалімдер мен техникалық персоналды 100% вакциналау 25 тамызға дейін жүргізілуі тиіс.

Бұл ретте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ата-аналар да балаларының қауіпсіздігін ойлап, екпе салдыратынына сенімді.

Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарымен бірге мектептердің дайындығы тексеріліп жатыр.

20 тамызға дейін кварцтендіру, дезинфекциялау, маска режимі мен күнделікті термометриядан тұратын санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеру аяқталуы тиіс.

Мектептер мен балабақшалар Ashyq жобасына 100% қосылған және 1 қыркүйектен бастап жүйеде жұмыс жасауға дайын.

Жүйе барлық оқу орындарында енгізілген, мұғалімдер, қызметкерлер және ата-аналарға осы жүйе бойынша ішке ене алады.

Алматы қаласының білім беру жүйесінің қызметкерлері, оның ішінде білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы, «Алматы дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау мен қолдау орталығы, қалалық дене шынықтыру мен спорттың оқу-тәжірибелік орталығы, мемлекеттік балабақшалар мен мектептер, колледждер, интернаттар, қосымша білім беру ұйымдары 100% вакциналанған. Бұл ұйымдарда барлығы 36 825 адам жұмыс істейді, 32 113 адам вакциналауға жатады.

Сондай-ақ, жеке балабақшалардың ұжымдары - 100%, жекеменшік мектептер - 85%, қосымша білім беретін жеке ұйымдар 58% екпе салдырған.