Алқоғамдық көліктер демалыс күндері де жүреберетін болды. Өңірде эпидемиялық ахуал күрделі болып тұрғанына қарамастан, облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Владимир Нечитайло бұрынғы қаулыға карантин талаптарын жеңілдету туралы бірқатар өзгертулер енгізді.
Сонымен, 12 тамыздан бастап «Ашық» қосымшасын қолданатын қоғамдық тамақтану орындарына күн сайын таңғы 7.00-ден 2:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қостанайлықтарды қуантқан тағы бір жағымды жаңалық, демалыс күндері қоғамдық көліктер тоқтамайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпошта» бөлімшелері де шектеусіз жұмыс істейтін болады.
«Ашық» жобасына қатысатын ашық базарлар сенбі, жексенбі күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін ашық тұрады. «Ашығы» бар бассейн, сауна, термопарк және фитнес-орталықтары қалыпты кесте бойынша жұмыс істейді, алайда аквапарктерге тұрғындарды қабылдауға тыйым салынған.
Сондай-ақ, сауда орталықтары да «Ашық» қосымшасын пайдаланған жағдайда күнұзақ қалыпты кесте бойынша жұмыс істей береді. Мұндай жеңілдік ойын-сауық орындарына да беріліп отыр. Басты шарт – бәрі «Ашық» қосымшасы арқылы келушілердің мәртебесін тексеріп отыруы керек. Мәселен, «Ашық» орнатқан боулинг-клуб, караоке, бильярд залдары сағат 12:00-ден түн жарымға дейін жұмыс істей алады.
Алайда бизнес-нысандардың көпшілігіне беріліп жатқан мүмкіндіктен азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасымен айналысатын шағын дүкендер қағылып қалып отыр. Олар бұрынғыша 18:00-ге дейін ғана жұмыс істей алады.