JANARU деп айдар тағылған жоба төрт бағыт негізінде жүзеге аспақ. Онлайн платформа игілігін толық пайдаланған талапкерлер SMM, Web-дизайн, менеджмент және Soft-skills қабілеттерін игеріп шыға алады.
Қазақстан жастары конгресі қолға алып отырған жоба платформасында (janaru.jascongress.kz) аталған төрт бағыт бойынша курстар жинақталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба өзекті мамандықтар мен қабілеттерді игеруге көмектеседі. Атап айтар болсақ, SMM бағыты бойынша – Мобилограф, Пикчер жұмысын; WEB бағыты бойынша – Python бағдарламалау, UI/UX дизайн, Landing сайттарын құру және Motion design жұмысын; менеджемент бағыты бойынша іс қағаздарын жүргізу, сандық этикетті меңгеріп шығуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ төртінші курс түрі – «Дағдыларды дамыту» аясында қатысушылар көпшілік алдында сөйлеу мен дизайн-ойлау тұрғысынан жаңа қабілеттерге ие болады.
Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен Қазақстан жастар Конгресі жүзеге асырып отыр. Осы арқылы жастардың тың дағдыларды игеруіне жол ашатын қолжетімді алаң құруды көздейді. Жобаға қатысқысы келген адам жастар конгресінің сайтында тіркеліп, барлық блок бойынша сабақтарды тегін оқуға мүмкіндік алады. Қатысушының өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сабақтарды оқуына болады. Талапкер тек бір бағытты оқыса да болады. Бәрін де қамтып, бүкіл курсқа қатысамын деген адамға да еш кедергі жоқ.
«SMM-ді оқу арқылы сіз таргетті қалай дұрыс құруды, мәтінді дұрыс жазуды, фото мен бейнежазбаға түсіре алуды, копирайтерлікті үйрене аласыз. SMM – қазіргі сәтте ең бір өзекті құралға айналып отыр. Олардың қызметіне мемлекеттік мекемелер де, жеке ұйымдар да мұқтаж болып отыр. Осы саланы терең білетін адамды жұмысқа алу арқылы өз қызметтерін күшейткісі келеді. Ал WEB блогындағы курстарға қатысу арқылы сайт жасауды үйренесіз. Бәлкім жеке сайтыңызды ашасыз, бәлкім жеке компанияға сайт жасап бересіз», дейді жоба үйлестірушісі.
Өзін-өзі дамытуға арналған және қазіргі заманға сай кәсіп, мамандық, дағдылармен танысуға арналған JANARU жобасының онлайн алаңында 25 бейнежазба бар. Әзірге бейне-сабақтардың барлығы орысша түсірілген. Үйлестірушілер мұны қазақ тіліндегі мамандар тапшылығымен түсіндіреді. Егер осы жолы талапкерлердің ынта-ықыласы жоғары болса, келесі кезектегі сабақтар қазақ тілінде ұсынылмақ. Жобаға қатысты жаңалықтар мен өзгерістерді @janaru.kz инстаграм парақшасынан бақылап отыруға болады.