Спорт • 12 Тамыз, 2021

Шацкий «Шахтерді» плей-оффқа шығарды

135 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Конференция лигасының үшінші айналымына жолдама алып, кішігірім сенсация жасаған Қарағандының «Шахтері», әне-міне дегенше аталған турнирдің плей-офф сатысына да шықты. Ереванда өткен екінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуінде «кеншілер» командасы Румынияның атақты «Стяуа» клубын пенальти сериясында жарыстан шығарып жіберсе, күні кеше дәл сондай жағдаймен Украинаның «Колосын» ұтты.

Шацкий «Шахтерді»  плей-оффқа шығарды

Қазақстандық командалар ара­сында ең бірінші болып Еуро­кубок ойындарының топтық кезеңіне шыққан «Шахтер» араға жеті жыл салып сол жетістігін қайталауға жақын тұр. 2012 жылы ел чемпионы атанып, бір жылдан кейін Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған қарағандылықтар 2013/14 жылғы Еуродода бәсекесінде жақ­сы нәтижеге қол жеткізгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Кейін­нен құлдилау кезеңін бас­тан өткерген «кеншілер» былтырдан бастап өз қолдаушыларын тәуір ойынымен қуантып ке­леді. Дегенмен командаға әлі де тұрақтылық жетіспейді. Ел біріншілігінде ала-құла ойын көрсетіп жүрген қарағандылықтар қазіргі таңда турнир кестесінде 19 ұпаймен 11-орында тұр. Десе де «Шахтердің» Конференция лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетуі – клуб үшін тамаша нәтиже. Әрине, қарағандылық клуб бұл нәтижемен шектеліп қал­май, топтық кезеңге де шы­ғады деген үміттеміз.

«Шахтердің» үшінші ке­зең­дегі қарсыласы Румынияның «Стяуасы» сияқты тәжірибелі ко­манда болмаса да, өз елінде тәуір ұжым саналады. Киев облысындағы шағын ғана Ковалёвка ауылының командасы 2012 жылы құрылып, 2019/2020 жылғы маусымнан бастап Украи­наның Премьер-лигасында өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда Украина біріншілігінде 4-орынға тұрақтап, бірден Конференция лигасының үшінші кезеңіне жолдама алған еді.

Екі команда арасындағы бі­рінші кездесу Украинадағы 5 мың жанкүйерге шақталған «Колос» стадионында өтіп, 0:0 есебімен тең аяқталғаны белгілі. «Астана Аренадағы» қарымта кездесуде де командалардың күштері тең болды. Айтпақшы, «Шахтер» де «Тобыл» сияқты өз алаңындағы Еурокубок матчтарын елордада өт­­кізуге мәжбүр. Өйткені Қара­­ған­­дының орталық стадионы УЕФА сер­тификаттауынан өткен жоқ.

90 минут бойы командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмаған соң, ойын экстра-таймға ұласты. 15 минуттан екі тайм ойнаған футболшылар бұл уа­қытта да гол соға алмады. Негізі 120 минутта екі ұжымда да гол соғатын бірнеше мүмкіндік бол­ған еді. Алайда шабуылшылар оң­тайлы сәтте мүлт кетіп жатты. Сөйтіп негізгі және қосымша уа­қыттарда жеңімпаз команда анықталмаған соң, футболшылар пенальти тебуге кірісті.

«Стяуамен» өткен Ереван­дағы матчта қақпашы Игорь Шацкийдің тамаша ойнағаны есімізде. Бұл жолғы 11 метрлік «лотереяда» да Шацкий үш соқ­қыны қайтарып, командасын ке­лесі кезеңге алып шықты. Сөй­тіп «Шахтер» қазақ­стандық командалар арасында бірінші болып Конференция ли­гасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Ал «Колос» қатарынан екінші жыл Еурокубок бәсекесін үшінші іріктеу кезеңінен аяқтауға мәж­бүр болды. Олар былтырғы Еу­ропа лигасының үшінші айналымында Хорватияның «Риека» командасынан жеңіліп, жарыстан ерте шығып қалған еді. Енді, міне, биыл қазақстандық командадан айласын асыра алмады.

Енді «Шахтерді» алда тағы екі маңызды ойын күтіп тұр. Қа­зірше жерлестеріміздің плей-офф сатысындағы қарсыласы анық­­талған жоқ. Бірақ «кен­ші­лерге» соңғы айналымда Сло­ва­­кия­ның «Спартак» немесе Израиль­дің «Маккаби» клубының бірі қарсылас атануы тиіс. Екі ұжым арасындағы алғашқы ойын Словакияда өтіп, матч 0:0 есе­бімен аяқталды. Қарымта матч 12 тамызда Израильде өтеді.