76 жылдық тарихы бар әйгілі жарыстың ұйымдастырушылары биылғы бәсекенің кестесіне аздаған өзгеріс енгізген екен. 2021 жылғы «Испания Вуэльтасы» 800 жылдық тарихы бар Бургос шіркеуінен басталып, Сантьяго-де-Компостела қаласында орналасқан «Әулие Иаковтың жолы» деп аталатын Еуропадағы ең әйгілі тарихи мекенде өз мәресіне жетеді. Испаниядағы осы екі ұлы тарихи жердің құрметіне биылғы «Вуэльта-2021» веложарысының финалы әдеттегідей Мадридте емес, Сантьяго-де-Компостела қаласында өтеді.
Үш аптаға созылатын жарыстың бірінші жеті күнінде велошабандоздар Бургас қаласынан жолға шығып, Испанияның орталығына және Жерорта теңізінің жағалауына қарай жүре отырып, елдің оңтүстік аймағындағы Мурсия қаласына бет алады. Екінші аптадағы жарыс күні Андалусияда басталып, спортшылар солтүстікке жол тартады. Ал «Испания Вуэльтасының» соңғы аптасы Бискай шығанағының жағалауында өтеді. Велошабандоздар әрі қарай батысқа, яғни Атлант мұхитының жағалауына қарай жүреді. Сондай-ақ биылғы Гранд-турдың бұған дейінгі жарыстардан тағы бір ерекшелігі, бірінші кезең жекелей сайыспен басталып, 5 қыркүйекте дәл осындай спринтерлердің бәсекесімен аяқталады.
Үш аптаға созылатын 21 кезеңде велоспортшылар барлығы – 3 417,7 шақырым жол жүреді. Сондай-ақ спортшыларға жарыс барысында тынығып, қосымша күш жинап алу үшін әр аптаның соңында бір-бір күннен демалыс беріледі.
Былтырғы жарысты жалпыкомандалық есепте үшінші орында аяқтап, бір кезеңде (Ион Исагирре, 6-кезең) жеңіске жеткен Astana – Premier Tech командасы өкілдері осы маусымда да жалпы есепте болсын, жекелеген кезеңде болсын жеңіске жетуді көздейді. Және биыл соған сай мықты шабандоздардан құралған құраммен қатыспақ.
«Испания Вуэльтасы-2021» Гранд-турында «Астана» велокомандасының бір топ испаниялық велошабандозы өнер көрсетеді. Атап айтар болсақ, Алекс Аранбуру, Омар Фраиле, Йон Исагирре, Горка Исагирре, Оскар Родригес, Луис Леон Санчес және Александр Власов (Ресей) пен қазақстандық Юрий Натаров бас жүлде үшін бақ сынап көреді. Әрине, жанкүйерлер де, клуб басшылығы да бұл құраммен жарыстың көшін бастау оңай емес екенін жақсы түсінеді. Әйткенмен қазақстандық-канадалық команда «Вуэльтада» кезең жеңімпазы атану үшін бар күшін салатыны анық.
Жуырда ғана мәресіне жеткен «Джиро д’Италия-2021» велододасының бас классификациясында төртінші нәтиже көрсеткен Александр Власов биылғы «Вуэльтада» команда көшбасшысы болып, жалпы есепте жоғары орындар үшін таласады. Оған Йон мен Горка Исагирре, Луис Леон Санчес, Омар Фраиле, Оскар Родригес, Алекс Аранбуру және Гранд-турдағы дебютін асыға күтіп жүрген қазақстандық жас шабандоз Юрий Натаров көмектеседі.
«Біз Испанияға мықты құраммен аттанып барамыз. Александр Власов біздің көшбасшымыз болады және ол «Вуэльтадағы» былтырғы нәтижесін жақсартады деп үміттенеміз. А.Власов қазір нағыз бабында. Біздің велошабандоздар құрамында алты испаниялық бар. Сондықтан олар да өз елінде өтетін жарыстың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Йон, Горка, Луис Леон, Алекс, Омар және Оскар Власовқа шешуші кезеңдерде көмектеседі. Бірақ олар жекелей кезеңдерде де бағын сынап көреді. 24 жастағы Юрий Натаров «Вуэльтада», жалпы алғанда Гранд-турда дебют жасауға дайындалып жатыр. Ол осындай ірі жарыстарға қатысу арқылы тәжірибе жинақтап, кәсіби велошабандоз ретінде дами түседі», деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.
Бүгінге дейін «Испания Вуэльтасында» талай мықты велошабандоздың өнер көрсеткені белгілі. Осы додада қатарынан екі жыл (2019, 2020) жалпы есепте көш бастап, қызыл жейдені ешкімге бермеген словениялық Примож Роглич (Team Jumbo-Visma) биыл да үздіктер қатарынан көрінуге ниетті. Сондай-ақ биылғы жарыстан өзге де атақты велошабандоздар тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, 2019 жылғы «Джиро д’Италия» Гранд-турының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының чемпионы эквадорлық Ричард Карапас (Ineos Grenadiers), биылғы «Джиро д’Италия-2021» додасының бас жүлдесін олжалаған эквадорлық Эган Берналь (Ineos Grenadiers), британиялық Хью Карти (EF Education – Nippo), испаниялық Микель Ланда (Bahrain-Victorious) және тағы басқа танымал велошабандоздар жарыс көрігін қыздырмақ.