Аймақтар • 12 Тамыз, 2021

Қарағанды облысында коронавирус жұқтырғандар көбейді

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауыр халде ауруханаларға түсіп жатқандар саны күн өткен көбейіп келеді. Мұндай мәлімдемені облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында коронавирус жұқтырғандар көбейді

Өңірдің бас дәрігері жағдайдың бұлайша қалыптасуының бірқатар себептерін атап көрсетті.

«Өкінішке қарай, соңғы уақытта бізде ауыр науқастардың жұқпалы аурулар ауруханаларына түсуі жиілеп кетті.

Ықтимал байланыстарды талдау кезінде науқастардың Бурабай, Баянауыл, Балқаш сияқты жерлердегі демалыс орындарынан келгені немесе түрлі мерекелік отырыстарда  болғаны анықталды. Бұдан бөлек, науқастардың көбі ауырғанын сезінгенмен, ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбей жүріп алады. Ауруханаға тыныс алу жеткіліксіздігі, әлсіздік, айқын интоксикация өршіген кезде ғана келеді», деді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта облыстағы инфекциялық төсектердің 52,7%-ы бос емес екен. Стационарларда жаман тұмаумен ауыратын үш мыңға жуық науқас емделуде. Жансақтау бөлімшелеріндегі 163 ауыр науқастың 45-і өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына қосылған.

Індеттің өршуіне байланысты, кеншілер астанасында медициналық көмек көрсету үшін қосымша 380 төсек-орын ашылды. Қала бойынша жалпы қуаттылық 2 971 төсек-орынға дейін ұлғайтылған, оның 58%-ы қазір жұмыс істеп тұр.

Гамаль Тоқсамбаев жедел медициналық жәрдем бригадаларының санын арттыруға мәжбүр болып отырғандарын атап өтті. Неге десеңіз, соңғы кездері тұрғындар тарапынан шақырулар тым жиілеп кеткен. Қазір жедел медициналық көмектің 105 бригадасы халыққа қызмет көрсетіп жүр.

«Қажеттілік болса, тағы 20 бригаданы желіге шығара аламыз», деді ведомство басшысы.

Өкініштісі сол, қазір кейбір тұрғындар коронавирус инфекциясының алғашқы белгілері пайда бола бастағанда бірден медициналық көмекке жүгінбей, өздері үйде өз беттерімен емделіп, ауруды асқындырып алады екен. Бұған қоса, тұрғындардың вакцина салдыруға салдыр-салақ қарауы да жағдайдың күрделен түсуіне зардабын тигізіп жатыр.

Брифинг барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы пандемиямен күресудің ең тиімді амалы – вакцина алу екенін жұрттың есіне тағы бір мәрте салды

Еске салар болсақ, Қарағанды облысында пандемия басталғаннан бері 70 мыңға жуық адамның жаман тұмаумен ауырғаны ресми тіркелген. Оның ішінде науқастардың 79%-ы жазылып шықты. Ал өткен тәулікте облыстың 1127 тұрғынының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Аталған сырқаттан 835 адам сауығып шыққан.