Саясат • 13 Тамыз, 2021

Жұмысшылардың талаптары қанағаттандырылды

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«М-Техсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Маңғыстау филиалындағы еңбек дауын қарау бойынша еңбек арбитражы өз жұмысын аяқтады. Жұмысшылардың талабы орындалды. Олар өз жұмыс орындарына оралды.

Жұмысшылардың талаптары қанағаттандырылды

 Тарата айтар болсақ, 2021 жылдың 10 та­мызында жергілікті уақыт бойынша 00.40-та Жетібай мен Бозашы кен орын­­дарында ауысым жұмысшылары кә­сіп­орын басшылығынан жалақыны және басқа да ынталандыру төлемдерін көте­ру­ді талап етіп, жұмысты тоқтатқан бола­тын.

«М-Техсервис» ЖШС-нің Маң­ғыстау филиалы – Маңғыстау облысы аумағында ұңғымаларды жөндеу және күрделі жөндеу бойынша іс-шара­ларды жүзеге асыратын кәсіпорын. Жұ­мысшылардың орташа жалақысы – 158 мыңнан 315 мың теңге аралығында.

Айта кетерлігі, бұған дейін 19 және 26 шілдеде мұнайшылар компания басшылығына материалдық төлемдерді ұл­ғайту туралы бірқатар талабы көр­се­тілген ұжымдық хатпен жүгінген-тін.

27 шілдеде құрылған келісім комис­сиясы шеңберінде тараптар жұмысшы­лардың талаптарын толық орындау бо­йынша өзара келісімге келмеді.

10 тамызда жұмыс тоқтатылған сәтте әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізу үшін кен орнына YNTYMAQ салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков, Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы, сондай-ақ Маң­ғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері мен «М-Техсервис» ЖШС Маң­ғыстау филиалының басшылығы келді.

Еңбек дауын шешу үшін процедураға сәйкес еңбек арбитражы құрылды. Оны YNTYMAQ кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков басқарды. Маң­ғыстау облысы кәсіподақтар орталы­ғы­ның төрағасы Шадрах Ермекбайұлы келіс­сөздер процесінің бақылаушысы болды.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар ымыраға келді. Еңбек арбитражы жұ­мыс­шылардың талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды.

«2021 жылдың 1 тамызынан бас­тап «М-Техсервис» ЖШС Маңғыстау фили­алы қызметкерлерінің жалақысы 50 па­йызға көтерілсін; Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тәуелсіздік күніне дейін барлық қызметкерге 20 АЕК мөл­шерінде біржолғы сыйақы төленсін; Мұ­найшылар күніне және Наурыз мере­ке­сіне сыйақы 10 АЕК -тен 20 АЕК-ке дейін ұлғайтылсын», деп көрсетілген еңбек арбитражы хаттамасының мәтінінде.

Сонымен қатар тараптар еңбек арби­тра­жының шешімі орындалған күннен бас­­тап үш жыл ішінде кен орнында еңбек дау­ларына мораторий енгізуге уағда­ласты.

Еңбек арбитражының шешіміне сәй­кес жұмысшылардың ереуілі тоқтатылды.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодек­сінің 166-бабына сәйкес еңбек арби­тражының шешімі ұжымдық еңбек дауы тараптары үшін міндетті болып табылатынын атап өткен жөн.

«Келіссөздер арқылы ғана ымыраға келуге болады. Кәсіподақтар Федерациясы өкілдерінің келіссөз процестеріне қатысу тәжірибесі, егер кәсіпорында кәсіподақ ұйымы болса, күрделі еңбек даулары жедел түрде еңбек ұжымы жұмысшыларының пайдасына шешіледі деп айтуға болады», дейді Қайрақбай Жаңабеков.

Естеріңізге сала кетейік, YNTYMAQ салалық кәсіподағы мен Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының белсен­ді қатысуымен биылғы 6 және 9 тамызда Жаңаөзендегі «ТрубРемОрталық» ЖШС мен «Өзенпромгеофизика» АҚ-тағы еңбек даулары шешілді. Екі компания­да да келісім комиссиясы шеңберінде жүр­гі­зілген келіссөздер нәтижесінде жұмыс­шы­лардың ұжымдық талаптары қанағат­тан­дырылды.

Жыл басынан бері Қазақстан Кәсіп­одақтар федерациясына мүше ұйым­дар­дың қатысуымен қазақстандық кәсіп­орындарда 50-ден астам еңбек дауы ше­шімін тапты. Олардың басым бөлігі елі­міздің батыс аймақтарында тіркелген.